РУХАНИ ЖАРАСЫМДЫҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАСТАУЫ
2020 ж. 22 қазан
1990
0
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде этносаралық және оның дінмен өзара байланысына қатысты белгілі бір орнықты үлгісі қалыптастырыла бастағаны белгілі. Сондықтан да азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім басты құндылығымызға айналды. Біздің көп ұлтты еліміздегі бейбітшілік пен келісім, мәдениеттер мен діндердің диалогы тұрақты жүргізіліп, оң шешімін тауып келеді.
Өкінішке орай, шетелдік экстремистік топтар жүргізіп отырған саясаттың ықпалы әлемнің көптеген елдеріне кері әсерін етуде. Қазіргі кезеңде діни экстремизм ең бір қауіпті және болжануы қиын құбылысқа, дәлірек айтсақ құбыжыққа айналды. Оның ұлтаралық қақтығыстарға, бейбіт өмірдің шырқын бұзуға бағытталған арандатушылық пиғылдан туындайтынын байқап отырмыз. Коммунистік идеология күйрегеннен соң Қазақстан аумағында барлық діни бағыттардың, оның ішінде исламның қарқынды өсуі басталды. Елімізде жүздеген мешіттер салынып, өзге де ислами мекемелердің ашылғанына куә болдық. Елдегі ересек адамдар ғана емес, жастар арасында тақуалардың қатары көбейді. Бір өкініштісі, дінге сенушілер қатарындағы жастар санының көбеюіне негізінен дәстүрлі емес ағымдар ықпал етті. Олар әлі күнге жастарды өз қатарларына тартуға күш салуда. Бұл ағымдар елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Соның ызғары біздің елімізде де салқынын тигізіп жатқаны жасырын емес. Сол себепті ислам дінінің гумандық және адамгершілік құндылықтарын біз түрлі радикалдық құбылыстарға қарсы қоя білуміз аса қажет. Демек, біздің міндетіміз – діни және мәдени дәстүрді тамырымен жою емес, оның мағынасы мен тарихи тамырын терең түсініп, оның жақсы жақтарын басты назарға алып, Қазақстанның дамуына жауапты ұлтымыздың дәстүрлі мұсылмандық үйлесімін сақтау және дамыту өте маңызды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарды діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелерін шешуге, тақуа азаматтардың белгілі бір бөлігінің көзқарастарының радикализациялануына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, осы бір жағымсыз қоғамдық құбылыстарға қарсы күрестің жаңа формалары мен әдістерін әзірлеуге жұмылдыру қажет. Бұл саяси және идеологиялық маңызы зор ауқымды жұмыс, осы бағытта тұрақты және білікті ізденістер мен үлкен күш-жігер талап етіледі. Әсіресе оң-солын толық ажыратып болмаған жастар арасында дәстүрлі құндылықтарды сіңіруде қоғамдық институттардың рөлі мен жауапкершілігіне де үлкен мән беріледі.
Ертіс аудандық әкімдігіне қарасты ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі бұл бағытта бірқатар жұмыстарды атқарып, түрлі іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Олардың басым бөлігі жастар арасында жүргізіледі. Өйткені жастардың теріс пиғылдағы жат діни ағымдардың жетегінде кетуі бүгінгі қоғамымыздағы басты дерттердің бірі екені түсінікті. Оның басты себебі – дәстүрлі дінді, мәдениетті, тарихы және салт-дәстүрлері жайлы жеткілікті білімдерінің болмауы. Сондықтан осындай мәселелердің алдын алу үшін ішкі саясат бөлімі барлық мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста болып, бірлесіп жұмыс істейді.
Айталық, Жастар бастамаларын дамыту орталығы діни экстремизмнің алдын алу бойынша бекітілген өз іс- шаралар жоспарлары бар. Жоспар бойынша жылдың басынан бастап «Сақ болыңыздар!» акциясы, «Терроризм –зұлымдық шырмауы» байқауы, дін жөнінде жастармен сұхбаттар, ғаламтор және қауіпсіздік туралы әңгіме, дөңгелек үстелдер, «Жастар әлемнің мәдениеті үшін, жастар терроризмге қарсы» сурет байқауы, «Толеранттық –бейбітшілікке апаратын жол» сияқты түрлі тақырыптық кештер өткізілді. Сонымен қатар жастарға діни тақырыптарда әр-түрлі деректі фильмдер жиі көрсетіліп тұрады. Оған мектептердің жоғарғы сынып оқушылары және агро- техникалық колледжінің студентері қатысады.
Өкінішке орай, аталмыш жылдың 16 наурызындағы карантин режиміне байланысты барлық іс-шаралар онлайн түрінде өткізілуде. Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастырумен 8 байқау және 5 акция өтті. Аудан көлемінде жыл басынан бері «Біз үйдеміз», «Менің есімде, мен мақтан тұтамын», «Жастар жемқорлыққа қарсы», «Қозы көрпеш - Баян сұлу», «Кел, жігіттер!», «Күш – бірлікте», «Соғыс жылдары әндері», «Менің бақытты отбасым» және «Береги» дәрі дәрмек тарату, «Әрбір әйелге гүл сыйлайық», «Күлкі сыйла» секілді онлайн байқаулар мен акциялар, тағы басқадай іс- шаралар өткізілді. Аталған іс – шаралардың ережелерімен шарттары crmi_irtyshsk инстаграмм әлеуметтік парақшасында жарияланып, жеңімпаздар анықталып, марапатталды.
Ауданда дін саласы бойынша арнайы ақпараттық түсіндіру, үгіт-насихат жүргізу топтары құрылған. Топтың құрамына діни бірлестіктер өкілдері және мектеп психолгтары, тарих пәнінің мұғалімдері және өзге де мамандар кіреді.Аталған топ халықтың діни сауаттылығын арттыру, елдегі конфессия аралық қатынастарды дамыту және нығайту, халықтың мемлекеттің дін саласындағы саясатына сенімін арттыру үшін құрылған. Топтың құрамы, жоспары бекітіліп, жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Былтырғы жылы аудан құрамындағы ауылдық елді мекендерде 24 іс шара өткізіліп, 500 ден астам адам қамтылды. Короновирус індеті кедергі келтіргенмен, биыл да қарқын төмендеген жоқ. Үстіміздегі жылдың басында аталған топтың мүшелерінің ұйымдастыруымен агро – техникалық колледж студентерімен кездесу өткізілді. Кездесуге «Ержан» мешітінің бас имамы Бақытбек Төлеген, шіркеу қызметшісі отец Алексий және колледждің тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Қабжанова қатысты. Кездесуге студенттер, оқу орны ұстаздары қатысып, көптеген қажетті ақпараттар алды.
Деструктивті жалған-мұсылмандық ағымдарды ажырату үшін мұсылман теологиясының тарихын білу, сенім мәселелерін түсіне білу қажет. Сол себепті биылғы жылы Павлодар қаласының Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының мамандарының қатысуымен Ертіс ауылдарында дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Семинар барысында қатысушылар өздерінің толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, оған нақты жауаптар алып, теріс
діни ағымдар туралы бейне роликтер көрсетілді. Семинар соңында кездесуге қатысқан жастарға діни мазмұндағы материалдары бар шағын кітапшалар мен буклеттер таратылды.
«Конгресс молодежи» жастар қоғамдық бірлестігінің келісімшарты негізінде, ауыл және ауылдық округтерде өткізілетін семинарлар жоспары алдынала бекітіліп, осыған орай онлайн түрінде 6 іс- шара өткізіліп, жүздеген адам қамтылды. Өткізілген барлық іс-шараларға теологтар және білікті мамандар қатысты. Жылдың соңына дейін осындай 6 іс-шара өткізілетін болады. Оған жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс арқылы 350 мың теңге қаражат бөлінген болатын.
Аудандық «Ертіс Нұры» және «Иртыш» газеттерінде «Шариғат» айдарында дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы халықтың иммунитетін қалыптастыру мақсатында діни экстремизмге, лаңкестікке және жат дінге қарсы күрес туралы 15 мақала жарияланды. Сондай-ақ, деструктивті діни қызмет құрбандарына кеңес беру және психологиялық көмек көрсету, діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша азаматтардан және ұйымдардан ақпарат алу үшін «114» сенім телефоны бар банерлер орналасқан. Ертіс ауданының әкімдігінің ресми интернет ресурсында террористік актілерді болдырмау жөніндегі халыққа арналған жадынама орналастырылған. Онымен кез келген адам таныса алады және қосымша сұрақтары болса келіп оған жауап алуына болады.
Кейінгі кезде кітапхана жұмысы тоқырауға тап болды деген пікірлер жиі айтылып қалып жүр. Біз мұндай пікірлермен келіспейміз. Керісінше бүгінгі күні кітапхана жұмысы қайта жандана бастады дер едік. Олар көптеген іс-шаралар өткізуге мұрындық болып жүр. Соның бір ғана мысалын келтірсек артық болмас. Жақында қазан айының 16-жұлдызы күні Ертіс аудандық орталық кітапханасында «Рухани келісім күні» аталып өтті. Егеменді еліміздің қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Осыған орай 18-қазан күні Рухани келісім күні болып ресми түрде аталғаны белгілі.
Аталмыш жиынға қатысқан аудандық «Ержан» мешітінің бас имамы Бахытбек Төлегенұлы бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналғанын айтып, рухани келісім ең әуелі отбасынан басталу керегін жеткізді. Одан кейін шіркеу қызметкері отец Алексий береке-бірлік еліміздің тұтастығында екенін тілге тиек етіп, рухани келісім күні жайлы өз ойларын айтты.
Одан әрі сөз тізгінін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Зейнешұлы рухани келісім болу үшін ауызбіршілік болу керегін, бірлік бар жерде тірлік барын жеткізіп, әлемді жайлаған осы бір індеттен аман шығып, бұрыңғы өмірімізге қайтадан оралуымыз қажеттігі жайлы, соған күш салуға үндеді. Сол сияқты ардагер ұстаз Нұрболат Ауталипов өз ішкі дүниемізді таза ұстап, қоғамда дұрыс қарым қатынас жасау арқылы бірлігімізді нығайтуымыз жайлы сөз қозғаса, «Ержан» мешітінің аналар алқасының мүшесі Қадиша Жарасова келісім мен сыйластыққа ештеңе
жетпейтінін, осы бірлігімізден айырылып қалмауымыз жайлы айта келе еліміз аман, бауырымыз бүтін болуын тіледі.
"Сударушки" орыс этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Качанова мен этно-мәдени бірлестіктерінің жетекшісі Бекзат Қалиякбарова да рухани келісім туралы толғамды ойларын ортаға салып, ел бірлігі жарасса ғана еліміз бір арнаға тоғысатыны сөзсіз екенін, еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдерінің ынтақ бірлігі жарасқан тату-тәтті екенін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «идеологиялық және саяси көптүрлілік мойындалады» деп бекітілген, әртүрлі плюралистік бағыттағы көзқарастар мен ағымдардың қатар өмір сүруіне жағдай жасалды. Кейбір саяси күштер осыны және қазақы кеңшілігімізді теріс пайдаланып, түрлі діни секталардың елімізде қаптап кетуіне жол ашты. Ал, оның алдағы салдары жақсы болмайтыны белгілі. Кейбір сарапшылардың пікірінше елімізде дәстүрлі емес діни ағымдар қатары көбейіп бара жатқанын айтып жүр. Ортақ саяси-экономикалық мүдделер үшін неден де болса тайынбайтын алпауыт мемлекттердің қаржылық қолдауымен еліміздегі діни ағымдар өзара бірігіп, жаман ойға кетсе біз үшін өте қауіпті. Сондықтан бұл жөніндегі құқықтық негіздер жасап, онымен бүкіл қоғам болып күреспесе болмайды.
Бұрындар жергілікті қазақтарға қарағанда орыс және өзге ұлттар саны басым болған біздің ауданда тіл және дін жағдайы мүлде басқаша болатын. Қазіргі кезде өз ұлтымыздың саны әлдеқайда басым. Негізгі сенім ислам діні, тілі қазақша. Қазір көптеген ауылдарымызда мешіттер салынып, тұрғындарымыз салауатты өмір салтын, ұлттық салт-дәстүрімізді ұстана бастады. Оған жергілікті аудандандық әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын таба береді сенеміз.
Асылбек Құсайынов,
Ертіс аудандық ішкі саясат және
тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері
Қазақ үні