Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілге қатысты талап қойылу керек - Асхат Садырбай
2020 ж. 22 қазан
1964
0
Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық кеңестің төртінші отырысы өтті, деп хабарлайды «Қазақ үні».
Кеңес отырысы аясында белгілі журналист Асхат Садырбай мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілге жеткілікті көңіл бөлінбейтінін атап өтті.
Ұлттық кеңес мүшесінің жиында сөйлеген сөзінің толық нұсқасын оқырманға ұсынамыз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Құрметті әріптестер!
Ең әуелі осындай маңызды жиында маған сөз бергендеріңізге ерекше ризашылығымды білдіремін! Бұған дейін Ұлттық кеңес мүшелері экономикалық, саяси, әлеуметтік бағыттарды қамтыған 3 топтан тұрса, бүгінде бәріміз үшін өте маңызды мәселелер көтерілетін осындай керемет төртінші топтың құрылған құптарлық іс. Осы топты жүйелеп, мүдделес азаматтармен іс атқаруға мүмкіндік берген Ұлттық Кеңес хатшылығына алғыс айтамыз. Себебі рухани тұрғыдан да, мәдени жағымыздан да жаңғыру бүгінгі таңда аса маңызды. Ұлттық кеңестің рухани-мәдени тобының мүшелері Қайрат Жолдыбай, Дәурен Қуат, Ауыт Мұқибек, Бақытбек Смағұл, Қазыбек Иса, Бекболат Тілеухан, Шыңғыс Мұқан, Максим Рожин, Өркен Кенжебек бірнеше рет өзара онлайн, оффлайн кездесулер мен талқылаулар өткізіп, өз ұсыныстарымызды ортаға салдық. Ақылдаса келе мына мәселелерге тоқталуды жөн санадық. Құрметті Президент мырза! Сіз биылғы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауыңызда бұрынғы жолдауларыңыздан ерекше,еліміздің,, ұлтымыздың өткені мен бүгінін саралай отырып, болашағына бағдар түзейтін «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге арнайы тоқтап, үлкен бір тарау арнадыңыз. Сол Жолдауда айтылған ойларыңыз біз үшін жаңа күн тәртібін анықтады. Осы орайда, мемлекеттік тілдің қолдану аясы туралы бірқатар ойларды ұсынғымыз келеді. Соның ішінде, назарымызды мемлекеттік тілдің интернеттегі репрезентациясына аударсақ деймін. Кейбір мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар интернет сайттарының қазақша нұсқаларына басымдық бермейтінін,тіпті әлеуметтік желілердегі парақшаларында да қазақша жазуға келгенде құлықты емес екенін көп байқап жүрміз. Кейбір мемлекеттік органдардың домендік атауы мемлекеттік тілде жазылмаған. Одан басқа, еліміздегі әртүрлі ірі халықаралық және жергілікті компаниялардың интернет сайттарынан да,әлеуметтік желілердегі парақшаларында да мемлекеттік тілге жеткілікті көңіл бөлінбегенін аңғаруға болады. Бүгінгі таңда бәріміз интернетке,әртүрлі ақпараттық технологияларға, гаджеттерге тәуелді екенімізді ескерсек, бұл ерекше көңіл бөлетін жағдай екені анық. Бұл мәселені интернетте «Qazaqsha Jaz» жастар қозғалысының да көтеріп, белсенділік танытып жүргенін атағым келеді. Сондықтан, интернеттегі тіл мәселесіне көңіл бөлініп, мемлекеттік тілге қатысты талап қойылып, әлгі сайттар мемлекеттік тілде де жұмыс істесе тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейіп, ана тіліміздің дамуына үлкен оң әсерін берер еді. Екіншіден, тарихи-мәдени мұралардың бірыңғай комплексі мәселесіне тоқталсақ деймін. Өйткені, бізде көне ескерткіштердің бір стандартқа бағындырылған мәліметтік базасы жасақталмаған. Мысалы, петроглифтерді алайық. Алматының түбіндегі әйгілі Таңбалыда нақты қаншама петроглиф бар? Ілгеріде қаншасы тізімделді, бүгінде соның нешесі сақталып қалды, қандай суреттерден айрылдық? Нақты жауап жоқ. Сондықтан, мәдени-тарихи мұраларымыздың, керек болса, ғарыш арқылы зерттеп, түгендеп, көшіріп, бірыңғай мәліметтік базасы мен каталогын жасауымыз керек. Тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет пен жергілікті әкімшілік тарапынан қатаң бақылауға алынып, қорғалуы керек деп ойлаймыз. Үшіншіден, көптеген ұлттық табиғи парктерімізді, көрікті мекендерімізді басып қалған қоқысты көргенде, көлігімен Көбейтұздың ортасына дейін кіріп ластап жатқан азаматтардың әрекетін байқағанда экологиялық мәдениеттің өзектілігін айту парыз. Кеңес Одағы кезінде әр қалада оқушылар мен жасөспірімдерді табиғатты сүюге, жануарларды аялауға, топырақтың қарашірігін қалай сақтау керек дегеннен бастап ағаш егуге дейін үйрететін жас натуралистер стансасы болған екен. Қазір бұл жүйе тек Ақсу, Лисаков, Текелі секілді шағын қалаларда ғана сақталып қалған. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз тапсырған экологиялық сауатты осы базада дамытсақ, орынды болар еді. Бұған қоса осы арқылы қоқысты сұрыптауды, үнемді өмір сүру негіздерін де кеңінен насихаттау қажет. Төртіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі. Бұл мәселе 700 мыңға жуық азаматтарымыздың күнделікті үлкен проблемасы. Мүмкіндігі шектеулі жандар күнделікті өмірде жүздеген кедергілерге тап болады. Бізге олардың мәселесімен айналысатын арнайы орган қажет немесе бір жүйелі жоспар қажет сияқты. Қарапайым мысал, мемлекеттік қызметті алғысы келетін кез келген мүмкіндігі шектеулі жан, әсіресе зағип жандар Egov порталына кіріп көптеген кедергілерге тап болады. Әсіресе, қазір пандемия жағдайы кезінде осындай жағдайлар орын алды. Егер біз халық үшін қызмет етсек, сол халықтың бір бөлігі саналатын мүмкіндігі шектеулі жандарды да ескеруіміз қажет. Бесіншіден, жастармен жұмыста жаңа серпін керек. Жастармен кездесу үшін аймақтарға барғанда жиі ұшырасатын тағы бір үлкен проблема-білімді, интеллектуалды, шығармашыл жастардың жиналатын, креативті идеяларын дамытуға мүмкіндік беретін клубтар, коворкинг орталықтар, қоғамдық орындардың жоқтығы. Бұл проблема аймақтар түгілі, тіпті ірі мегаполистерде де әлі шешімін тапқан жоқ. Білімді жастардың ортасын қалыптастыру үшін оларға бас қосатын жер, жиналатын орта қажет. Ауыл-аймақтарды аралап жүріп байқағаным, әр ауылдан кем дегенде бір мейрамхана, тойхана ғимараты болады. Ал, білім қуған, ғылымға қызыққан жастарға арналған орталық табу қиын. Тіпті көп ауылдарда кітапхана да жоқ. Болса да ол кітапханаларға өте ескі ғимараттар берілген. Кітапханаларға ерекше көңіл бөліп, жастарды кітап оқуға бағыттауға көбірек көңіл бөлінсе. Біліміміз әлемдік, тәрбиеміз ұлттық болуы керек. Сосын, студенттер мен жастардың біздің елде кеңінен танылған бокс пен күрестен басқа спорт түрлеріне қолжетімділігі өзекті мәселелердің бірі. Біздің жоғарғы оқу орындары студенттердің түрлі спорт түрлерімен айналысуына ешқандай жағдай жасамайды. Кейбір университеттердің футбол және баскетбол ойнайтын ғана алаңдары болса, кейбіреулерінде мүлдем жоқ. Бар болса да үнемі жабық тұрады. Осы орайда, студенттерге спортпен айналысуға жағдай жасалса, еліміздегі барлық спорт федерациялары ЖОО-ымен меморандумға отырып, студенттерге жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырса. Университеттерді жаттықтырушылармен қамтамасыз етсе деген тілек бар. Биылғы жыл елімізде Волонтерлер жылы деп жарияланғанын білеміз. Бұл бізге волонтер деген кім, оның қоғамдағы рөлі, мақсаты мен миссиясы қандай екенін айқындап алуға және волонтерлікті кеңінен насихаттап, азаматтарды волонтер болуға үндеуге үлкен мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда замандастарымның арасында волонтерлікке,қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға деген ықыластың артып жатқаны қуантады. Былтыр Арыс қаласында орын алған апат кезінде мен «Team Qazastan» ұйымы атынан бірнеше белсенді жастарды жаныма алып, зардап шеккендерге көмек көрсетуге аттандым. Волонтерлер штабын құрып, қиын сәтте елдің жанынан табылдық. Арыстағы жағдайды естіген еліміздің өзге де аймақтары қарап қалған жоқ. Дегенмен, волонтерлерға кейде жүйелі координация мен коммуникация қажет. Уақыт жоғалтпас үшін біз және өзге де көптеген волонтерлер шарасыздан әлеуметтік желінің көмегіне жүгінді. Бұл тұрғыдан әлеуметтік желінің пайдасы тигенімен,ол жердегі ақпарат сүзгісінің жоқтығы, қауіпсіздігі көп кедергісін тигізеді. Сондықтан, еліміздегі барлық волонтерлік ұйымдар мен топтардың, қайырымды, белсенді жандардың басын бір арнаға тоғыстыратын ортақ платформа аса қажет. Себебі жалған ақпарат пен шынайы ақпараттың аражігін ажыратып алу үшін, қайырымдылықты жамылып айласын асырған әртүрлі алаяқтықтың алдын алуға үлкен көмегі тиер еді. Міне біздің осындай бірқатар ұсыныстарымыз. Қалғанын бүгін жиналысымыздың екінші жартысында Президент әкімшілігі мен Үкімет басшылығының қатысумен өтетін жиында айтатын боламыз. Назарларыңызға рахмет!