Кез-келген азаматтың сайлану құқығын шектемеу керек - Максим Споткай
2020 ж. 22 қазан
1433
0
Қазақ тілі Ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін Мемлекет басшысы арнайы жоба қабылдауы керек
Бүгін ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық Кеңестің төртінші отырысы онлайн форматта өтуде. Отырыстың күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселе - Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жүзеге асыру жолдарын талқылау.
Ұлттық Кеңес хатшысы, ҚР Президенті көмекшісі Ерлан Қарин қысқаша есеп берді. Ұлттық кеңестің ұсынуымен қоғам талап етіп отырған 7 маңызы зор заң қабылданғанын атап өтті.
Саяси жаңғыру тобы бойынша бірінші Максим Споткай тек мемлекеттік тілде таза сөйледі. Ол ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың "Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс" деген сөзін келтіріп, "Мемлекет басшысы Қазақ тілін Ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін арнайы жоба қабылдауы керек" деп атап өтті.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі Максим Споткайдың Кеңес отырысында сөйлеген сөзін толық ұсынуды жөн көрді.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қадірлі отырысқа қатысушылар!
Кез келген кеңестің келелі болуы үшін / онда айтылатын ойлар – кемелді, ұсыныстар – ұтымды болуы керек.
Осы ретте / Ұлттық Кеңес мүшелері / бұған дейін бірқатар маңызды ұсыныстар дайындады.
Олардың бәрі қолдау тауып, сәтті жүзеге асырылып келеді.
«Кеңес қылған ел азбас» деген сөз / осындайда айтылса керек.
Осы орайда / Саяси реформалар жөніндегі топ / тағы бірқатар ұсыныс әзірледі.
Барлық бастама алдымен, жұмыс тобының ішінде жан-жақты талқыланды. Оларды әзірлеуге кеңес мүшелері – Марат Башимов, Михаил Дорофеев, Расул Жұмалы, Талғат Қалиев, Асылбек Қожахметов, Айман Омарова, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Айнұр Сәбитова, Жеміс Тұрмағамбетова, Андрей Чеботарев және Марат Шибұтов қатысты.
Енді сол ұсыныстарға жеке-жеке тоқталайық.
Бірінші. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы.
Біздің ойымызша, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін / бес жылға арналған тұжырымдама қажет.
Сонымен бірге / арнайы заң әзірлеп, қабылдаған дұрыс.
Жергілікті деңгейдегі жиындарды өткізудің / жаңа тәртібін енгізетін уақыт жетті.
Қазір ол үшін / аудан әкімінің келісімі қажет.
Біз / ауыл азаматтарының кемінде 10 пайызы жиын өткізу туралы мәселе көтерсе, оған сол ауыл әкімінің келісімі жеткілікті деп санаймыз.
Екінші жағынан, тұрғындар сондай жиындар арқылы әкімдердің қызметіне қоғамдық бақылау орнатар еді.
Екінші. Ауыл әкімдерін сайлау туралы.
Сіз бұл идеяны / өз Жолдауыңызда көтердіңіз.
Бұл жерде де жалпыға бірдей, тең және төте сайлау өткізу керек.
Дауыс беру / жасырын түрде болуға тиіс.
Оны / тиісті конституциялық заңда жазып көрсетуді ұсынамыз.
Келесі жылы – кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлау керек.
Егер / сайлау оң нәтиже берсе, оны кезең-кезеңмен басқа деңгейде де / жүзеге асыру қажет.
Бұл жерде / кез келген азаматтың сайлану құқығын шектемеу керек.
Ауыл әкіміне үміткерлерге қойылатын талап та жеңілдеу болса дейміз.
Ол үшін / үміткердің 25 жасқа толуы, тиісті елдімекен аумағында соңғы үш жылда тұрақты тұруы, жоғары немесе орта арнаулы білімінің болуы шарт.
Халқымызда «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген өсиет бар.
Ауыл әкімдерін сайлау бастамасы, шын мәнінде, халық пен билік арасын жақындастыра түседі.
Үшінші. Азаматтардың еліміздің саяси өміріне қатысу мүмкіндігі туралы.
Осы ретте ешқандай партияда жоқ азаматтардың да қоғамдық-саяси өмірге араласуын қамтамасыз ету керек.
Оларға жаңа мүмкіндіктер туғызу қажет.
Сондай-ақ, оларды түрлі шешімдер қабылдауға қатыстыру туралы / ойлануымыз керек.
Біздің тарапымыздан / бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірленді.
Төртінші. Ұлттық жобалар туралы.
Өзге елдердің ұлттық жобаларын қайталаудан / бас тарту керек.
Еліміздің ерекшеліктері ескерілмей жасалған шетелдік тәжірибелер / әрдайым сәтсіз болады.
Жобалар жабық есік жағдайында дайындалмау керек.
Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар.
Сондықтан мұндай жұмыстарға / тәуелсіз сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері атсалысқаны жөн.
Қазақстанның өзіндік артықшылықтары бар.
Соларға басымдық беруіміз керек.
Ұлттық жобалар қоршаған ортаны қорғау, жастарды қолдау, рухани жаңғыру, ұлттық бірлік, ағарту салаларын да қамтуы қажет.
Сонымен қатар, Сіздің «Қазақ тілі – этносаралық қарым-қатынас тілі» деген идеяңызды дамыту үшін / арнайы жоба әзірлеу – маңызды.
Бесінші. Адам құқықтарын қорғау туралы.
Елімізде / 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының факультативтік хаттамасы аясында / Алдын алудың ұлттық механизмі жұмыс істеп келеді.
Бұл механизмді / Өзіңіз Жолдауда айтқан қоғамдық бақылау туралы заңға / енгізуге болады.
Сондай-ақ, негізгі мәселелердің бірі – Стамбул хаттамасының ережелерін қолданысқа енгізуді аяқтау. Хаттама ратификацияны талап етпейді.
Сонымен қатар, Сіз / «көзге көрінбейтін аумақтарда» / бейне бақылау жүйесін дамыту туралы / тапсырма бердіңіз.
Біз осындай аумақтардың картасын жасауды ұсынамыз.
Бұл көптеген заңсыздықтардың алдын алуға / мүмкіндік берер еді.
Алтыншы. Интернет арқылы өтініш беру механизмі туралы.
Петицияларды / деңгейлері бойынша айқындау керек.
Оларды аудандық, өңірлік, жалпыұлттық деп бөлуге болады.
Әсіресе, мемлекеттік органдар петицияны назарға алуы үшін / қажетті қол жинау санын нақтылау керек.
Мысалы, аудандық деңгей – 1,000, аймақтық деңгей – 10,000, жалпыұлттық деңгей – 100,000 қол деген сияқты.
Бұл петициялар / әрі қарай қалай қаралуы керек?
Біз аудандық және өңірлік деңгейді мәслихаттар қараса дейміз.
Ал, жалпыұлттық деңгей / тиісті заң қабылдау үшін / Парламентте қаралуы қажет.
Сол бағытта қоғамдық тыңдаулар да ұйымдастырған жөн.
Жетінші. Ақпаратқа қол жеткізу туралы.
Бүгінде мемлекеттік органның жұмысы туралы ақпарат / көбіне жабық күйде қалып отыр.
Негізінде / мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты барлық ақпарат / ашық болуға тиіс.
Тек оның кейбір бөлігін ғана / шектеуге болады.
Мысалы, қоғам Денсаулық сақтау министрлігі пандемиямен күресуге бөлінген қаражатты / қалай жұмсағанын білмейді.
Бұл – қазіргі қалыптасқан жағдайдың салдары.
Жергілікті жерлерде мұндай мысалдар көп.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Әрине, бір отырыстың аясында барлық ұсынысты айтып үлгеру / мүмкін емес.
Бірақ / айтылған ұсыныстардың әрқайсысы бойынша / жұмыс тобы кеңейтілген ұсынымдар әзірледі.
Олар / Ұлттық кеңестің хатшылығына жолданады.
Бұл ұсынымдар / Сіз Жолдауда көтерген бастамаларды жүзеге асыруға, демократиялық өзгерістерді жалғастыруға / мүмкіндік береді деп сенеміз.
Баршаңызға / осы жолда сәттілік тілейміз.