Алматы облысында Қонаев ескерткішін орнату жұмыстары тоқтатылды

Алматы облысының Мәдениет басқармасы Қазақ КСР Компартиясы ОК бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев ескірткішін орнату жұмыстарын тоқтатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ескерткіштің рұқсат құжаттарынсыз орнатыла бастағаны белгілі болған. Енді авторлар жобаны комиссия алдында қайта қорғауы керек екен.

"2020 жылдың 15 қазанында Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың ескерткішін орнату жөніндегі барлық тиіс құжатты тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиясы қарап, ол мақұлданды. Содан кейін құжаттар Нұр-Сұлтан қаласына монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі Қазақстанның мемлекеттік комиссиясының қарауына жіберілді.

20 қазанда әлеуметтік желілерде мемлекеттік комиссияның шешімін күтпестен Қонаевқа ескерткіш орнатыла бастағаны белгілі болды.

21 қазанда жұмыс тобы құрылып, заңбұзушылықтарды анықтау үшін Балқаш ауданына барды. Барлық жауапты тұлғаны, соның ішінде мүсіншіні жинап, жұмыс тобы ескерткішті орнату бойынша барлық құрылыс жұмысын тоқтатты, сондай-ақ ескерткіш бойынша барлық ескертуді екі апта мерзімде жоюға нұсқау берілді.

Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі Қазақстанның мемлекеттік комиссиясы осы ескерткіштің барлық құжатын қарамады. Өз кезегінде Балқаш ауданының әкімдігі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссияның қарауына құжаттар мен эскиздік жобаларды қайта ұсынуы керек", - деді Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасындағылар.