Індеттен қайтыс болған 45 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден төленді

0
127

COVID-19 қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне төленетін өтемақы мен үстемақы туралы ОКҚ-да айтылды.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің брифингі өтті6 – деп хабарлайды kt.kz.

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев 7 қазанда ауру жұқтырған 4 450 медицина қызметкеріне 2 млн. теңге көлемінде төлем жасалғанын хабарлады.

8 442 медицина қызметкері жұмыста жүріп Covid-19 жұқтырған. Сонымен қатар, қайтыс болған 45 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн.теңгеден төленді.

«Денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері коронавирус инфекциясы, вирустық пневмония жұқтырған жағдайда немесе қайтыс болса, оларды бір реттік әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету – ерекше бақылауда тұрған маңызды мәселенің бірі. Бұл жұмыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жүргізілуде», – деді Т.Сұлтанғазиев.

Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов COVID-19 және вирустық пневмониямен күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша төленетін үстемеақы туралы айтты. Әлеуметтік төлемдерді ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.

«Қор медицина қызметкерлері алдындағы барлық міндетті толық және уақтылы орындауда», – деді Б.Төкежанов.

Оның мәліметінше, биыл наурыз-тамыз айы аралығында 73,7 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді. Қыркүйектің қорытындысы бойынша 40 мыңнан астам медицина қызметкері 10,1 млрд теңге көлемінде үстемақы алады. Қазір өңірлік комиссиялар үстемақы алушылардың тізімін жасақтауда. Тізім дайын болғаннан кейін Қор ай сайынғы қосымша ақы төлеуге кіріседі. Бұл жұмысты 20 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Инфекция тараған қауіпті жағдайда жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің саны эпидемиологиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Егер наурызда коронавирусқа қарсы жұмыс істеуге 19 мың медицина қызметкері тартылса, мысалы, шілдеде олардың саны 79 мыңға дейін өсті», – деді Қор Басқармасының Төрағасы келтірді.

Ол сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында COVID-19-ға қарсы күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне осы жылдың екінші жарты жылдығында ынталандыру ретінде үстемақы төлеуге 150 млрд теңге бөлуді тапсырғанын еске салды.

Қор жыл соңына дейін медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу үшін қажетті қаржының болжамды есебін жүргізді, шамамен 135 млрд. теңге қажет.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз