Мемлекеттік тілді білмейтіндердің жалақысын 50 пайызға қысқарту керек – Арман Бердалин

Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин мемлекеттік тілге қатысты өз ойын білдірді деп хабарлайды Oinet.kz сайты.

– Мемлекеттік тілді меңгермеген мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын 50 пайызға қысқартуды ұсынамын!!! Әйтпесе, соларға бола қанша қаржы жұмсалып, қаншама бағдарламалар жазылса да өзгергені шамалы. Қажетті болғандықтан ағылшын тілін ақша төлеп те оқып жатқан жоқ па?

Ендеше, мемлекеттік тілді осыған дейін тегін оқи алмаса, бұдан былай терін төгіп, теңгесін төлеп оқысын. Жетік меңгеріп, емтиханын тапсырып болған соң еңбекақысын толық алатын қылу керек, – деп жазды Арман Бердалин.

Еске сала кетейік, бұған дейін тележүргізуші Анна Данченко қазақ тілін білмейтіндердің жалақысын 30 пайызға қысқарту керектігін ұсынған болатын.

– Орыс тілінің (ҚР Конституциясының 7-бабы) ресми тіл екені жөніндегі түсініктемені алып тастаса деймін. Мәселен, мен қазақша білмеймін дейік. Жұмыс берушінің басты талабы – қазақ тілін білу міндетті екені айтылса. Заң талабына сәйкес, қазақ тілін білмейтіндердің жалақысын 30 пайызға дейін қысқартса. Сіз келіссеңіз де, келіспесеңіз де сондай заң солай. Бірақ ешкім жалақысының қысқарғанын қаламайды. Жұмысшы ақша керек болғандықтан қазақ тілін үйренеді. Ол ақша жерде шашылып жатқан жоқ. Адамдарға осылай сабақ беру керек. Егер бұл елде қазақ тілінің дамығанын қаласақ, әрбір азаматтың қазақша сөйлегенін қаласақ, заң тұрғысында осындай талап қою керек. Адамдар қорқытқанда ғана, өзіне қолайлы емес болғанда ғана, мақсатына жетеді, – деді тележүргізуші.