Елшілік екінші қатардағы қызмет пе?
2020 ж. 25 қазан
2195
0
«Елдестіру – елшіден, жауластыру – жаушыдан» деген екен аталарымыз. Бұл өмірлік тәжірибеден, сан ғасырлық тарих тереңінен жеткен тұжырым. Арғы жағын айтпағанда, қазақ хандығы құрылғаннан бергі уақыттың өзінде ұлтымыз елшілік қызметті кеңінен қолданып келгені туралы тарихи деректер баршылық. Қазіргідей көптеген шет елдің төрінде көк туымызды желбіреткен елшіліктің тұрақты мекен-жайы, онда істейтін жүздеген қызметкерлері болмаса да қазақ елшілері дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, күрделі мәселелерді шешіп, өз ұлты мен мемлекет мүддесін қорғай білген. Сыртқы саясатты жүзеге асыратын сала ретінде бүгінгі күні бұл қызметтің беделі мен халықаралық маңызы да артып отыр. Ал, оның сапасы мен нәтижесі әр елде әртүрлі деңгейде екені белгілі...
Өзгені қайтеміз, өзіміздің елшілік қызметіміз ойдағыдай жүріп, халықаралық саясат сахнасында мемлекеттік мүддеміз лайықты қорғалып жатса болды емес пе?! Сыртқы саясатты нәтижелі жүргізуге елімізде мол мүмкіндік жасалған деуге болады. Ол жағынан сыртқы істер қызметкерлерінің айтар өкпесі жоқ шығар. Министрдің бір өзінде бес орынбасары бар осы салада екі комитет, халықаралық қауіпсіздік, көпжақты ынтымақтастық, консулдық қызмет, адам ресурстары деп аталатын, одан да басқа түрлі бағыттағы 17 департамент жұмыс істейді екен. Оған қоса ішкі аудит, хаттама, баспасөз қызметі бөлімдері, әдеп жөніндегі уәкілдік пен Алматы қаласындағы өкілдігі де бар. Сыртқы істер саласы материалдық және қаржылық қамту мен қызметшілер саны жағынан кемшілік көріп отырған жоқ. 2019 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің штаты 1308-ден 1338-ге артып, шетелдегі қызметшілер саны 843-тен 873-ке көбейтілген болатын. Мемлекет басшысының 2019 жылы 26-желтоқсандағы тапсырмасы бойынша сала министрі Үкімет басшысынан ведомство штатын тағы да 1338-нен 1352-ге, соның ішінде шетелдегі қызметкерлер санын 873-тен 887-ге көбейтуді сұрағаны белгілі. Әрине, сала жұмысының сапасын көтеру мақсатында, қосымша білікті кадрларды тарту үшін. Былайша айтқанда, бес қаруы сақадай сай сыртқы істер сарбаздары мемлекет мүддесін әлемнің кез келген түкпірінде қорғауға мүмкіндіктері мол деп сеніммен айтуға болады. Тек қана сол мүмкіндіктерді біліктілікпен, саяси сауаттылықпен ұтымды пайдалана білсе болғаны.
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде Қазақстанның елшілігі жұмыс істейді. Елшілік қызметкерлерінің пайдалана алатын белгіленген мөлшерде арнайы жеңілдіктері бар. Мысалы, жеке басына, тұрғын үйіне қол тигізбеу, кедендік жеңілдік, мемлекет ішінде еркін жүру құқы берілген. Сол сияқты өзге мемлекеттіктердің де елшіліктері Қазақстанда тіркелген. Осының өзі Қазақстанның дүниежүзіндегі көптеген елдермен тығыз қарым-қатынаста екенін көрстеді.
Бізде не көп, министрлік пен түрлі комитеттер көп. Еліміздегі жалпы халық санына шаққанда мемлекеттік қызметкерлер жағынан әлем бойынша алдыңғы орындардың бірінде тұрғанымыз да аян. Түрлі елдермен саяси және өзге де қарым-қатынастар орнататын бұл саланың қызметі көпшілікке беймәлімдеу болғанмен, оның келіссөздер жүргізу, шетелдегі өз азаматтарымыздың құқығын қорғау, инвестиция тарту, мәдени қатынастар орнату секілді атқарар жұмысы да жетерлік. Ең бастысы – біздің мемлекет атынан шешімдерді ресми түрде білдіреді. Ондай мүмкіндік басқа министрліктерге берілмеген. Сондықтан да бұл саланың жауапкершілігі мен көтерер жүгі ауыр. Абайсызда жіберілген болымсыз қателік ертең еліміздің алдынан таудай мәселе болып шығуы ғажап емес. Сол себепті, сыртқы істер саласына білікті, кәсіби деңгейі жоғары, саяси сауатты мамандарды, нағыз патриот азаматтарды тарту аса маңызды. Ол өзге сала мамандарына қарағанда қай жағынан алып қарағанда да бір саты жоғары тұруы керек. Өйткені, өзге мемлекеттер біздің елшілерге қарап еліміздің шама-шарқын бағалайды. Ал, саяси сауатсыз, біліктілігі төмен елші еліміздің беделін түсіреді. Сыртқы істер саласы бойынша осы кадр мәселесі бізде қалай шешіледі? Бұл жағы көпшілікке түсініксіздеу екенін ашық айтқанымыз жөн.
Жақында, қазан айының басында Асқар Жұмағалиев Нидерландтағы елші және химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болып тағайындалды. Қолжетімді ресми деректерге қарасақ, Асқар Жұмағалиев 1972 жылы 2-тамызда Орынбор облысында дүниеге келген. Алматы энергетикалық институтын (1996 жыл), Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін (2002 жыл) бітірген. Лозаннадағы Швейцария Федералдық технологиялар институтының электрондық басқару магистрі. Еңбек жолын 1996 жылы «Жарық» ЖШС бас директоры ретінде бастаған. 2006 жылдан 2010 жылға дейін «Қазақтелеком» АҚ президенті қызметін атқарды. 2010-2012 жылдары байланыс және ақпарат министрі болды. 2012-2014 жылдары – ҚР көлік және коммуникация министрі, 2014 жылы ҚР инвестициялар және даму министрінің орынбасары, 2015 жылдан 2017 жылға дейін «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2017-2019 жылдары премьер-министрдің орынбасары, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, 2019 жылғы ақпан-маусым аралығында ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды.2019 жылғы маусымнан бастап 2020 жылдың шілдесіне дейін қайта құрылған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болды. Байқап отырғандарыңыздай, Асқар Жұмағалиев техника саласының маманы. Оның мамандығы бойынша біліктігі мен алдында атқарған қызметтеріне баға бермей-ақ қойдық. Бірақ соңғы қызметіне көпшіліктің көңілі толмағаны анық. Пандемия кезінде бұл сала өз міндетін ойдағыдай атқара алмай сынға ұшырағаны да белгілі. Содан да болар А. Жұмағалиев министр лауазымынан шұғыл босатылып, шетелге елші етіп жіберілді.
Осы жерде біздің сыртқы істер қызметі туралы тақырыпты неліктен қозғап отырғанымыз оқырманға енді түсінікті болған шығар. Өйткені, жоғары лауазымдағы шенеуніктің елшілікке жіберілуі бұл бір емес. Алдында да талай рет осыған ұқсас тағайындаулар болған. Айталық, ауыл шарауашылығы саласын басқарған, тіпті премьер-министрдің орынбасары болған Ахметжан Есімов Бельгия, Нидерланды, Люксембургте (11.1998-05.2001ж.) елші болғанын білесіздер. Халық арасында өзінің шешендік белсенділігіне орай «бұлбұл» деген лақап аты бар, бірқатар жоғары лауазымды қызметтерде істеген, кейбір пайымдаулары көпшілікке ұнай қоймаған саясаткер Ермұхамет Ертісбаев та 2013-2017 жылдары ҚР-ның Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды. 2017 жылдың қарашасынан Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшілікті басқарды. Сол сияқты Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры, ҚР діни істер және азаматтық қоғам министрі және қоғамдық дамыту министрі болған Дархан Кәлетаев 2020 жылдың 22 ақпанынан бастап Украинадағы және Молдова Республикасындағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Бірақ мәселе тізімде емес, әңгіме сыртқы саясатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мүлдем басқа салада істеген мамандарға қалай ғана халықаралық қатынастарға қатысты осыншалықты жауапты іс сеніп тапсырылғанында. Олардың мамандық бойынша алған білімдері мен еңбек өтіліне қарасақ дипломатиялық қызметке еш қатысы болмаған. Ал, дипломатиялық қызметтің өз ерекшеліктері бар екені мәлім, оның еліміздің ішкі ұйымдастыру және әкімшілік-шаруашылық жұмыстармен арасындағы айырмашылық жер мен көктей емес пе? Соңғы аталған үш тұлғаның мамандықтары әр түрлі болғанмен бір ұқсастықтары бар екен. Үшеуі де ғалым. Қандай жаңалық ашқанын білмейміз, бірақ ғылыми атақтары дардай. Ахметжан Есімов – экономика ғылымдарының докторы. Ермұхамет Ертісбаев – саясаттану ғылымдарының докторы, профессор. Дархан Кәлетаев та саясаттану ғылымдарының докторы. Бүгінгі тақырыбымызға тікелей қатысы болмаса да мына бір мәселеге назар аудармасқа болмайды. Біздегі жоғары лауазымдылардың өмірбаяндық деректеріне қарасаңыз көбісінің ғылыми дәрежелері бар. Ел арасында «Мемлекеттік жоғары қызметтегілерге қарай таяқ лақтырсаң кем дегенде ғылым кандидатының, әйтпесе ғылым докторының маңдайына тиеді» дейтіндердің сөзі рас па деп қаласыз. Еліміздегі ғылым мен білім саласы неге ақсап жатыр десек, ғалымдарымыздың көбісі мансап қуып, лауазымды қызметтерге кетіп қалғанға ұқсайды. Немесе жоғары лауазымдылар арасында ғылыми атақ алу жолында үлкен бір бәсеке пайда болған сияқты. Бұл жерде біз аталған лауазымды мамандардың біліктілігіне, жоғары қабілетіне күдік келтіріп отырған жоқпыз. Докторлық қорғаған салалары бойынша қызмет етсе елімізге көбірек пайдасы тие ме деген ғана ойымызды білдіргеніміз ғой.
Мамандық демекші, бұрындар біздің елде халықарлық қатынастар мамандарын дайындайын жоғары оқу орындары жоқ болатын. Осы саладағы белгілі дипломаттардың көбісі Ресейдегі Мәскеу Халықаралық қатынастар институтында білім алғандар. Бүгінгі күні маман дайындау жағынан мәселе жоқ. Өзімізде, байырғы шет тілдері институты негізінде құрылған Алматы қаласында Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті бар. Бұл жоғары оқу орны 1993 жылдан Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университеті, 1998 жылдан Қазақ мемлекеттік халықараралық қатынастар және әлем тілдері университеті деп аталады. Университеттегі Менеджмент және халықаралық байланыстар, Халықаралық қатынастар, Аударма, Шығыстану, педагогика, Роман-герман филологиясы факультеттерінде жоғары оқу орындары мен мектептер үшін шет тілдер оқытушылары мен мұғалімдерін және халықараралық қатынастар саласының мамандарын даярлайды. Оқу орнында дүниежүзінің 17 тілінде дәріс жүргізіледі. Демек, аталмыш салаға кәсіби мамандар жеткілікті дайындалып жатыр деген сөз. Олай болса сол мамандар қайда кетіп жатыр? Олар да басқа салаларға ойысып кеткені ме? Сонда мемлекет оларды не үшін оқытты?
Жалпы аталмыш министрлік қызметіне халық тарапынан берілетін баға да әрқилы. Оны өте жақсы десек – өтірік, жақсы десек жұрт «жалған» деуі мүмкін. Қанағаттанарлық десек қателеспейтін шығармыз. Бұл оның беделін төмендету емес. Айталық, өзге министрліктердің көбісі осы бағаға да қол жеткізе алмай жүргені жасырын емес. Бөлінген қаржыны толықтай уақытында игере алмай, құнды бағдарламаларды іске қоспай, қызметкерлері жемқорлыққа салынып, мемлекет басшысынан жиналыс сайын ескерту естіп, сөгістен көз ашпайтындарды да көріп жүрміз. Әрине, Сыртқы істер министрлігі де ондай кемшіліктерден кенде емес. Мысалы, 2018-жылы СІМ жауапты хатшысы Анарбек Қарашевті Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 10 млн. теңге пара алды деген күдікпен ұстаған-ды. Мемлекеттік қызмет агенттігі төрағасының сол кездегі орынбасары Олжас Бектенов Қарашевтің үйін тінткенде 1,5 млн. доллар табылғанын да мәлімдеген болатын. Бұл салада одан да басқа бірқатар заңбұзушылықтар орын алғаны белгілі. Бұл нені көрсетеді? Алдымен сыртқы істер саласына кадрларды дұрыс таңдамалғанын аңғартады.
Халық көзі қырағы, одан ештеңені тасалай алмайсыз. Кемшіліктерді сынға алып, кейбірін күлкіге де айналдырып жатады. Соның бірінде: «Үкіметтің берген тапсырмаларын орындай алмай, өзіне жүктелген сала жұмысын құрдымға жіберіп, қарамағындағы қызметкерлері жемқорлыққа ұрынып қызметінен қуылған жоғары лауазым иесіне бұрындар қатарлас жүрген таныстары жан-жақтан «көңіл» айтуға келе бастайды.
– Бас аман болсын! Қызмет қолдың кірі, әлі-ақ тағы бір саланың тізгінін ұстайтын боласың! – дейді солардың бірі.
– Әй қайдан, қазір заң қатайтылды. Тым болмаса бір шетелге елші етіп жіберсе де жаман болмас еді, – дейді мықты мансаптан күдер үзіп, ұнжырғасы түсіп кеткен шенеунік». Ел арасында айтылып, анекдотқа айналып кеткен осы бір әңгіменің астарында ақиқат жатқаны анық. Қызметі көңіл көншітпейтін шенеуінікті шетелге елші етіп «жер аудару» осыны меңземей ме? Сонда әлемде өте маңызды, аса жауапты болып саналатын елшілік миссиясы біздің елде екінші сұрыптағы қызмет болып есептелгені ме?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz