Ақ үй өртеніп жатыр: Қырғыздар Президент резиденциясына басып кірді
2020 ж. 06 қазан
1442
0
Митингіге шыққандар мен қарулы күштердің текетіресі сағат 20.00-ден бастап Ақ үйге басып кірумен аяқталды, деп хабарлайды baq.kz "РИА Новости"-ге сілтеме жасап.
Республиканың заңнамалық органына өтпей қалған партия жақтастары қақпаны жүк көлігімен бұзып, ішке кірді. Куәгерлердің айтуынша, осыған бірнеше минут қалғанға дейін парламент ғимаратынан көліктердің колоннасы шыққан.
Ақ үйге кіргендер бір-біріне: «Сындырма» деп, парламент ғимаратын қиратпауға, тонамауға шақырған.
Сондай-ақ, митингіге шыққандармен бірге ғимаратқа республиканың экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадыр Атамбаев кірген.
Территорияда Мемлекеттік күзет қызметінің мамандары жоқ. Ресми расталмаған ақпаратқа сүйенсек, ел президенті Сооронбай Жээнбеков оңтүстікке ұшып кеткен. Мемлекет басшысы аппаратының бастығы Досалы Эсеналиев, баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиеваға хабарласу мүмкін емес екендігі айтылуда.
Еске салайық, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті.
7 пайыздық межеден өткен төрт партия Қырғызстанның 120 орындық парламенті – Жогорку кенешке депутат жіберу мүмкіндігіне ие болған.
Сайлау нәтижелерімен келіспеген демонстранттар Бішкекте Қырғызстан парламенті – Жогорку кенеш ғимараты мен Президент әкімшілігі қоршауынан секіріп кірмекке талпынды. Демонстранттар ғимарат ауласына бөтелке, тас лақтырды.
Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков ертең, 6 қазан күні парламенттік сайлауға қатысқан партия көшбасшыларымен кездесетіні хабарланды.