Туризм - тиімді табыс көзі
2020 ж. 10 қазан
1810
0
Шығыс Қазақстан облысының жер қойнауында қазба байлықтар молынан кездеседі. Мұнда мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын, кадмий, темір, молибден, вольфрам, титан сияқты тағы да ондаған әр түрлі химиялық шикізаттар мен құрылыс материалдарының кен орындары бар. Асқар Алтайдың аясында орналасқан Шығыс Қазақстан аймағы өзінің экономикалық қуаттылығымен ғана емес, тамылжыған табиғатымен де әлемге танымал. Сондықтан да елімізге келген туристер шұғылалы Шығыс аймаққа соқпай кетпейді.
Өр Алтай, Асқар Алтай, асқан Алтай,
Анамдай әлпештеген жастан Алтай.
Суы бал, көдесі май, жері майса,
Ағызған сары алтынды тастан Алтай..., – деп әнге қосатын бұл ежелгі өлке еліміздегі дамыған аймақтардың бірінен саналады. Бүгінгі заманда әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер туризм саласына баса мән беріп, оны мол табыстың көзіне айналдырып отырғаны аян. Туризмді дамыту – еліміздің тарихын таныстыру, мәдениеті мен қуатын көрсетудің тиімді жолы. Сонымен қатар өз адамдарымыздың да демалуына, емделуіне мол мүмкіндік жасайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырғаны белгілі.
Ел Президентінің тапсырмасын басшылыққа алған облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың бақылауымен тиісті басқарма басшылары бұл бағытта соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарды.
Соның бірі – Алакөл демалыс аймағын бүгінгі заман талаптарына сай абаттандырып, жаңа инфроқұрылымдар салып, демалушыларға лайықты жағдай жасау болып табылады.
Алакөл – Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан аумағы мыңдаған гектар жерді алып жатқан тұйық көл. Шебер табиғаттың өзі ұлтымызға сыйға тартқан ең ғажайып көлдердің бірі. Көл теңіз деңгейінен 247,3 метр абсолюттік биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 шаршы шақырым, ұзындығы 104, ең шығыңқы ені 52 шақырым. Орташа тереңдігі 22,1-54 метр аралығында. Алакөлге 15-тен аса өзен құяды.
Алакөлдің ең басты артықшылығы – емдік қасиеті өте мол ағынсыз суы. Қуаң даладағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып адамға жағымды әсер береді. Көл суы минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай. Көл суының денсаулыққа пайдасы зор екені медициналық тексерістермен дәлелденген. Кеңестік кезеңде Алакөлде «Ғарышкерлер үйі» жұмыс істеді. Ұшқыштар бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын.
Алакөл демалыс жағажайы қазір баршаға жақсы таныс. Демалыс аймағында жүргізілген соңғы жөндеу жұмыстарынан кейін, Алакөлдің көркіне көрік қосылып, жыл сайын демалушылардың қатары көбейіп келеді. Көл суы көптеген ауруларға ем. Адам денесіндегі қотырлар мен жаралар суға бірнеше рет сүңгігеннен соң жазылып кетеді. Мұнда жағаға жақын және тығыз орналасқан демалыс үйлері мен мейрамханалар өте көп. Алакөлдің шипалы суын шетелдіктер де жақсы біледі. Бұл жерге Ресейден, Украинадан, Орталық Азия елдерінен адамдар көптеп келеді.
Соңғы статистикалық көрсеткіштер бойынша көлдің Шығыс Қазақстан облысына қарасты аумағына былтыр 600-ден астам демалушар келіп ем қабылдаған. Бүгінгі күні келушілер саны 8,4%-ға артқан. Бұл республика көлемінде төртінші орында тұр деген сөз. Ал, соңғы үш жылда демалушылар саны 33 пайызға артқан. Қазіргі таңда бір кезеңде 33 мың адамды қабылдай алады. Демалушыларға көрсетілген қызмет 6 млрд. теңгеге жетті.
Алакөл еліміздегі он үздік демалыс орындарының қатарынан саналады. 2019 жылдың өзінде ғана Алакөлге 143 480 адам демалуға келген. Қазір жағалауда 12 мың орындық 175 демалыс базалары жұмыс істейді. Өңір әкімінің қолдауымен 2016 жылдан бері Алакөл демалыс аймағын абаттандырып, жаңа инфроқұрылымдар салуға обыстық бюджеттен 6 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінді. Алдағы төрт жылда тағы да 30 млрд. теңге көлеміндегі 6 инфроқұрылымдық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша туризмді дамыту үшін электр жүйесі мен су торабын салу және санитарлық-гигиеналық құрылымдар салу сияқты үш жоба қосылды. Сондай-ақ, Алакөл жағалауын жақсарту үшін облыстық бюджеттен қосымша дәретханалар, киім ауыстыратын орындар, ақпараттық сілтемелер, құтқарушылар мұнарасы және су көлігі тоқтайтын айлақ жасалды.
Көл жағалауында 230 орынға арналған төрт жұлдызды «Керуен Плаза» қонақ үй кешені мен ашық аспан астындағы 3700 көрерменге есептелген Латвиядағы Юрмаладағыдай үлкен концерттер өткізуге мүмкіндік беретін «AlazoneArena» сахнасын салу бойынша инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Облыс әкімінің тапсырмасына сай көл жағалауында қазіргі заманға сай қонақ үйлерді салуға арналған жаңа инвестициялық аймақ айқындалды.
ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысы Марат Саятұлы Қабақовтың айтуынша, аталмыш аймақтағы жер телімдері инвесторларға байқау жариялау арқылы берілетін болады. Яғни, байқау жеңімпаздарына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілмекші, құрылыс жүргізу уақытына жер жалға, одан кейін жеке меншікке берілетін болады.
Бұдан басқа Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мамандарымен бірлесіп өткізілген зерттеулердің нәтижесінде Алакөл жағалауына жақын жерде радонды су көзі табылды. Қазіргі таңда табылған судың құрамы қосымша зерттелуде. Аталған жай Алакөлде тек жазғы ғана емес, жыл бойындағы демалысты ұйымдастыруға мүмкіндік беретін болады.
Облыста бұдан да басқа туристік бағыттар қолға алынып жатыр. Шекаралық аймақтарда туристік жаңа маршруттар ашылмақшы. Оның бойында арнаулы бағытты сілтеуші ескертпелер ілінеді. «Марқакөл» қорығында, «Тарбағатай» және «Қатон-Қарағай» ұлттық паркінде шетелдерегідей үш тілде жазылып дайындалды.
IAMSTERDAM сайтының үлгісімен бүкіл ақпаратты беретін «Toureast.kz» атты облыстық туристік портал жаңартылды. Бұл сайтта 73 туристік маршруттар көрсетілген. Соның ішінде ұлы Абайдың туғанына 175 жыл мерейтойын атауға негізделген бағытпен Жидебай Бөрліні де барып көруге болады. Сондай-ақ, былтыр облысты көлікпен аралайтын арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Бұл бағытта Алакөл, Марқакөл, Зайсан көлі, Қатон-Қарағай ауданы, Риддер қаласы, Жидебай кешені қамтылды.
Туризм ісінде көпшілік мәдени іс-шаралар ұйымдастыру да маңызды. Ол келушілердің көңілді демалуына үлкен әсерін тигізеді. Мысалы, жыл сайын Алакөл жағалауында «Алакөл алаулары» атты екі күндік фестиваль өткізіледі. Шомылу маусымының салтанатты түрде ашылуы да үлкен мерекеге айналады. Бұл Фестивальдар үлкен қызығушылық тудырып, оларға 5 мыңдай адам қатысты. Оған Қазақстан өнер жұлдыздары шақырылып концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен бірге түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлық берілді. Мұндай ірі мерекелерге облыстағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері да шақырылады. Олар да өз өнерлерін ортаға салады. Одан бөлек «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне кәсіпкерлердің көмегімен бір жұма Алакөл жағалауында демалуға жолдамалар берілді.
Ішкі туризмді насихаттау мақсатында 10 пресс-тур өткізілді. Оған қазақстандықтармен бірге британдық ВВС телеарнасы мен халықаралық «Мир» телеарнасы қатысты. Осы іс-шарада аймақтағы туризм жайлы жасалған бейнетүсірілімдер аталған телеарналарда көрсетілді. Бұл біздің облыстағы туристік мүмкіндіктерді шетелдерге таныстыруда үлкен рөл атқарды десек болады.
Туризмді дамыту – тиімді табыс көзі. Сонымен бірге елімізді, мәдениетімізді, өнерімізді, тарихымызды өзгелерге көрсетуге жол ашады. Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағытта белсенді жұмыс істей бермекші. Ал, ондай мүмкіндіктер аймақта баршылық, тек соны уақтылы іске асыра білу қажет.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz