Сот және рейдерлік.

                                      СОТ ЖӘНЕ РЕЙДЕРЛІК. БҰЛ ЕКЕУІ ЕГІЗ ҰҒЫМҒА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?   "Мына заман кімдікі? Күштінікі! Азуы алты қарыс тістінікі!"                                               Сәбит Дөнентаев «Қайдан келесің? Соттан келемін. Соттан емес-ау, оттан келемін!»                                                          Бейімбет Майлин     ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Б.Бекназаровқа! Шымкент туралы әр кім әртүрлі пікір айтады. Соның ішінде әдетте жағымдысынан жағымсызы басым түсіп жатады. Себепсіз салдар жоқ, осы мәселенің ұшы айналып өзімізге келіп тиеді. Кінәнің бәрі өзімізден. «Не шықса да, Шымкенттен шығады» деген «современный» мақалдың дұрыс екендігіне күн санап дәлел тауып беріп жатамыз. Мысалы, басқа саланы былай қояйық, әділет іздеген адам баласының барар жер, басар тауы таусылғанда, есігін соңғы үмітпен ашатын жалғыз мекеме қалады. Ол – сот орындары. Елбасымыз да оларға аса зор мәртебе беріп қойды. Бюджеттік мекемелердің арасында ең жалақысы жоғары солар. «Кому на Руси жить хорошо?» деген Некрасовтың сұрағын бүгінгі Қазақстанға қатысты қоятын болсақ, сот қазыларынан артық өмір сүріп жатқан жан жоқ екеніне көзіңіз жетеді... Себебі, қай даулы мәселе болсын, түптеп келгенде сот арқылы шешіледі деген тұжырымға тоқтап, жұмыс істеп жатқан елміз. Бір ауыз сөзбен айтқанда сот орындарына елдегі барлық түйіні шешілмеген сұраққа төрелік айтуға құзыр берілген. Ал, сол соттардың өздерінің ісі оң ба, теріс пе, оған төрелік айтатын кім бар? Ешкім жоқ. Иә, айтпақшы ... Жоғарғы Сот бар екен ғой. Бірақ, «қарға қарғаның көзін шұқушы ма еді»? «Ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді?» Бұл кіріспе бізге не үшін керек болды, енді соған келейік. Әңгімемізді сәл арыдан бастайық. Сонау 1982-1985 жылдары Шымкент облыстық халық депутаттары атқару комитетінің шешімімен «халықты отынмен қамтамасыз ету үшін» – кеңес заманы ғой! – Сайрам ауданы, Тассай ауы­лының шығыс жағынан, Ленин колхозының пайлық жерінен, колхозшылардың рұқсатымен арнайы жер бөлініп, облыстық «Шымкентотынбазасы» ашылады. Ол база келген көмірді қабылдап алу үшін өз күшімен, шаруашылық әдіспен, Шымкент-Алматы магистральды темір жолынан тартылып, отын (көмір) базаға дейін 2350 м тұйық жол (орысша құжаттарда ол «подъездной путь» деп аталған) салады. Салынған тұйық темір жол отын базасының балансына беріледі. Қазақ темір жолының Шымкент бөлімшесі 1987-1990 жылдары әлгі тұйық темір жолдан шығарып қосымша, өздерінің трансформатор стансасына дейін, ұзындығы 700 м ғана «соқыршек» жол салады. Енді бүгін келіп «Қазақстан темір жолы» тәрізді алып компания жеке бір кәсіпкерлердің дүние-мүлкін тартып алып жатыр» деп әңгіме бастай беруімізге мүмкіндік бар секілді. Бұл жолға темір жол басшылары не үшін көз тігіп отыр? Шынына келгенде ол кішкентай ғана жол бұл мекемеге бес тиынға керегі жоқ. Трансформаторға май құю үшін немесе керек затын ауыстыру үшін бір жылда бір, ары кетсе екі-ақ рет барады. 2010 жылы көмір бағасы қатты көтеріліп, оның әр тоннасы 10 мың теңгеге шығып кетеді. Бұған қиналып, арыз-шағым жазған халықтың мұң-зарына облыстық әкімшілік құлақ асып, әкімнің бірінші орынбасары Б.Оспанов мырза Қарағанды облысындағы көмір өндірушілермен келісімге келеді. Сөйтіп, облыста сол жақтың көмірін халыққа жеткізіп беретін, өндірушінің бағасына тек шығынын ғана қосатын, пайда табу үшін үстеме баға қоспайтын мекеме іздестіре бастайды. Облыс­тағы антимонополиялық бас­қар­ма көмірдің тоннасы 5800 тең­геден аспасын деген талап қояды. Міне, осы кезде сонау сек­се­нінші жылдардың басынан отын базасы, кейін жекешеленген «Сары-Арқа» компаниясы өзінің мекемелеріне қарасты тұйықтық темір жолды 1990-жылдары Қазақ темір жолының Шымкент бөлімшесі өз балансына алып алғанын естиді. Естиді де таң қалады. Тұйық темір жол отын базаның балансында болатын. Ешкімге ол өткізген емес, ешкім одан қабылдап алған да емес. Бір затты, мүлікті екінші қожайын иеленуі үшін «Өткізу-қабылдау акті» деген құжат болатынын, оған екі жақ та қол қоятынын, сол актіде қандай мүлік, қандай мөлшерде, саны, көлемі, жылы мен айы-күні де көрсетіліп барып рәсімделетінін, сонда ғана ол заңды мүлік болып саналатынын бүгінгі нарық заманында бесінші курстың заңгер-студенті ғана емес, мектеп баласы да біледі. Бұндай құжат темір жол­шыларда атымен жоқ болып шы­ғады. Материяның заңы ғой ол, «жоқтан бар болмайды» деген. Міне, енді осындай «қосқо­жайындықтан» құтылу үшін тұйық темір жолдың шынайы иесі болып саналатын «Дала» ЖШС арыз беріп, ол ауданаралық эконо­ми­калық сотта, бірінші сатыдағы сотта қаралды. Сот даулы темір жолды барып, өз көзімен көрді. Сөйтіп, сот қазысы (судья) Л.Тұрғараева әділ шешімін шығарды. Бірақ, аталы сөзге тоқтаған «темір жол» болған жоқ. Қайтадан апелляциялық арыз беріп еді, оны қайтадан өздері қайтарып алды. Сөйтіп жүргенде апелляция беретін мерзім бітіп қойды. Олар енді бірінші сатыдағы сотқа «жаңадан ашылған мән-жайға байланысты» деп тағы арыз берді. Оны қараған сот қазысы Л.Тұрғараева «бұл айтып отырғандарыңыз «жаңадан ашылған мән-жайға» деген санатқа кірмейді» деп ұйғарым шығарды. Тыпырлаған темір жол бөлімі не істеді? Олар Л.Тұрға­раеваның демалыста жүрген кезінде бірінші сатыдағы сотқа «жаңадан ашылған мән-жайға байланысты» деп тағы арыз берді. Арыз басқа судьяға – Дербісоваға түседі. Бірақ, бұл судья да «айтып отырғандарыңыз «жаңадан ашылған мән-жайға» деген санатқа кірмейді» деп ұйғарым шығарып береді. Теміржолдықтарға «артқа шегінер жер жоқ» болғандықтан, олар Дербісованың ұйғарымына апел­ля­циялық арыз береді. Облыс­тық соттың апелляциялық алқасы Дербісованың «жаңадан ашылған мән-жай» жоқ деп, істі өз қарауына алмағаны заңсыз деп тауып, қайтадан бірінші сатыдағы сотқа жібереді. Міне, осы жерге келгенде дүние сиқыршының қолында­ғыдай теріс айналып жүре берді. Облыстық сот қайта қарауға жі­берген кезде ауданаралық сот қа­зысы (Адамов деген фамилиясы қандай әдемі!) бұл жолы «темір жолдың» пайдасына шешім шығарды. Сондағы дәлелі – даулы тұйық жол стратегиялық жол болып саналады-мыс... Жарандар-ау, о баста ер бала болып туылған нәресте қыз балаға айналып кетпейді ғой. «Подъездный путь» қалай соттың қалауымен «стратегиялық жол» болып шыға келуі мүмкін?! Шынында да, ҚР Азаматтық Кодексінің «стратегиялық нысандарға» тиісті баптарын қарасаңыз, онда ақ қағазға қара сиямен «тұйық жол стратегиялық нысанға жатпайды» деп жазылып қойылған. «Дала» ЖШС бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым берді. Оны қараған облыстық сот алқасы Адамов мырзаның шешімі мен ұйғарымын теріс деп тауып, істі қайтадан бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін деген шешімге келген. Ойпырмай, мына дүние не болып барады өзі? Соттарға осыншама адамның денсаулығы, жұмысы, уақыты, т.б. бәрі екі ортаға қақпа­қыл етіп, әрі теуіп, бері теуіп ойнап отыра беретін ойыншық доп болғаны ма? 2011 жылы бастау алған іс, міне, 2013 жыл басталды, шешілер түрі жоқ, шеті-шегі көрінбейді. Теміржолшылар болса, еш­қандай құжат көрсете алар емес. ҚР «Сәулет және құрылыс істері» туралы заңға сәйкес ең басты құжат жоғарыда айтылған «Өткізу-қабылдау актісі» ғана болуы тиіс. Ең болмаса темір­жолшыларда олардың тұйық жолды өздеріне балансқа қа­былдап алуына негіз болуға жарайтын құжаттар да жоқ қой. Мысалы, бұл жолдың бәрін біз салып едік, тиісті құжаттарымыз жоқ болса да, оған мұншама қаржымыз, мұншама затымыз шығын болып еді» деген секілді. Орысша айтқанда олардың балансқа алуына деген мотив та жоқ. Ал, юриспруденцияның анықтамасы бойынша, мотив жоқ жерде іс-әрекеттің болуы да мүмкін емес. Теміржолшылар «для достижения цели все средства хо­роши» деген большевиктік ұстанымды ту етіп алған болса керек, тікелей жалған құжаттар жасауға дейін барып отыр. Мысалы, олар даулы жолды өз арыздарында №12 жол деп көрсеткендерімен, дәлелдік құжаттарының ішінде ол жол біресе №12 болып, біресе ДРКС болып, әр жерде ұзындығы да, іске қосылған мерзімі де әртүрлі болып көрсетілген. Ал, «Дала» ЖШС тиесілі әлгі жол стансалық электронды таблода «Тупиковый путь №9Т топливной базы» деп, өзгертілмеген күйінше тұр. Оны өзгерту де мүмкін емес! Соңғы кезде теміржолшылар «авизо» дегенді тауып алыпты. Ал, «авизо» ішкі айналымда ғана жүретін құжат. Мен тіпті олардың қолына «көзір» ұстатып, «соқыршек жолға» қатысты құжаттарыңызды көрсетіңіздерші» десем, оны да істей алмай отыр. Неге? Ол кезде бұлардың кейінгі сүйеніп жүрген құжатсымақтарының жалған екені көрініп қалады. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Жүсіпов мырза қаңтар айында өткізген брифингінде «2011 жылы 5 іс өндірісте 6 айдан артық қаралған болса, 2012 жылы ондай олқылық орын алған жоқ» деді. Біз әңгіме еткен іс 2011 жылдан бері келеді! Менің осы жайлы сұрағыма сасып қалған төраға мырза: «Ол істі білемін, бір рет өзім қайтарғанмын» деп жауап берді. Мәселе осы қайтарғанда болып тұр ғой! Неге облыстық сот өзі қарап, тезірек бір жағына шығармай, бір істі қайта-қайта бірінші сатыдағы сотқа жібере беруі тиіс? Бұл нені білдіреді? Бұл облыстық соттың жауапкершіліктен қашып отыр­ған­дығын, өз­гелердің қолымен от көсегісі келетіндігін білдіреді. Бүгінгі таңда, Елбасы Н.Назарбаев «отандық кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек!» деген сарабдал саясат ұстанып отыр­ған кезде, осындай төмендегі соттардың жоғарғы жақтың жақсы, игі идеясының өңін теріс айналдырып жіберетіндіктерін қалай атасақ болады? Бұл іс жүзінде мемлекеттік мекеменің – «Қазақ темір жолы» ҰК» АҚ-ның – жеке кәсіпкердің мүлкін зорлықпен тартып алуына көмектеу деген сөз. Рейдерлік әрекет мемлекеттік сипат алып бара жатыр деген сөз. Және соның басы-қасында әділет қорықшылары – сот орындары жүр деген сөз. Енді олар­дың осындай әрекеттерінен кейін елден ақша алып қашқысы келетіндер көбейсе, кімге өкпелейміз? Жаңабек ӘБІШЕВ, заңгер Шымкент қаласы