ПАРЛАМЕНТТЕГІ АЙҚАЙ ДӘРІГЕРЛЕР ӨТЕМАҚЫСЫНА ЖАЛҒАСТЫ
2020 ж. 16 қазан
1120
0
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің парламентте министрлер мен ведомоство басшыларының жауапсыздығына жаны төзбейтіндігі елге белгілі. Әсіресе, мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын министрлер мен вице-министрлердің шаңын қағып алатыны тағы бар. Спикердің қазақша сөйлей алмайтын қазақ шенеуніктерінің терісін талай сыпырғаны туралы "Қазақ үні" бірнеше рет жазды.
Бұл жолы Мәжіліс төрағасының қаһарына Денсаулық сақтау министрі ілікті.
Мәжілісте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус инфекциясынан зардап шеккен және қайтыс болған медицина қызметкерлеріне жәрдемақы мен өтемақыны төлеу туралы есебі тыңдалды.
Мәжіліс қабырғасын солқылдатқан талқылауға қарасақ, біраз мәселеге көз жеткіземіз.
ҚазАқпарат агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин коронавирус індетіне шалдыққан медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ осы пандемиядан қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына төленетін төлемдердің әлі толық төленбегендіктен, осы өмірлік маңызы бар мәселеге ерекше назар аударды.
Қазір үлкен мәселе болып тұрған бұл тақырыптың маңыздылығын атап өткен Нұрлан Нығматулин биылғы 22 қыркүйектегі жағдай бойынша індетке шалдыққан дәрігерлердің жалпы санының 14%-дан астамына ғана, сонымен бірге қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларының 13%-ға жетер-жетпесіне ғана төлем жүргізілгеніне тоқталды.
Мұндай жағдай денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің наразылығын тудырып, Мемлекет басшысына және Парламент депутаттарына жүгінуге мәжбүр ететінін айтқан Мәжіліс спикері:
«Коронавирус пандемиясы кезінде, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың шешімдері өте жедел де кәсіби болуы тиіс. Бұған партиямыздың Көшбасшысы-Елбасы және Мемлекет басшысы ерекше назар аударады», – деді.
Мәжіліс төрағасының айтуынша індетке шалдыққан медицина қызметкерлері мен қайтыс болғандардың отбасыларының төлемақысына қатысты, анықтап айтқанда, төленбеу жағдайы құзырлы министрліктердің әлеуметтік бөлімдері арасында өзара іс-қимылдың жоқтығы мен ойластырылмаған қадамдарының нәтижесі. Енді қазір пандемия кезінде медицина қызметкерлерін қолдау туралы Президенттің тапсырмаларын орындау үшін барлық жіберілген олқылықтардың орнын толтыру маңызды.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ақпаратқа қанағаттанбаған Нұрлан Нығматулин "бұлардың бәрі сандарды сапыру" деп, бір-ақ кесті.
Мәселен, аталған министрлік ұсынған ақпаратқа сәйкес, Еңбек министрлігіне 4 064 өтініш берілген. Сонымен қатар, кәсіби қызметін атқару кезінде 8 333 дәрігер, барлығы 12 830 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына шалдыққан.
Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жоғарыда аталған 4 064 өтініштің өзі Мәжілісте осы мәселе тыңдалатыны белгілі болғаннан кейін ғана жасалынғанын айтып:
«Егер өткен 6 ай ішінде 2 475 өтінім берілсе, соңғы санаулы күндер ішінде 1 589 өтінім берілген. Яғни, берілген өтініммдер саны 1,6 есеге артып, ал өтемақы төленген адамдар саны 2 есеге дейін өскен. Алты ай бойында дертке шалдыққан барлығы 1 830 дәрігер өтемақыға ие болса, ал соңғы біраз күнде 1665 дәрігерге төлемақы беріп үлгерген. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына өтемақы төлеу бойынша да жағдай осындай», – деді Нұрлан Нығматулин.
Мұндай өрескел жағдайдың орын алуына тағы бір себеп, коронавирус инфекциясынан зардап шеккен және қайтыс болған медицина қызметкерлерінің көпшілігі аймақтық комиссиялардан растау ала алмаған.
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, жәрдемақылар мен өтемақыларды беру рәсімінің шамадан тыс бюрократияландырылуы да мәселенің оң шешімін табуына кедергі келтіріп отыр.
Атап айтсақ, оны алу үшін ауырғандар мен қайтыс болғандардың жақындарының өтініміне 5 жыл бұрын бекітілген инфекциялық аурулар ошағын эпидемиологиялық зерттеу картасы қоса берілуі тиіс. Ондағы талаптар коронавирус инфекциясының нақты белгілерін көрсетпейді, ал оны егжей-тегжейлі анықтау және сипаттау төлем мерзімдерін одан әрі кешіктіреді. Бұл Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің біржолғы төлем тәртібін анықтау бойынша 9 сәуірдегі бірлескен бұйрығына негіз болып отыр.
«Сіз қазіргі жағдай талаптарына мүлдем жауап бере алмайтын 2015 жылғы бұйрықты ойланбастан көшіру арқылы жағдайды қиындатып отырғаныңызды түсінесіз бе? Осының салдарынан жергілікті жерлердегі өңірлік комиссиялар тиімді жұмыс істей алмайды. Өйткені, оларға көптеген құжаттарды қарау қажет. Адамдар ауырып, оның үстіне әлі де қалпына келе алмай жатып, 43 қосымшаны жинауы керек. Осы рәсімді жеңілдетуге болатын еді ғой. Бұны ертерек жасауға не кедергі болды? Демек, немқұрайлы қарағансыздар», – деп, сынады Нұрлан Нығматулин.
Төлем жағдайына қатысты жіберілген қателіктердің тағы бір себебі, төтенше жағдай кезеңі аяқталғаннан кейін қажетті Бұйрықтың болмауы. Бұйрықтың тиісті жаңартылуы тек 22 шілдеде болған.
«Тек осы жерде, Мәжіліс қабырғасында, соңғы 2 күнде тынымсыз жұмыстың нәтижесінде ғана сіздер дұрыс тетіктерді ойластыра бастадыңыздар, – деді Мәжіліс төрағасы.
Мәжіліс төрағасы сынынан үкімет те сау қалған жоқ. Нұрлан Нығматулин аймақтық комиссия жұмысының ұйымдастырылуына назар аудара келіп, оған Ведомствоаралық комиссия тарапынан қажетті бақылаудың болмағандығын баса айтты.
«Ведомствоаралық комиссия, Үкімет тарапынан бақылаудың болмауы аймақтық комиссиялар жұмысы бойынша жалпы өтемақы төлеу бойынша осындай өкінішті жағдайға алып келді», – деді Мәжіліс Төрағасы вице-премьер Ералы Тоғжановқа.
Сондай-ақ, комиссияларды құру кезінде де немқұрайлылық байқалғаны айтылды. Мысалы, еліміздің 17 аймағы бойынша жиыны 5-ақ тиісті комиссиялар құрылған. Ал, талап бойынша, негізі сәуір, мамыр айларында қосымша – 4, маусым айында – 5 комиссия құрылу керек болатын.
Ал, коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмония өршіп тұрған Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бұл жұмыстар тамыз айында ғана қолға алынған.
«Осындай маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысы бар – вице-премьерден бастап министрліктің әр қызметкері – әрбір санның артында қиын жағдайда жұмыс істеген, ал кейбірі жақындарынан айрылған адамдар тұрғанын түсінуге тиіс. Енді олар өздеріне тиісті ақшаны алу үшін табалдырық тоздырып, көптеген қағаздарды толтырады. Бұл тіпті қарапайым адами көзқараспен қарағанның өзінде дұрыс қадам емес, – деді Нұрлан Нығматулин.
ҚазАқпараттың осындай дерегіне қарасақ, Мәжіліс төрағасы Денсаулық министріне шегінер де, тығылар да жер қалдырмаған.
Иә, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің қатал сыны негізсіз емес екенін елдің бәрі біліп отыр.
Өткен жаздың ортасынан бастап, қыркүйек айында да ел аралап, халықпен жүздескен "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған депутаттар Қостанай, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарын аралағанда да, індетпен алысқан дәрігерлерге "Ақ жол" партиясының "Жанқиярлық еңбегі үшін" медалын табыстау кезінде де барлық жерде осы дәрігерлерге тиісті өтемақы төленбегені туралы мәселе көтеріліп қалып жүрді.
Бұл Мәжілістегі пандемияға байланысты Денсаулық саласындағы кемшіліктер мен қолдан жасалған бюрократияның қатты сыналуы Президентке де жетіп, бұл мәселенің нүктесін мемлекет басшысы қойды.
"Бұл жол беруге болмайтын ахуал. Медицина қызметкерлері өздеріне тиесілі ақшаны өтініп сұрап алуға тиіс емес!"-деп, қатаң айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Індеттің екінші толқыны жағдайында негізгі соққыны тағы да медиктер өздеріне алады. Дәрі-дәрмек пен аппараттар емес, дәл солар біздің негізгі ресурстарымыз саналады. Медицина қызметкерлерін қолдау қажеттігі ешкімге күдік тудырмайды. Менің тапсырмаммен екінші жартыжылдықта төлемақыға 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Дегенмен, төлемақы мен сақтандыру төлемін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер жасалып, тіпті бұл мәселемен парламент те айналысты. Жергілікті жерлерде төлемақы бойынша "цифрлармен ойын" жалғасып, оларды бөлудің әлі күнге дейін ашықтығы жоқ. Бұл жол беруге болмайтын ахуал. Бұған қоса, бас дәрігерлер жұмыс уақытын дәрігердің пайдасына емес түзетуге тырысады. Медицина қызметкерлері өздеріне тиесілі ақшаны өтініп сұрап алуға тиіс емес, – деді президент.
Мемлекет басшысы Тоқаев коронавирустан қаза тапқан дәрігерлердің отбасына ешқандай тексеру жүргізілместен барлық төлемақы берілуі керектігін қадап айтты.
– Қазір бұл жағдайлар түрлі комиссияда қаралып, өтемақы тек 37 ғана отбасыға төленген. Мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Постфактум өлім себебін анықтау көптеген қиындықтарды, оның ішінде әдеп сипатындағы қиындықтарды тудырады. Осыған орай Үкіметке бұл мәселеде мұндай тексерулер жүргізбестен қаза тапқан медицина қызметкерінің отбасына тиесілі барлық төлемақыны төлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыдан соң ғана, қамшыламаса, жүре қоймайтын біздің Үкімет қозғала бастады. 13 қазан күні "COVID-19-ға қарсы күресте қаза тапқан барлық 182 медицина қызметкерінің туыстары Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 10 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем алды", деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұдан басқа, COVID-19-бен күресуге тартылған 5,3 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтыруына байланысты МӘСҚ-дан біржолғы әлеуметтік төлем алды.
Иә, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің парламенттегі үкіметті қатал сынауының ақыры дәрігерлердің өтемақысын алуға жалғасты.
Өйткені, қаншама адам қынадай қырылған қан майданның ішіндегі арпалыстан шыққан дәрігерлерді енді өтемақысын бермеу үшін құжат жинау "майданына" тастау шынында да, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тура айтқандай, "Бұл жол беруге болмайтын ахуал!"
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"