Жемқорлыққа төзбестік қашан қалыптасады?
2020 ж. 17 қазан
1152
0
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» аталатын биылғы Жолдауында:
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауы тиіс. Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек» деп жемқорлықпен күресті күшейте түсуді тапсырған болатын.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың тамыз айында өткен кеңесте Мемлекет басшысы: «Халықаралық сарапшылардың айтуы бойынша мемлекеттер пандемияның салдарымен күреске мол қаражат жұмсап жатқан кезде қаржыны мақсатқа сай пайдаланбау және жымқыру қаупі арта түседі. Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды», – деп сыбайлас жемқорлықпен күрестегі негізгі бес бағытты:
Бірінші. Сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн.
Екінші. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Үшінші. Мемлекеттік қызметтерді жедел цифрландыру.
Төртінші. Бизнесті қорғау.
Бесінші. Қоғамдық бақылауды күшейту.
деп атап-атап көрсетіп берді.
Президенттің сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу туралы айтқандарын жүзеге асыру үшін еліміздегі үшінші мегаполистің әкімдігі тиісті органдармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп тиянақты жұмыс жүргізуде.
Жоғарыдағы ұкүрестің бес бағыты бойынша да іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде.
Бірінші. Сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн.
Таяуда ғана Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті №2 қалалық аурухананың ұжымымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру мақсатында жиын өткізді.
Шараға Департаменттің Алдын алу басқармасының басшысы Н.Қасымбеков, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Қ.Анарбеков және аурухана ұжымы қатысты.
Іс-шарада Департаменттің Алдын алу басқармасының басшысы Н.Қасымбеков жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, сыбайлас жемқорлықтың себептерін бірлескен шаралармен жоюға шақырды. Сонымен қатар, басшыларға бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына жол бермеу міндеті енгізілгені туралы айтылды.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдағы негізгі бастамаларға тоқталып, аталған Заң сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталғандығын хабарлады.
Денсаулық сақтау саласы өкілдеріне қатысты келіп түскен шағымдардың аз еместігі хабарланып, басты мақсат - жемқорлықтың алдын алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, талқылау болып табылатындығын жеткізді.
Өз кезегінде, Штаб мүшесі Қайрат Анарбаев жүрегінде иманы бар, парасатты тұлғалар ғана жемқорлықты толығымен жойып, еліміздің жанашыры ретінде адал қызмет ететіндігін мәлімдеді.
Кездесуде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы талқыланып, қатысушылар жемқорлықтың алдын алуда белсенділік танытуға шақырылды.
Сонымен қатар, шарада сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез-келген азамат Агенттіктің тәулік бойы қызмет ететін 1424 Call-орталығына хабарласа алатындығы жеткізілді.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жыл басынан бері осы бағыттағы түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Сыйбайлас жемқорлық орын алып, қызметкерлері жазаға тартылған мекемелерге де ізін суытпай арнайы барып, ұжыммен бас қосып, оларға сыбайлас жемқорлықтың қандай қорлыққа апаратындығы жөнінде, оны болдырмау, алдын алу, құқықтық негізде түсіндіру, сақтандыру бағытында әңгіме өткізіп отырады.
Екінші. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азаматтардың күнделікті тұрмысында жиі орын алады.Жұмысқа тұру, құжаттар рәсімдеу, жер телімін алу, сәбиін балабақшаға орналастыру, басқа да өмірдегі жағдайларға байланысты кейде шаруасын жедел бітіру үшін, болмаса оны бітірушінің талап етуімен пара беруге мәжбүр болады. Сондай жағдайдың бірі – жүргізуші куәлігін алу мен автокөлікті тіркеу кезінде орын алады. Осы жағдаймен күресу мақсатында Халыққа қызмет көрсету мамандандырылған орталығының аумағында көлік жүргізушілері үшін «Екі есе төлеме!» акциясы ұйымдастырылды. Шымкент қаласында жүргізуші куәлігі мен автокөліктерді делдалсыз тіркеуге насихаттайтын іс-шара өтті.
Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының мамандары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, Шымкент қаласының полиция департаментінің қызметкерлері «Екі есе төлеме» атты үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Мемлекеттік қызметтерді «көмекшілерсіз» қалай алуға болатындығы туралы көлік иелеріне түсіндіріліп, ақпараттандырылды. Оларға «жүргізуші куәліктерін беру» және «көлік құралдарын тіркеу» мемлекеттік қызметтерін онлайн режімде алу процесі көрсетілді.
Мемлекеттік корпорация филиалының директоры Данабек Исабеков атап өткендей, азаматтар мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, автокөлікті қайта рәсімдеп, жүргізуші куәлігін ауыстыра алады. Бұл азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдейді.
- Мұнда күн сайын 500-ге жуық жүргізуші куәлігі беріліп, 1500-ден астам көлік құралы тіркеледі. Көптеген мемлекеттік қызмет электрондық форматқа көшуде. Онлайн тіркеу мамандандырылған ХҚО-ға жүгінбей-ақ, автокөлікті рәсімдеуге және жүргізуші куәлігін ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдейді және кезек күту қажеттілігін жояды, - деді филиал директоры.
Данабек Исабековтің айтуынша, мұндай іс-шаралар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және делдалдармен күресуге көмектеседі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Әли Көмекбаевтың айтуынша, компьютерді пайдалану мүмкіндігі жоқ азаматтар мемлекеттік қызметтерді қалада орналасқан egov аймақтарында ала алады.
Мұндай әрбір қызмет көрсету секторы керекті техникамен жабдықталып, электрондық үкімет порталы мен басқа да мемлекеттік ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді. Шымкенттіктер өздеріне жақын нүктелерді 2ГИС қосымшасы арқылы таба алады.
2020 жылы Шымкент қаласындағы үш мамандандырылған ХҚО қызметкерлері азаматтарға 52 мыңға жуық жүргізуші куәлігін беріп, автокөліктерді қайта тіркеу бойынша 195 мыңнан астам қызмет көрсетті. Жыл басынан бері 7 мыңнан астам қызмет алушы жүргізуші куәлігін электронды өтініш беру арқылы ауыстырды. Сонымен қатар, көлікті қайта тіркеу бойынша 10 мыңға жуық автокөлік иесі онлайн қызметті пайдаланды.
Жалпы, жоғарыдағы мысалдан көрініп тұрғандай мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың орын алуы мен жең ұшынан жалғасудың кесірінен қарапайым тұрғындар амалсыз шаруасын пара беру арқылы шешуге мәжбүр болады. Тұрмыстық жемқорлық пен парақорлықпен күресте нәтижеге жету үшін әрбір мемлекеттік органның басшысы еңбек ұжымындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға міндетті және мүдделі болуы тиіс.
Өйткені, Мемлекет басшысының биылғы мамыр айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өткізген жиынында қарамағындағы қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық пен парақорлық фактілері орын алған жағдайда бірінші басшылардың отставкаға кету туралы өтініш жазуы тиістілігі мен оларды отставкаға жіберу не орнында қалдыруды одан жоғары тұрған басшылықтың шешуі тиістігі туралы айтқаны белгілі. Сондықтан, мекемелердің бірінші басшысы өз ұжымында сыбайлас жемқорлық пен парақорлық жағдайларының орын алмауына мүдделі болуға тиісті. Ол үшін мекеме басшылары ұжымда тиісті органдар өкілдерінің жиі болып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, орын алуына жол бермеу жөнінде қызметкерлермен әңгіме, ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізуін ұйымдастыруға мүдделі болғаны жөн. Мемлекет басшысы айтқандай, әрбір қазақстандықтың бойында сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа төзбестік мәдениетін қалыптастыру елімізде бұл індеттің алдын алуға және біртіндеп қоғамымыздан аластауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес ұжымдардағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша
шараларды қабылдамағаны үшін мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының жауапкершілігі қаралады.
Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы қызметінің 1424 CaII-орталығына хабарласа алады.
Аманғали ӘБУОВ, журналист.
Шымкент қаласы.
qazaquni.kz