ЕРІКТІЛЕР ХАЛЫҚҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ
2020 ж. 22 қазан
1016
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биылғы жыл Волонтерлар жылы деп жарияланғаны баршамызға белгілі. Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан құрылған «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесі ел игілігі жолында еселі еңбек етіп келе жатыр десек артық айтқандық емес.
Мемлекет басшысы тапсырған міндетті асқан жауапкершілікпен атқарып келе жатқан жетісулық жастар волонтерлік жұмыста өздерінің жігерін көрсетіп жүргені бүгінде көпке мәлім.
Қазіргі таңда Жетісу өңірінде 2109 еріктілер белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінде облыс бойынша жалпы 8679 қайырымдылық акциялары өткізілді. Шаралардың дені әлемді жайлап, біздің елімізді де айналып өтпеген жайлаған індетке тікелей байланысты екенін айта кеткеніміз жөн. Атап айтқанда дезинфекциялық жұмыстар – 116, дәрі-дәрмек тасымалдау бойынша – 1889, медициналық антисептик тарату –1349, жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз ету – 1234. Облыс еріктілерінің атсалысуымен бүгінгі күнде 75 813 (маска) бетперде тұрғындарға таратылды. Бұл өз кезегінде аурудың өршуіне тосқауыл болмақ.
Әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасылар қашан да қоғам назарында. Бұл бағытта Алматы облысында атқарылып жатқан істер аз емес. Атап айтқанда, еріктілердің қатысуымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 16742 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар облыс еріктілердің бастамасымен еліміздегі төтенше жағдай басталғаннан орталық аурухана, қарттар үйі, балалар үйлері сынды маңызды нысандарға еріктілер тарапынан зор қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, жалпы 1237 литр қымыз таратылып, ел саулығын сақтау ісіне пандемия кезінде зор үле қосылды. Тарқатып айтсақ, Еңбекшіқазақ ауданы – 250 литр, Райымбек ауданы – 87 литр, Кеген ауданы - 150 литр, Қаратал ауданы – 280 литр, Алакөл ауданы – 120 литр, сарқан ауданы – 50 литр, Жамбыл ауданы – 300 литр қымыз жинап таратты. Мұның барлығы қиын қыстау кезеңде қарапайым халыққа көрсетілген үлкен қолдау екенін атап өткеніміз ләзім.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған апатқа байланысты, Алматы облысынан 15 жүк көлігімен 260 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Мұның барлығы өз кезегінде еріктілердің ұйытқы болуымен жүзее асып жатыр.
Алматы облысы бойынша жергілікті атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып ұйымдастыратын бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында 1573 жас жастар практикасы шеңберінде құрылған жұмыс орындарына орналастырылды.
Жұмыссыз жастарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында 16557 адам қоғамдық жұмысқа орналастырылды.
Пандемияның бірінші толқыны елімізге оңай соқпағаны бәрімізге белгілі. Осынау қиын сәттегі еріктілер еңбегін былайша еске алады Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Дәулет Ауданбаев:
– «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің әрбір мүшесі халыққа қалтқысыз етіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Атап айтқанда, олар азаматтарды волонтерлікке тарту, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында тынымсыз жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде де 404-404 қауырт желі (горячая линия) байланыс телефоны күндіз-түні халыққа қызмет көрсетті. Тәулік бойы өз жұмысын жалғастыратын жедел желі тұтқасында халыққа бірінші кезекте көмегі қажет мамандар отырды. Олар: денсаулық сақтау саласының мамандары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша арнайы мамандар, білім беру басқармасы мамандары және еріктілер қызметін ұйымдастырушы жастар.
Пандемиямен бетпе-бет келген тұста қауырт желі арқылы байланысқан облыс тұрғындарының саны – 3000 адамға жетті.
Сондай-ақ, еріктілердің фронт-офисінде авто-еріктілер азық-түліктерді қабылдау жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар Каспий-голд мобильді қосымшасы арқылы төлем ақы жүргізіп, қажетті азық-түлікке, дәрі-дәрмекке тапсырыс беруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, 120 еріктінің қатысуымен облыс аумағындағы 44 санитарлық және блок-бекеттерде тынымсыз жұмыс жасап жатқан мамандарға түскі ас және бетперде таратылды», – дейді ол.
Ештеңеден қаймықпай, індетті де елмен бірге көріп, қиын сәтте халықтың қасынан табылған еріктілерге қаншама рет алғыс айтсақ жарасымды. Алдағы уақытта да талай игі істердің ұйтқысы болар ерікті жастардың еңбегі ел алдында елене берсін демекпіз.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz