БЕСІКТЕГІ БАЛАНЫҢ ТІЛІ ОРЫСША ШЫҒА БАСТАДЫ - Әділбек Қаба

Бұның себебі қазақ тіліндегі анимациялық фильмдердің аздығынан

Балабақша жасындағы балалардың тілдеріне орысша араласа бастауы елімізде орыс тіліндегі шетелдік аннимациялық фильмдердің көптігі мен өз өнімдеріміздің аздығының кесірі екені анық. Сондықтан шетелдің үздік анимациялық фильмдерін қазақшаға аудару керек. Бұл туралы былтыр ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында ақын Қазыбек Иса баяндамасында көтерген болатын. Ол бұл бала тәрбиесі үшін ең өзекті мәселені биылғы мамыр айындағы Ақпарат министрі Аида Балаеваның БАҚ басшыларымен кездесуінде де айтты. Ал таяуда Ақпарат министрі шетелдік үздік анимациялық фильмдердің қазақша аударылатыны және өз еліміздің анимациялық фильмдерін дамыту да қолға алынатыны туралы мәлімдеді.

Біз бүгін Тіл комитеті төрағасы Әділбек Қабаның осы тақырыпқа байланысты талдау мақаласын ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Осы келеңсіздікті түзеу үшін Тіл комитеті еліміздегі анимациялық фильм жасайтын барлық компанияларды жинап, алдарына нақты мәселе қойды. Неге біздің балаларымыз негізінен орыс тіліндегі өнімдерді көруге мәжбүр? Елімізде дүние танымы енді қалыптаса бастаған балаларымызға батырлар жыры, тәрбиелік, патриоттық маңызы басым аңыздар мен ертегілерден ұлттық негізі бар анимациялық фильмдер жасауға не кедергі?

... Ертеде баласының тәрбиесіне ерекше назар аударған бір адам тілі енді шыға бастаған бір жастағы баласын аты елге мәшһүр бір данышпанға апарып тәрбиелеп беруін сұрапты. Сонда әулие «Сіз екі жылға кешігіп қалыпсыз» деген екен. Айтпағы бала тәрбиесі құрсақта жатқаннан басталады. Данышпанның бұл сөзін бүгінгі ғылым да растайды. Бала құрсаққа біткеннен кейін 15-18 айында миы қалыптаса бастайды. 30-40 апталығында баланың есту мүмкіндігі пайда болады. Яғни бала өзінің ана тілін құрсақта жатып та үйрене бастайды. Сондықтан да қазақ тілін -Ана тілі дейтін болармыз...

Міне сондықтан да балаларымыздың тілі құрсақта жатқаннан, туылып дүниені тани бастағаннан қазақша қалыптасуы үшін және Тіл комитеті анимациялық фильмдерді әзірлеушілер және дубляж жасаушылардың басын қосты, ұсыныстарына құлақ асты.

Балаларымыздың көзге көрінбейтін тәрбиешілері алдында Тіл комитетінің төрағасы ретінде төмендегі ойлар мен ұсыныстарды ортаға салдым.

- Қазіргі таңда мультфильм – әлемде балалар тәрбиесін дамытудағы басты құндылыққа айналды.

Алайда бүгінгі Қазақстандағы анимация саласы қандай деңгейде? Отандық өнімдер арқылы өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беріп жатырмыз ба? Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелуде ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.

Әрине, бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатқан жоқ деп айта алмаймыз, нәтижелі жұмыстарыңыз баршылық. Алайда бұл өте аз. Неге? Әлемдік тәжірибені мысалға алайық.

Өз болашағына бей-жай қарамайтын көптеген елдер бала тәрбиесіне, оның ішінде анимациялық туындылар арқылы тәрбие беруге ерекше назар аударады. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртетін болсақ, мәселен, жапондықтар балаларына ұлттық салт-дәстүрін, өзара қарым-қатынас этикасын, адамның ортада өзін ұстау мәдениетін мультфильм арқылы үйретсе, АҚШ бұл әдіспен математика, география, физика пәндерін оқытуды қолға алған. Ал, шығыс көршіміз Қытай анимация өндірісі бойынша әлемде көш басында тұрған мемлекеттердің бірі. Олар мемлекеттің қолдауымен ұлттық мүддеге ғана бағытталған өнімдер шығарып көрсетуде. Сонымен қатар, АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай т.б. мемлекеттер анимациялық фильмдерге стратегиялық тұрғыдан мән беріп, мұны идеологиялық құрал ретінде (назар аударыңыз) пайдалануды үрдіске айналдырған. Мұндағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру.

Бүгінгі күні балдырғандар санасы тез қабылдайтын, тәрбиелік төл туындылар көбірек қажет. Өйткені, еліміздің телеарналарында беріліп жатқан шетелдік өнімдер қазақ баласына ұлттық тәрбие бере алмайды. Тіпті кері әсерін де тигізуі мүмкін. Әсіресе, тіл үйрену мәселесін баса айтып өткен дұрыс. Жас бала мультфильмді қай тілде тамашаласа, сол тілде мультфильм кейіпкерлерінің сөздерін қайталайды, әндері мен билерін, тақпақтарын жаттап алады. Мұны өзіміз де көріп, естіп жүрміз.

Еліміз бойынша мектеп жасындағы балалардың саны – 3 337 783 құрайды. Оның ішінде, 1 458 433 бала қазақ тілінде, ал 403 927 бала орыс тілінде білім алады. Сонымен қатар, өзбек, тәжік, ұйғыр тілдерінде білім алушылар бар. Енді осыншама баланы өз ана тіліндегі фильмдермен қанағаттандыру мүмкіндігі бар ма?

Қазақ тілінде балаларға арналған өнімдерді әзірлеп, тарататын «Балапан» телеарнасының жұмысын атап өтуге болады.

«Балапан» телеарнасы құрылғаннан бастап бүгінге дейін 70-ке жуық анимациялық фильм (мультхикая) әзірлеген. 300-ден аса мультхикаяларды қазақ тіліне дубляждаған (50-200 сериялық).

Қазіргі таңда «Балапан» телеарнасы 20 компаниямен (анимация әзірлеу бойынша) жұмыс істейді. 2019 жылы – 1200 минутты қамтыса, ал 2020 жылы 1800 минуттан 3000 минутқа дейін өнім шығару жоспарлануда.

«Қазақстан» телеарнасы қазақ тілінде 40 анимациялық фильмді дубляждаған, ал анимациялық сериалдар бойынша 700 серия дубляждалған.

«Болашақ» корпоративтік қоры «Өзіңнен баста» Голливуд фильмдерін дубляждау бойынша 35 мультфильмді дубляждаған.

Сонымен қатар, елімізде шамамен алғанда 30-ға жуық анимациялық фильмдерді шығарумен айналысатын компаниялар бар. Оларда осы бағытта жұмыстар атқарып жатыр. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар бар. Бірақ жоғарыдағы біз айтып өткен балалар санына шаққанда және жай ғана мультфильмдер санын көбейтін ғана қоймай ұлт тілінде, ұлттық ұғымда болуын қамтамасыз ету үшін қазіргі жасалып жатқан дүние теңізге тамған тамшыдай ғана.

Қазақстан аниматорлары қауымдастығының мәліметі бойынша 7 студия және 2 оқу орталығы тіркелген. Негізінен, барлық компаниялар мақсаттары мен міндеттері бір болуына байланысты осы қауымдастыққа тіркеліп, бірге жұмыстар атқаруға болар ма еді?

Бір қуанарлығы бізде анимациялық фильмдер жасауға машықтанған отызға жуық компания бар екен. Алайда оларды ең қиналатын жері - қаржы мәселесі Негізінен, қаржы анимациялық фильмдердің форматына (2D, 3D), кейіпкерлер санына және фильмнің ұзақтығына байланысты қажет болады.

Шамамен алғанда 3D форматындағы ұзақтығы 10 минуттан тұратын анимациялық фильмді шығару үшін шамамен 3 - 35 млн. дейін қаражат жұмсалады екен. Бұл аз қаржы емес. Сондықтан мемлекет еліміздің болашағын, ұлттық мүддені, тіл мәселесін көтеру үшін осы бала тәрбиесіне, анимациялық фильмдерге ақшаны аямауы қажет.

Жиынға қатысқан «Қазақстан» РТРК» АҚ «Балапан» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілда, «Болашақ» КҚ «Өзіңнен баста» Голливуд фильмдерін дубляждауға бағытталған жобаның жетекшісі Орынбаева Айымгүл Мэлсқызы, «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Дәуренбеков Батырхан, тағы да басқа азматтар өз ойларын ортаға салды.

Сөз алғандар бұл салаға арнайы заң қажеттілігін, мамандар дайындау, шетелде оқытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, заманауи техника мен технологияларды әкелу, жақсы сценаристер мен режиссерлерді әзірлеу, тағы да басқа мәселелер көтерді. Бұл ұсыныстардың бәрі жинақталып арнайы Хаттама жасалды. Бұл Хаттама жауапты құзырлы органдарға жіберілетін болады. Аниматорлар осы алаңда жиі кездесіп, мазалайтын мәселелерді талқылап отыруға келісті.

Аниматорларға айтарым, басты мақсатымыз – қазақ тілінде бүгін таңда кең өріс алған шетелдік анимацияға ұқсас жеңіл әрі қызықты, тартымды отандық ұлттық өнім дайындау, сөйтіп ертеңгі болашағымыз балалар тәрбиесіне белсене атсалысу болуы керек. Индияда бір кездері кино саласының мамандары бас қосып, әлем көретін дүние жасауымыз керек деп ақылдасқан екен, соңы атышулы Болливудқа ұласқаны белгілі. Сол секілді анимация саласына серпіліс әкелетіндей іс-қимыл қажет. Жасыратыны жоқ, жасөспірімдердің қазіргі ең жақсы «ойыншығы» – ұялы телефон, қала берді сыртқы орта, ғаламтор, ютуб арнасы тәрбиелеп жатыр. Ал қызықты әрі қолданбалы контенттің басым бөлігі орыс тілінде болғандықтан, қазіргі жас ұрпақтың ойлауы да, сөйлеу тілі де орысша болып жатқанын байқап жүрміз. Осы тұрғыдан келгенде Сіздер – ұлт тәрбиешісіздер. Тыңға түрен салғандай, соқпақсыз жолда келе жатырсыздар, жылдар өте келе әрқайсысыңыздың іс-тәжірибелеріңіз кітап болып басылып, есімдеріңіз сала қарлығаштарының қатарында құрметпен айтылатын шығар. Ең бастысы, бүгінгі таңда ұлт болашағы жолында бірігіп іс атқаруымыз қажет.

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесінде инновацияға ұмтылып отырған. Кезінде әйгілі Әбубәкір Диваев: «...Еуропаның егіз қозыдай ұқсас ойыншықтарын алып қарасаңыз, еш мағына білдірмейді. Қазақ даласындағы балалар ойнап жүрген дүние үлкен фантазияның жемісі», – деп таң қалған екен. Ендеше, ғылым мен техниканың дамыған заманында балалар игілігі үшін оның жетістіктерін пайдаланбау үлкен сын емес пе?!

Сөйлеушілер мен пікір білдірушілерге құлақ түрсек, қоғамда мультфильм туралы түсінік, өкінішке орай, балаларға арналған кинотуынды дегеннен әрі аспайды. Ал анимацияға деген сұраныстың күні енді туды. Алдағы уақытта анимациялық фильмдерді қазақ мүддесіне тез бұрмасақ, балалар қай елдің тіліндегі, ұғымындағы муьтфильмдерді көрсе сол елдің тілінде сөйлеп, сол елдің құндылықтарымен тәрбие алып шығатын болады. Біз есімізді жинағанша тағы бір ұрпақты жоғалтып алуымыз мүмкін. Дабыл! Дабыл! Дабыл!

Әділбек Қаба,

Тіл комитетінің төрағасы

Қазақ үні