Түркістанды уыстан шығару қазақ халқының құрдымға кетуімен бара-бар - Болат Қорғанбеков
2020 ж. 08 қазан
2637
0
Түркістан қаласы әзелден-ақ геосаяси тартыстардың алаңына айналған. Тәттіге бал төгетін араның да, ауыру егетін шыбынның да үймелейтіні сияқты, қасиетті жерге жақсының да, жаманның да таласы болатыны даусыз. Сондықтан "Түркі халықтарының астанасы" деген жаңа мәнді қолданыстың құндылықтық сипаты болғанымен, ақиқаттың өңін айналдыруға да мүмкіндік туғызатын қатері барын қаперде ұстау керек.
Түбі бір түркіге, иісі мұсылманға ортақ екен деп қаланы касмополиттік нысанға айналдырып жібермеуіміз керек. Асылы, Түркістанға ие болу құқығы Ясауи ілімін, Ясауи мәдениетін сақтаған халықта болуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде Ясауи ілімінің, дәстүрінің, мәдениетінің мұрагері сипатында қазақ халқының алдына түсер этнос жоқ. Сондықтан да Түркістанға иелік ету міндеті ғана емес, аманаты да қазақ халқының мойнына жүктеліп отыр. Соған орай, оның жауапкершілігі де зор.
Түркістанды уыстан шығару қазақ халқының құрдымға кетуімен бара-бар. Сол себепті ондай күйреуге жол ашатын әрбір ұсақ-түйекке дейін мұқият болуымыз керек. Түркістан қашан да ең алдымен қазақ халқының рухани астанасы деп есептеледі. Сондықтын да Түркістанда бірінші кезекте қазақ менталитеті мен мәдениеті бедерленіп тұруы тиіс. Ол бедер қазіргі түркілік (ал тарихи түркіліктің қазақылықтан алшақтығы жоқ деуге болады), қазіргі исламдық мәдениеттің тасасында қалмауы міндет. Демек қазіргі түркілер мен қазіргі мұсылмандарға ортақтық екінші және одан кейінгі кезекте тұрмағы заңды. Бұл мәселені бабаларымыз да ескерген. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тек қана қазақтың игі жақсыларының жатуы - соның айғағы. Бабалар ұстанған жолдан, бағдар еткен мақсат-мұраттан біз де таймауымыз керек.
Менің бұл ойды айтуыма қарындасым Мәриям Асанованың Түркістанда салынып жатқан айналма жолдағы қарама-қарсы қойылған екі тауыс құстың суретін парақшасына салуы себеп болды. Ол суретке де аз ғана пікірімді білдіргем. Осы ойды дамытып айтуды жөн көрдім. Қазақстан қалаларында, әсіресе, Түркістанда эмблематикалық бейнелер аз емес. Алайда, рәміз халықтың тарихынан, өткенінен, дүнетанымынан мол хабар беретін болғандықтан, ол бейнелерді бей-берекет орната беру қате, қате деу де аз, зиянды. Бізде бұл салғырттық басқалардан басым. Түркістанда ұлттар арасының, әсіресе, қазақ-өзбек қатынасына сызат түсіретін нәрселер де байқалып қалып жүрді. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Әзірет Сұлтан кесенесіне жақын бұрылыстағы А. Байтұрсынов атындағы мектептің алдында жарқабаққа өрмелеп бара жатқан барыстың мүсіні салынды. Барыс - біздің қазақ мемлекеттік эмблематикасынан елеулі орын алатын жануар. Барыс десе қазір көп елдерде Қазақстанды көзге елестететіні белгілі. Ал, біз сөз етіп отырған барыстың бейшара бейнесі бірден көзге ұрып тұрды. Ол жартастан құлап кетердей болып, тырмысып, тырнағымен әрең ілініп тұрған мүшкіл хәлде көрініс тапқан. Ал жолдың қарама-қарсы бетінде (мұны салған мүсіншілер "Қожанасыр" деп атап, солай ұғындырғысы келген болуы керек) жетектеген есегі ақырып тұрған, өзі екі аяғын алшитып қойып, әлгі бейшара барысқа қарап мазақтай күлген бейне тұрды. Бұл бейненің киімі, бет-бейнесі өзбектің ұлттық сипатында көрсетілген. Әлгі екі мүсінге қараған адамның барыс бола тұрып, жардан құлап кеткелі тұрған міскінге күлген өзбек ағайынның бейнесі көз алдына елестейді. Құйтұрқылықтың Құдайға жақпайтыны аян. Әлгі ала шапанды "Қожанасырды" кілт бұрылыста жылдамдығына ие бола алмаған жеңіл мәшине қүйретіп тынды. Ал бейшара барыс, күлетін ешкімі жоқ, аянышты халімен беріге дейін тұрды. Осы арада айта кету керек, бізде қақтығыстану (конфликтология) мәселелері дендеп зерттеле қоймаған. Шын мәнінде ұлтаралық келіспеушілік, дау-жанжалдардың бәрі де осындай болмашы нәрседен басталады. "Елемеген бұтақ көз шығарады" деген осы. Бұндай іріткіні қарапайым көпшілік сырттан ұйымдастырылып жатқан жымысқы күштің әрекеті деп емес, өзге ұлт өкілдерінің ұлтшылдық көзқарасы деп ұғынады. Өзбек пен қазақ - ежелден тату-тәті өмір сүріп келе жатқан халықтар. Олар бірін-бірі толықтыратын, бірінен-бірі үйренері көп этнос. Көршілес халықтар арасында жиі қақтығыс болса да өзбек пен қазақтың арасында жанжал туындай қоймайтыны сондықтан. Екі халықтың іргесін ажырату үшін осындай еленуі аз, бірақ улы салдары орасан көп іріткілер көп жасалады. Өкінішке орай, біздің саясаттанушылар, ішкі-сыртқы саясатқа жауап беруші өкілдер мұндай жағдайларды болмашы нәрсе деп назар да аудармайды. Енді тауыс құсқа келейік.Әлгі айылған екі бейненің арасында тауыстың да мүсіні болды. Яғни, дәл сол А. Байтұрсынов мектебінің бір бұрышының қарама-қарсысында, нақтырақ айтсақ, "Үш арыс" мешіті жақ бетінде. Тауыс - Өзбекстан мемлекеттік елтаңбасының басты элементі. Аса маңызды геральдикалық мәселелерге мән бермеу, қалаға өзге мемлекеттік рәміздерді орната беру бассыздық қана емес, намыссыздық та болмақ. Мен Өзбекстанда жұмыс істеген (1992-1998) кездегі Өзбекстан президенті И.А.Каримовтың қызыл, көк түспен, ешқандай жазу жазылмасын, маңызды нысандар боялмасын деген ауызша жарлығы тарады. Шындығында да, Өзбекстанда көкпен, қызылмен жазылған жазу мүлдем кездестірмейсің. Әсіресе, И.А.Каримов тұсында бүкіл елде жасыл түс басым болды. Жасылға малынған ортада кез-келген өзбек психологиялық тұрғыда өз елінде жүргендей сезінуі заңды. Сол кезеңдерде жасыл түс Оңтүстік Қазақстанда да басымдық алды. Әсіресе, Түркістан қаласында орындықтар мен қоқыс жәшігіне дейін жасылға боялды. Әзірет Сұлтан кесенесінің күмбезін де жасылға бояу мәселесі жиі көтеріліп жүрді. Алғаш (1999)Түркістан қаласына көшіп келген кезімде өзбек ағайындарының үйлерін бірден байқайтынмын, бәрі дерлік жасыл реңкпен боялатын. Ал мұндай мәселелерге біздің басшылық та, қарапайым халық та мүлдем назар аудармайды. Әрине, жасыл түс ешнәрсені өзгерте қоймас, бірақ көрші республиканың басшысынан бастап, бүкіл елдегі билік органдары назар аударған мәселені неге біздің басшылық елең-құлаң қылмайды. Тым құрыса, мұның астарында не бар деп ой жүгіртпейді. Тауыс құс тек Түркістан қаласында емес, еліміздің жүрегі Нұр-Сұлтанның да біраз жерінен орын тепті. Тауыс қазақ халқының рәміздер жүйесінен өткен дәуірінде де, қазіргі кезеңде де орын алмаған. Солай бола тұра, бұл бейненің Қазақстанның әр тұсында қаптап кетуі нені көрсетеді, оның астарында не жатыр деген сұрақ бәрімізді ойландыруы керек.
Осылай дей келе, негізгі ұсынысымды айтпақпын:
1) Нақты бір мемлекеттің геральдикалық жүйесінде бар элементтерді Түркістанда, керек болса, Республикамыздың кез келген аумағында орнатпау керек.
2) Түркі халықтарының астанасы ретінде Түркістан қаласында жекелеген мемлекеттердің атрибуттары емес, жалпы түркіге ортақ рәміздер ғана орын алсын.
3) Байқау жарияланып жатқан Түркістан қаласының гербінен өзге мемлекеттердің, әсіресе, Өзбекстанның эмблематикасынан (мәселен, мақта, тауыс құс т. б.) ешнәрсе алынбауы, тіпті соларға ұқсас бөлшектердің (деталь) пайдаланылмауы қатаң бақылансын.
Болат Қорғанбеков, Қазақ үні