Қымбатшылық құрсауынан қашан құтыламыз?
2020 ж. 10 қазан
1647
0
«Жұт жеті ағайынды» деп қазақ атамыз бекер айтпаған екен. Қулық-сұмдығы қырық қабат қытайлықтардан тараған коронавирус бүкіл әлемді шулатып, «аспан асты елімен» көрші отырған біздің де іргемізді шайқап, қаншама адамдарымыздың өмірін жалмап кетті. Ковид қатері әлі де сейілген жоқ, енді болашағымыз балаларға ауыз сала бастады. Тіпті ауа-райын да дәлдікпен дұрыс болжай алмайтын біздің үкіметтік құрылымдардың алдынала, осыдан бірнеше ай бұрын айтқан «көріпкелдігі» айна-қатесіз келетін түрі бар. Қазірдің өзінде балалардың да індет жұқтырып, екі баланың қайтыс болғаны жайында хабар таратылды. Ол аздай «құс тұмауы» шығып, кей өңірлерде жылқылардың ауруға шалдыққаны айтылып жатыр. Жауынның аздығына байланысты мал азығының қоры мен биылғы егіннің шығымы да мәз емес...
«Сыныққа айтар сылтау» қашан да табылады, бар кінәні коронавирустың мойнына артқанмен, қоғамды қанқақсатқан одан да басқа – жемқорлық, импортқа тәуелділік, білім мен денсаулық сақтау және басқа да саладағы былықтарымыз бір басымызда жетіп артылады. Ресми деректерге қарасақ, еліміздің экономикасына тікелей кері әсер еткен індет кесірінен Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз адамдар саны 5,7 пайызға артқан екен.Бұл жайлы статистика комитетінің дерегін зерттеген сараптамалық «Finprom» сайты хабарлады. Ал, 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ақша алатын адамдар 4,2 пайызды құрағаны белгілі. Әрине, мұның бәрі тек қана ресми мәліметтер. Ал, шын мәнінде бұл көрсеткіш бірнеше есе жоғары екені белгілі, оны қарапайым халық өз көзімен көріп, өз басынан өткеріп жатыр.
Аталмыш ақпарат бойынша, кедейлер саны жағынан Түркістан аймағы (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысы (7,4%), Жамбыл облысы 6,9 пайызбен алда тұр. Әлеуметтік ахуалы жақсы деп саналатын Алматы мен Шымкент сияқты мегполистегі тұрғындардың табысы да былтырмен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Алматыда кедейлік деңгейі – 6,2 пайыз (былтыр екінші тоқсанда 2,6 пайыз), Шымкентте 6,4 пайызға (өткен жылы 3,1 пайыз) жеткен. Бірқатар зерттеушілердің мәлімдеуінше, Қазақстанда экономикалық белсенділік төмендеп, коронавирус дағдарысының әсері қатты біліне бастаған тұста кедейлену барлық өңірде анық байқалған. Бүгінгі күні елімізде табысы күнкөріс деңгейінен аз 1,1 миллион адам бар екен.Тіпті осы толық емес деректің өзі қаншама адамдардың тапқаны тамағынан артылмайтынын, мына қымбатшылық жайлаған кезеңде қиналып жатқанын көрсетеді.
Жақында Үкімет отырысында қолданылған шаралардың барысында елдегі азық-түлік бағасы жыл басынан бері 4,4 пайызға ғана қымбаттады деп айтылды. Ал сауда орындарында басқасын айтпағанда аса қажет азық-түлік тауарларының бағасы аспандап тұр. Ол жыл бойы әлсін-әлсін көтеріліп, онсыз да қалтасы жұқа халықтың сатып алу мүмкіндігін тым төмендетіп жіберді. Осыған қарап, ресми статистика мен нарықтағы бағамда тағы да әдеттегідей алшақтық пайда болғанын байқаймыз. Бағам деңгейін ресми түрде төмендетіп көрсеткеннен азық-түлік арзандап кете ме? Әдетте бізде жағымсыз жаңалықтарды жасырып, оң өзгерістер орын ала қалса он рет айқайлап айтылатыны баршаға аян. Былайша айтқанда ашықтық жоқ, көп жағдайда құпия күйінде қалады. Ресми орындар өздеріне қолайлы мәліметті ғана халыққа ұсынады. Ал, «өтіріктің құйрығы бір тұтам» екені белгілі, ол кейін бәрібір ашылады. Солай болып жатса да үкіметтегілердің сол үшін беттері қызарғанын көрмеппіз. Бәлкім олар халықты дүрліктірмейік деген бағытты ұстанатын шығар. Бірақ жағымды өтіріктен ащы шындық артық емес пе? Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын.
Кеңсесінен шыға бермейтін лауазымдылардың азық-түлік бағасы жыл басынан бері 4,4 пайызға ғана қымбаттады дегеніне ешкім сенбесі белгілі. Бұл ақпарат тауарды күнделікті сатып жүрген саудагерлер мен оны тұтынушыларды таңғалдырғаны анық. Олардың айтуларынша, биылдың өзінде азық-түлік құны орта есеппен алғанда кемінде 10 пайыздан аса қымбаттап кеткен. Сонда кімге сенеміз? Әрине күнделікті сауда жасап жүргендер мен тұтынушыларға. Дүкен мен базардың бетін айлап, тіпті жылдап көрмейтін жоғары лауазымдылар мен қалтасы қалың байлар бағаның басымызға шығып кеткенін қайдан білсін? Олар сол баяғыша төмендегі қызметкерлердің берген есебіне имандай ұйып, соны ресми түрде жариялайды, сөйтіп қып-қызыл өтірікші болып шыға келеді. Осы жерде көпшіліктің көкейінде күдік тудырған мына бір мысалды айта кетсек артық емес шығар. Осы жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысын қабылдап, биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебін тыңдағанын білесіздер. Премьер-Министр биылғы сегіз айда қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,3%-ға, машина жасау – 16,3%-ға, көлік құрастыру – 51,8%-ға, фармацевтика –34,1%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 11%-ға, химия өнеркәсібі – 3,1%-ға, дайын метал өнімдерін шығару – 18,8%-ға, сол сияқты ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсім 4,9% құрап, азық-түлік өндірісінің көлемі 3,6%-ға артты деп есеп берді. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 874 мың адам жұмыспен қамтылған, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 82,1%-дан асады екен. Асқар Маминнің айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде әлеуметтік маңызды тауарлар бағасынының артуын 4,4% деңгейінде ұстап қалған. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда екі есе (8,7%) төмен көрінеді.
Мына есепке қарасақ, өндіріс орындарының жұмысын бірнеше ай бойы тоқтатуға мәжбүр еткен пандемия біздің ел экономикасына оң әсер еткен секілді. Тіпті, экономикасы бізден әлдеқайда жоғары дамыған АҚШ-тың ресми орындары елдегі өндіріс 6,3%, өнеркәсіп өнімдерін шығару 5,4%-ға құлдырағанын айтып дабыл қағуда. Еуропадағы бақуатты мемлекеттер де өндірісіміз өлді деп көз жастарын көл етуде. Ал, бізде бәрі жақсы, әдеттегідей жоспар артығымен орындалып жатыр. Мынандай мәліметтерден кейін коронавирус бізге маса шаққандай әсер етпеген бе деп қаласыз.
«Қалай жазсаң да қағаз көтереді» деп ауылдағы бір ағамыз айтқандай, халыққа ресми мәліметтің өзі емес, шынайы лайықты тұрмыстық жағдай қажет. Қағаз жүзіндегі жоспардың 500 пайызға орындалғанынан оларға келіп-кетер ештеңе жоқ. Қарапайым адамдарға ең қажеті – тұрақты жұмыс пен өмір сүруіне жетерлік еңбекақы ғана. Олар жер байлығына таласып, Лондоннан немесе Парижден баспана әперіңдер, астыма «Джип» көлігін мінгізіңдер деп жатқан жоқ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің жылдың басында айтқанындай, біздегі адамдардың орташа жалақысы 181 мың теңге болады екен. Ал, ең төменгі жалақы 42,5 мың теңге. Сарапшылардың айтуынша, негізгі халықтың басым бөлігі саналатын қарапайым тұрғындардың айлық жалақысы көтеріп айтқан күннің өзінде 60-70 мың теңгенің шамасында. Жұрттың бәрі жоғары жалақы алатындай мұнай саласында істеп немесе депутат не министр бола алмайды ғой. Мұндай айлықпен қалай өмір сүруге болады? Тұрмыстың төмендеуінің көптеген себептері бар. Соның бірі – күнделікті тұтынатын азық-түліктің тұрақты қымбаттауы. Оған жыл сайын көтеріліп тұратын коммуналдық төлемдерді де қосып қойыңыз. Сол кезде қарапайым адамдардың 70 мыңмен қай жыртығын жамарын білмей қалары өзінен өзі түсінікті болады.
Әрине, елдегі инфляцияға корнавирустың әсері болғаны анық, оны ешкім жоққа шығара алмайды.Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті мәліметтеріне сүйеніп «Azattyq Rýhy» хабарлағандай, ол шілде айында өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда – 7,1% болған екен. Мысалы, биыл шілде айында азық-түлік тауарлар өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға қымбаттаған. Ал, биылғы жыл басынан бері шілдедегі көрсеткіш бойынша жеміс-жидек – 21,3%, жармалар – 20%, қой еті – 11,8%, қант – 11,5%, ұн – 11%, көкөніс – 10,8%, макарон өнімдері – 10,1%, сары май – 9,4%, жылқы еті – 8,6%, сиыр еті – 7,6%, балық пен шай – 6,8%, шұжықтар – 6,1%, шошқа еті – 5,5%, сүт – 4,5%, нан – 3,8%, ірімшік – 3,3%, темекі өнімдері – 8,8%, минеральды су – 8,5%, спирттік ішімдік – 5,5%,-ға қымбаттаған. Байқап отырғандарыңыздай, қарапайым халық ең жиі тұтынатын азық-түлік, былайша айтқанда әлеуметтік маңызға ие тауарлар бағасы жыл басынан бері айтарлықтай көтерілген. Осы аталған пайыздардың ортақ көрсеткіші алдында біздегі ресми органдар айтқан 4,4 пайыздың маңайына да жоламайды. Яғни, министрлік пен халық есебі тағы да екі түрлі болып тұр. Сонда олар өздері жариялаған мәліметтерді қайдан алған?
Рас, нарық заңына сәйкес баға еркін болуға тиісті. Оған ешкімнің дауы жоқ. Демек, сұраныс болса баға көтеріліп, сұраныс азайса баға төмен түсуі керек-ті. Пандемия кезінде жұмыссыз, жалақысыз қалған жұрт тарапынан кез келген тауарға соншалықты көп сұраныс болмағаны белгілі. Бірақ, елдегі ауыр жағдайды ескермеген бағаның мұнша шарықтауына қарасақ, біздегі жабайы нарық ешқандай ережені ұстанбайтын сияқты. Зейнетақы немесе мемлекеттік қызметкерлердің айлығы көтеріледі деген сыбыс шығысымен-ақ сауда орындары бағаны көтеріп ала қоятынын көріп жүрміз. Оны нақты бақылауға алып жатқан ешкім жоқ. Жергілікті билік, осыған жауапты мекемелер жоғарыға жалған есеп беретінін осыдан-ақ көруге болады. Бағаның мұндай «еркіндігі» ешбір елде жоқ шығар.
Нарыққа енген соң бағаны мүлдем тұрақтандыру ешкімнің қолынан келмейді. Бірақ оны тежеу тетіктері болу керек. Онсыз жабайы сауда жайлап кетері анық. Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қолданылғанмен нәтиже шамалы. Айталық, еліміз бойынша өңірлерде тұрақтандыру қорлары жасақталған. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұл бағытта қыруар қаржы жұмсалып жатқанын айтқан болатын. Азық-түліктің мол қоры жасалғанын Премьер-министр де айтты. Мұның бәрі елді аш қалдырмаудың амалы екені түсінікті. Мәселе байлаусыз кеткен бағада болып тұрған жоқ па?
Әлемде экономикалық заңдылыққа қатысты «тауардың өзіндік құны» деген түсінік бар. Оған материалдық, адам күші, өндіруге кеткен уақыт сияқты шығындар кіреді. Одан кейін ғана қосымша құн өндірушінің пайдасын белгілейді. Бізде осы қосымша құн өз шегін жоғалтып алған. Екіншіден, ортада делдалдар өте көп. Мысалы, журналистік іс сапармен Екібастұзда болғанымыз бар. Алып орталықтан қуаттың бір киловаты сол кезде бір теңгеден шығады екен. Екібастұз қаласында 4 теңге, қасындағы Павлодарда 6 теңге. Ал Алматыда 11 теңге болды. Сонда электр қуатын олар пойызбен тасып жатыр ма? Электр желілері бұрынғы кеңестік кезеңнен қалғандар. Ортадағы әрбір делдал бір теңгеден қосса да баға шарықтап шыға келеді. Сол сияқты ауылдан әкелген өнімнің иесі оны өзі базарда сата алмайды, табалдырығын да аттаттырмайды. Тағы да ортаға делдалдар кіреді.
Қайда болса да өндіріске электр қуаты мен жанармай ауадай қажет. Тіпті ауылда да онсыз күн жоқ. Жер жырту, егін ору үшін де техникаға жанармай қажет. Ал, оның бағасы удай. Науқан кезінде тіптен көтеріліп кетеді. Мұнайлы ел болсақ та арзан жанармайға жарымай-ақ қойдық. Мұнай арзандаса да, қымбаттаса да жанармай бағасы бір түспейді. Өйткені оны өндірушілер шетелдіктер немесе өзіміздің монополистер. Оларға биліктің күші жетпейді. Қуат көздері қымбат болғандықтан өндіретін тауардың да бағасы көтеріледі. Тұрақтандыру қорларына миллиардтап ақша құйғанша осы монополистер мен ортадағы делдалдарды оңтайландыру қажет. Мемлекет басшысы мекемелердегі қызметшілер санын қысқарту туралы тапсырма берді. Енді біздегі сансыз басы артық мекемелердің өзін қысқартуды қолға алған жөн. Бұның бәрі бір күнде, бір айда орындала салатын жұмыс емес. Оған уақыт керек. Ал, шыр айналған сағаттың тіліндей баға бір орында тұрмайды. Сондықтан, күнделікті тамағын әзер тауып жеп жүрген қарапайым тұрғындарымызға «қымбатшылық қамыты мойынымызды қанжоса етті» деуден басқа амалы жоқ...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz