Әр қаланың кіре берісіне көк туымызды биіктетіп орнату керек - Нұрлан Өнербаев

Қазақстанның әр қаласының кіре берісіне көк туымызды желбіретіп, орнату керек. Мұндай ойды белгілі әнші Нұрлан Өнербаев айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

- "Батыс Қытай-батыс Европа" көлік күре жолы көне Жібек жолымен өтіп жатыр, ендеше неге сол жол өтетін Қазақстанның әрбір қаласының кіре беріс-шыға берісінде, биік жерінде көк туымыз желбіреп тұрмасқа. Сонда біздің елімізге аттап басып, табаны тиген кім болсын, қай елге келгенін, кімнің жерімен өтіп бара жатқанын сезінер еді. Сезініп қана қоймай бәлкім құрметі де артар еді. Сосын "мемлекеттік мекемелер төбесіндегі тудың көлемі, еліміздегі елшіліктердің алдындағы туларының көлемінен кіші болмау керек" - деп сол кездегі Мемлекет хатшысының атына депутаттығымды пайдаланып сауал да жолдаған болатынмын. Әрине сауалым жауапсыз қалған. Жауапсыз қалған, мен жолдаған сауалдардың бұл бірі ғана емес. Жауапсыз қалған сауалдар әдетте БАҚ-та жариялана бермейді. Сондықтан былайғы жұрт хабарсыз болатыны сол - дейді қоғам қайраткері.