Абзал Құспан. МАРҒҰЛАНҒА ҚАРСЫ ҚОЛДАН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ІС
2020 ж. 09 қазан
3194
0
Margulan Boranbay ісі
Әр нәрсенің басын шаламын деп, мәселенің ең маңыздысы тасада қалып барады екен. Қазақстандағы басты мәселе не? Ол - ҚАЗАҚ мәселесі!
Қазақстан деген елде Қазақ болып өмір сүру, Асқар Сүлейменовше айтқанда, қиын әрі қызық қой!
Міне сондай “қызықтың” бірі ұлтшыл азамат Марғұлан Боранбайға қарсы қолдан ұйымдастырылған қылмыстық іс.
Қолдан ұйымдастырған деп айтып қалдым, енді бұл істі кім қалай ұйымдастырғанына қысқаша түрде тоқтала кетейін.
Мендегі ақпаратқа сәйкес үш адам біздің Алматы полициясына арыз жазады, арыз жазбастан бұрын Марғұланның осы кезге дейін жазған, айтқан, сөйлегендерін жинап филологиялық-психологиялық сараптама өткізіп алғанға ұқсайды (бұл жерін нақтылайтын боламын). Үш адам үш ұлттың өкілі екен, олар: коммунист-қазақ Альжан Исмагулов, орыс, қазіргі президент әкімшілігінің белді қызметкері Аружан Саинға тиесілі “Дом” қорының заңгері Юрий Юрин, кәріс Владимир Ким.
Нағыз интернационал! Вадим Борейко атап өткендей “оголтелый негодяй”, ұлтшыл Марғұланға қарсы, интернационализмді ту еткен ел патриоттары бір ауыздан қарсы шығуда! Браво!
Тура бір СССР заманы көздеріңе елестеп кеткен жоқ па?!
Біздегі ұлт мәселесінің жеткен жері осы болды! Мұхтар Мағауинді оқығандар үшін таңқалатын түгі жоқ, өйткені СССР-дің аты өзгергенмен, заты өзгере қоймады. Бірақ, сонда да соғып... өте берем де..
Мысалы, дәл осындай жағдайды өзіміз келеке қылатын Түркімен, Өзбек, Әзірбайжанда көздеріңе елестете аласыздар ма? Азия барысымыз деп қоямыз тағы да. Немесе Ресейді алып қарайық, басқа ұлт өкілдеріне, соның ішінде қазаққа қатысты ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жататын көзі тіріде Жириновский, өліде Лимоновтарға РФ үкіметі іс қозғауы мүмкін бе? Өлседе қозғамайды! Өйткені ондай Вакең айтқан “оголтелый негодяйларды” өздеріне, өз саясаттарына шебер қолданады! Марғұлан олар құсап аузына не келсе, соны айтпайды, ол нақты мәселені сауатты, әрі батыл көтереді! Марғұланның ұлтшылмыз деп жүрген Сізбен Бізден басты айырмашылығы сол, ол ұлттық мәселені орыс тілінде көтереді! Ол әрине, қазақша басқа, орысша бір басқа сөйлейтін біздің орысқұл билікке ұнамайды! Мәселе осында!
Марғұланның сауаттылығы туралы аз-кем білетінім, осы күнгі өзін интеллигенция, элита деп есептейтін басшысымақтарымыз Мәскеуде оқығандарын айтып мақтанса, Марғұлан басқасы-басқа орта мектептің өзін сол қалада оқыған азамат! Сол жерде өзін жоғалтпай, керісінше ұлттық санасын қалыптастырған азамат! Міне, осы азаматымызды билік көзімізді бақырайтып қойып, қазақ мәселесін көтергені үшін соттамақшы!
(жалғасы бар...)Абзал ҚҰСПАН,
Фейсбук парақшасынан