Ұлт тағдырын ойласақ дін мәселесіне бей-жай қарауға болмайды - Думан Рамазан
2020 ж. 16 қазан
2159
0
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ. К. Тоқаев мырзаға
АШЫҚ ХАТ!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Еліміздің ата заңында ар-ождан бастандығы туралы, дінге және діни нанымға байланысты кемсітуге болмайтындығы, сондай-ақ қандай дін болмасын, азаматтардың ерекшеліктеріне қарамастан тең құқылы екендігі жазылған. Осыған байланысты Қазақстанда көптеген дін мен діни ұйымдарды ресми түрде тiркеуден өткiзiп, заңды тұлға ретiнде алаңсыз өз дiндерiн уағыздаумен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Жалпы елімізде үш мыңнан аса діни бiрлестiк заңды түрде тiркелiптi. Атап айтар болсақ, ислам, оның шиттiк және сүниттiк бағыттары, христиандық православиелiк, католиктiк, протестанттық бағыттары, олардың лютерандық, кальвинистiк, менониттiк, баптистiк, мормандық, адвентистiк, пятидесятниктiк, перфекционистiк, иегов куәлары сияқты толып жатқан салалары қатарласа өмiр сүрiп келедi. Еврейдiң иудаизмi мен оның модернистiк ағымдары, тiптi сионистiк салаларына дейiн кейде ашық, кейде жасырын жұмыс жүргiзiп жатыр. Буддизмнiң кришна және ламанизм сияқты түрлерi де сайран салып, ел қауіпсіздігіне қауіп төндіріп жүр. Соның салдарынан әр елді мекенде қазақтар ұйымдастырған "Құтқару жолы", "Үмiт жарығы", "Рахым" атты түрлерi, шетелдiк христиандық шiркеулер, қазақтың ұлттық христиан хоры, дiнiн сатқан мыңдаған қазақ христиан-баптистерi, қазақ иегова куәлары, қазақ пресвитериондары, қазақ кришнаидтерi сияқтылардың қатары күн өткен сайын көбеймесе азаймай отыр. Ал тіркелмей, заңсыз жұмыс істеп жүрген діни ағымдар мен ұйымдар қаншама. Қазiргi кезде дүние жүзiнде болып жатқан қарулы қақтығыстардың басым көпшiлiгiнiң ең басты себептерiнiң бiрi – дiни ағымдардың қарама-қайшылығы екенін ескерсек, бұның арты жақсылыққа апарып соқтырмасы бәсенеден белгілі. Осыларды көрiп-бiле отырып, сабақ алмауымыз өкiнiштi-ақ.
Елімізде де шетелдiк миссионерлер өздерiнiң дiни ағымдарын уағыздап, қазақтарды өзге дiнге үгiттеу жұмыстарын қызу қарқынмен жүргiзіп келеді. Саналуан діни кітаптар мен кітапшалар таратып, жас ұрпақтың бастарын айналдырып, саналарын улап жатыр. Осындай құйтұрқы іс-әрекеттің салдарынан қазақтардың арасында да өзге дiндердi қабылдап, солардың жетегінде кетіп, уағызшысына айналғандардың қатары да күн өткен сайын арта түсуде. Бұған ғаламтордың да тигізіп жатқан зияны мол. Діни сайттардағы ақпараттар мен мәліметтердің шамадан тыс көп әрі қолжетімді болуы діни экстремистік идеялардың таралуына кең жол ашуда. Сондықтан бұндай діни сайттарға белгілі дәрежеде шектеулер қойылып, олардың немен айналысатынын, қандай бағытта жұмыс істеп, нендей материалдар жариялайтынын анықтап, арам ойларының елімізге таралуына қатаң тиым салу керек.
Көптеген діни ұйымдар мен бірлестіктердің, неше түрлі ағымдардың мемлектіміздің шаңырағын шайқалту мен халқымызды іштен ірітіп-шіріту мақсатында жұмыс істейтінін бәріміз білеміз. Біле тұра, құқық қорғау орындары нақты шаралар қолданбай, шарасыздық танытып отыр. Өзге діндер мен діни ағымдарды дәріптеп жүрген шетелдік миссионерлерді Қазақстанның кез-келген түкпірінен, әр елді мекеннен, әр көшеден, әр саябақтан көресіз. Өйткені, ондай діни ұйымдар мен бірлестікетердің басым көпшілігі бейбітсүйгіштік қызмет түрлерін бетперде қылғандарымен, жасырын, астыртын, тіпті ашық түрде миссионерлік жұмыстармен айналысады. Соның кесірінен қаншама қаракөз қандастарымыз жат пиғылдылардың алдап-арбауына еріп, құрған қақпандарына шырмалып, теріс жолға түсіп, айдың күннің аманында адасып жүр. Оларды оқытып, саналарын әбден улап тастайды. Миссионерлік ұйымдарға кейбір шет елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесіп, бірлесе жұмыс жасайтыны да жасырын сыр емес. Міне, сондай өзге дін мен ағымдарға өткен қандастарымызды шетелдік қаржылық һәм миссиоерлік топтар мен күштер күні ертең өзімізге қарсы пайдаланбасына кім кепіл?! Бір қазақ қырық діни ағымға бөлініп, қырықпышақ болып, бір бірімізге қару кезеніп, атысып-шабысудан тайынбаспыз. Шетелдік миссионерлердің ойы да, мақсаттары да, көздегендері де осы. Бұл қауіпті құбылыс күндердiң күнiнде ұлттығымыз бен елдiгiмiздiң түп тамырына балта шабуы әбден мүмкiн. Еліміздің, ұлтымыздың, жас ұрпақтың тағдырын ойласақ, бұл мәселеге бей-жай қарауға әсте болмайды. Сондықтан бұндай келеңсiзсіздіктерге жол бермес үшiн, ең алдымен заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгiзу қажет.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден осындай жат пиғылды діни ұйымдар мен бірлестіктердің бәрін мұқият тексертіп, әр басқан қадамдарын жіті бақылауда ұстап, заң бұзушылықтар мен миссионерлікпен айналысатындарын қылмыстық жауапкершілікке тартуға пәрмен беруіңізді және осы бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне ерекше тапсырмалар жүктеуіңізді сұраймын!
Құрметпен,
Думан РАМАЗАН,
Журналист-жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты