ЖАЛАУЫМЫЗДЫ ТАПТАҒАН ЖАЛАҢБҰТ БОРАТҚА ТЫЙЫМ САЛАР ЗАҢ ЖОҚ ПА?!.
Керісінше, туымызды түгел халық насихаттап, қастерлеуге қарсы заңымыз бар!?.
Кешегі Қазақстанның Туын қорлап жатқан жалаңбұт Борат - Саша Барон Коэн Ұлыбритания азаматы! Ал ағылшын мен Ресей тілінде ғана сөйлейтін, "Миыма операция жасамаса, Қазақ тілін үйрене алмаймын!" деп, парламентте мәлімдеген, Ана тілі- Мемлекеттік тілді үйренуге миы жетпейтінін өзі мойындаса да, екі рет министр болған Ұлыбританиядағы елшіміз Ерлан Ыдырысов не істеп жүр онда, осыған қарсы ең болмаса бір ауыз сөз айта алмаса?!. Қазақстанның Сыртқы істер министрі қарсылық нота жолдамай не қарап отыр елдің ашу-ызасын тудырып қойып...
Бұл Бораттың Қазақстанды қорлап екінші рет кино түсіруі.
Бірінші рет мазақ қылғанда да біздің биліктен елге тән қарсылық болмады. Бораттың киносын көріп, оған қосыла ыржаңдаған биліктегі жауапты шенеуніктер әлі сол орындарында отыр сағыздарын шайнап...
"Құлдың бетіне күлсең, артын жалаңаштап көрсетеді" дегенді растап, Бароныңыз барын шешіп тастап, Қазақ Туының үстінде тайраңдап билеуде енді...
Міне, біздің бейшаралығымыз!
Әлеуметтік желі шулап кеткесін ҚР Сыртқы істер министрлігі «Борат-2» фильмінің шығуына байланысты түсініктеме беріпті бүгін кешке:
«Борат-2 фильмі - коммерциялық жоба. Фильм авторлары ҚР билігінің ресми наразылығын арандатып, өз фильміне жақсы жарнама жасамақ. Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа салынуда. Наразылық нота жолдау мағынасыз, өйткені оның адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, соғұрлым фильм авторлары пайда табады. Үлкен пайда табу авторларды фильмді жалғастыруға итермелейді. Негізінде, фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыз ашық нәсілшіл шабуылдарға әділ наразы», -депті хабарламада. Әрине, мұндай әлсіз, шарасыз жауапқа ешкімнің қанағаттанбасы анық. "Билік ресми наразылық жасаса, жарнамамен байып кетеді" деп жалауымызды қорлатып отыра берейік онда. "Борат-3" фильмі Қазақстанның ресми наразылығының арқасындағы жарнамадан баю арқылы емес, біздің биліктің үндемеуінен пайда болатыны анық. Бұған бәс тігуге болады.
ЖАЛАУЫМЫЗДЫ ТАПТАҒАН ЖАЛАҢБҰТ БОРАТҚА ТЫЙЫМ САЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ, ЗАҢ ЖОҚ ПА СОНДА?!.
Онда Саша Барон Коэннің отаны Ұлыбритания туы (туымызды таптаған атышулы жалаңбұттар флешмобы Лондонда өтті) мен сол киноларды түсірген мемлекет АҚШ-тың туларын біз де таптайық, сондай фильм түсірейік қарымта ретінде! Сонда ғана тыйым салатын шығар жалау қорлағыш жалаңбұттарына екі ел?!.
Немесе Мемлекеттен еш қайран болмаса, жалаңбұт Боратты жалаңтөс батырымыз "Жабайы Арманға" тапсырайық. Өзі де сазайын беремін деп сайланып отыр екен ғой ана жақта...
БІЗДЕ КЕРІСІНШЕ, ТУЫМЫЗДЫ ҚАСТЕРЛЕУГЕ ҚАРСЫ ЗАҢЫМЫЗ БАР!
ТІЛІН БІЛМЕЙТІНДЕР ТУДЫҢ ҚАДІРІН ҚАЙДАН БІЛСІН?!.
Анау жылы Астанамызда терезесіне Қазақстан Туын іліп қойған азаматқа 400 мың теңге айыппұл салынғаны әлеуметтік желіде шуға айналғаны белгілі.
2017 жылы қазан айының соңында Қызылорда қаласында да қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының қаулысына сәйкес Сұлтан Тұмашиновқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 458-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын заңсыз қолданғаны үшін" 453 мың теңге айыппұл салған. Туды құрметтегені үшін алғыс алудың орнына үш ай бойы азапқа түсті азамат. Тіпті Қызылорда қалалық сотының өзі әкімшілік жаза туралы қаулыны күшінде қалдырған. Тек 2018 жылы ақпан айында ғана әлеуметтік желі шулап, бұл іске Жоғары Сот араласқасын ғана Сұлтан жазадан аман қалады.
Міне, саған трагифарс!!!
Біздің заңның терезеге Ту іліп қойғандарға айыпақы төлеттіріп, жазалайтын бабы Қазақ Елінің қасиетті Туын қастер тұтуға қаскүнемдікпен қарсы жазылған секілді. Өйткені, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, Қазақ Елінің заңдарын Қазақ тілін білмейтіндер бізді талай жыл отарлап келген Ресей тілінде жазады әлі?!. Тілін білмеген адам Тудың қадірін қайдан білсін! Керісінше, жалауымызды жалпыхалықтық насихаттауға кері кесірін тигізетін заң бұл!
Белгілі қоғам белсендісі Оғыз Доған бауырымыздың Фейсбук парақшасындағы Ту туралы жазбасын «Қазақ үні» сайты жариялады:
– Түркияда туды іліп қою кез-келген жерде куә бола алатын әдеттегі көрініс. Әсіресе ұлттық мейрамдарда әрбір ауыл мен қаладағы әрбір ғимарат, тіпті көліктерге дейін, түрік туының қызылына боялады. Ал, «Қазақстанда терезеге ту іліп қоюға заңмен тыйым салынған» дегенді естігенде сене алмай, таңғалғанмын! Осындай заң қандай логикаға сүйенеді? Біз әр қараған жерде көк туымызды көріп, көрген сайын мақтанышқа бөленіп жүрсек, несі жаман? – деп жазды Оғыз Доған.
Иә, мемлекеттік туды құрметтеп, терезеге іліп қоюдан қандай заңсыздық көруге болады? Барлық елде бұл алғыс алатын патриоттық та, тек Қазақстанда "қарғыс" алатын заңсыздық! Күлесің бе, жылайсың ба бұған?!.
Бұл бапты түзетіп, таза Қазақша жазу керек!
Осындай залалды заңға қарсылық, Борат салған лаңға қарсылық ретінде ертең бәріміз тереземізге қасиетті Көк туымызды қастерлеп іліп қояйық, ағайындар!
Бораттың бұл мазағына қарсы шығып жатқан Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, дін қайраткері Қайрат Жолдыбайұлы, "Қазақ үні" ұлттық порталының Бас редакторы, ақын Азамат Тасқараұлы, фейсбуктағы Нағашыбай Қабылбек, Ләззат Кендебайқызы және т.б. көп рахмет айтамыз. Бекболат бауырымыз бұрын да "Борат" киносы алғаш шыққанда парламентте қарсылығын айқын білдіріп, дабыл қаққан еді. Бұл жолы қатаң видео мәлімдеме жасады. Өте дұрыс, қуаттап, қолдаймыз! Тек видеоны Ресей тілінде емес, Борат қарсы шығып жатқан Қазақ Елінің тілінде жасау керек еді. Өйткені, БҰҰ-ның алты тілінің бірі болса да, Борат орысша білмейді және оған бізге дәрі Ресей тілінің түкке де керегі жоқ. Екіншіден, біздің өзіміздің мемлекеттік тілімізде емес, шет тілінде сөйлеп жатқанымыз анау жақтағы Бораттың тағы бір кино түсіруіне, мынау жақтағы "Қазақтардың өз тілі жоқ" деп жүрген Жириновскийлердің тағы да бір сайрап қалуына себеп болмаса екен дейміз...
Бір өкініштісі, осы Туымыздың, Еліміздің намысын қорғап, Боратқа қарсы шығушы атпал азаматтарымыздың өзін кінәлаушылар да табылуда... "Боратқа қарсы шыққанша, әділетсіз билікке неге қарсы шықпайсыңдар?", "Алдымен Боратқа емес, өзіміздегі жемқорлыққа батқан билікті айыптайық"-деп, өлшемі келмесе де, бір кебісті екінші кебіске сұғып, сусылдап жатқан сыншысымақтардың "өкімдері" өріп жүр. Сонда "біздің еліміздегі билік әділетсіз, жемқор екен, оған қарсы түк қыла алмай отыр екенбіз" деп, қасиетті Туымызды қорлап жатқан сайқымазаққа да үндемей отыруымыз керек деген не сорлылық?!. Бұл не деген бейшаралық пиғыл?!. Отыз жылда бір де бір істе, тіпті ұлттық мүддені қорғауда да басы бірікпейтін қандай қорқынышты күйге түскенбіз?!.
Екі ғасыр бұрын жыр сүлейі Сүйінбай ақын айтқандай:
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен!
Бөрі басы — ұраным,
Бөрілі менің байрағым!
Байрағымды көргенде,
Қозып кетер қайдағым?!-
дегендегі қайнап кететін қазақы қан мен қайсар рух қайда?!
Әлде сол байрағымызға сыймаған бөрі басымен кетті ме барлығы?!.
Өзге елдерде жемқорлық жоқ, бәрі тамаша деп кім айтты?!. Өзбекстанда ел байрағын қорлағанға қарсы шыққандарға қарсы сөйлеп көрші? Боратыңмен қосып, борбайыңды сындырсын...
Біз секілді Тәуелсіз ел емес, автономиялық Шешен Республикасының туын қорлап көрсінші, Боратың үйіне жете алмай желкесі қиылар еді... Тіпті президент Рамзан Қадыровтың өзі жіберетін шығар жазалаушыларды...
Иә, рас, жалаңаш Борат біраз нәрсені жалаңаштап кетті. Ол біздің биліктің сыртқы саясатта, халықаралық аренада қауқарсыз, қолынан түк келмейтінін көрсетті!
Батыр бабаларымыздың қаны мен қайратының арқасында келген Қазақтың қасиетті байрағын ешкімге, еш елге қорлатпауға тиіспіз!
Ол біздің Елдігімізді, Ерлігімізді білдіреді!
Көк Туымыз көгімізде мәңгі желбіреп, биіктей бергей!
Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі.
"Қазақ үні"