Азамат Тасқараұлы: Мемлекеттік намыс болмаса, Бораттар білгенін істейді!

Мемлекеттік намыс болмаса, Бораттар білгенін істейді! Сыртқы істер министрінің титтей намысы бар болса, көк туымыз қорланған Австралия мен Ұлыбританияға қарсылық нотасын жіберер еді ғой. Біздің идеологтардың "байлаудағы әнші-бишілерін" жинап "Мен туыммен мақтанамын" деп флешмоб ұйымдастырғаны не керек? Оны кім көреді? Біздің орыстілді сайт, газеттеріміз Бораттың флешмобтарын жарыса жарнамалап жазып жатыр, оғанда ешкім назар аударар емес.

Мысалы, екі жыл бұрын әйгілі Dior компаниясы кезекті брендінің таныстырылымын өткізіп, онда Қытайдың картасы бар слайд көрсетілген еді. Бірнеше секундтық роликте Қытай картасында Тайвань аралы бейнеленбей қалғанын біткен қытайлар байқап қалды, бірақ. Ертесінде Қытай билігі Dior компаниясының бүкіл өнімін өз елінің аумағында сатуға тыйым салды. Бір күн өтпей тұрып Dior кешірім сұрады.
2015 жылы Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын салған француздық Charlie Hebdo журналының редакциясы өздерінің істері үшін қалай жауап бергені туралы білетін шығарсыздар. Әрине, ондай қантөгістің беті аулақ...
Бауырлас түрік елінің әскерилері Грецияға іс-сапармен барып, өздері тоқтаған қонақ үйде Түркияның туына біреулердің балағат сөз жазып кеткенін көрген. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын БАҚ-та жазылған. Сарбаздар оқу-жаттығуға да, гректердің кешерім сұрауына да қарамай, сол сәтте елдеріне қайтып кетеді. Кейін Түркияның Сыртқы істері ресми нота жолдап, балағат сөз жазғандарды тауып жазалауын талап етті. Гректер оларды тапты, жазалды.

Бізде "елдің Ыбырайы - Ыбырайы, біздікі - сұмырайдың" кері. Бораттар көк туымызды борбайына қыстырып жүргенде, біздің билік өздерінің шоумэндерімен флешмоб ұйымдастырып, соған разы болып жүр.

Мемлекеттік намыс болмаса, Мемлекет азаматтарынан не күтуге болады? 2016 жылы Геннадий Головкинге Jordan Brand спорт атрибутикасының өндірушісі табанында қазақтың көк туы бейнеленген аяқ киім сыйлағанын көрдік. "Мынауыңды кимеймін де, қабыл алмаймын" дей алмады біздің жігіт. Сол жерде табанға бейнеленген ту үшін деп компания өкілін талдырып түсірсе, қайта "халық батыры" атанып кетер еді. 

Азамат Тасқараұлы,

Қазақ үні