Ордалы Түркістан һәм Олимпиада чемпионы Жармұхамедов

0
378

1972 жылғы Олимпиада чемпионы, 1976 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Совет одағының 10, Еуропаның 3 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола медалисі Әлжан Жармұхамедов қалың тілеулесіне сағынышты сәлемін жолдады.

Өткен түні сағат оннан аса Әлжан ағама, Мәскеуге телефон соқтым. Елден інісінің әдейі хабарласқанына әйгілі баскетболшы кәдімгідей марқайып қалды. Жармұхамедовтің бапкерлік қызметті біржола доғарғанына екі ай болыпты. «Пенсияға шықтым, үйдемін», деді ағам таза қазақ тілінде жатық сөйлеп. «Доп ойнап, жаттығып жүрсіз бе?» деген сұрағыма «Пандемиядан сақтанып, сыртқа көп шықпаймыз», деді. «Ұлдарыңыздың тірлігі қалай?» деген сауалға «Үлкеніміз Владислав интернет дүкен ашты, ал, Сергей Мәскеу баскетбол ассоциациясының жастар құрамасының бас жаттықтырушысы», деген жауап естідік.

Ағамыздың айтуына қарағанда, 1972 жылы Мюнхен олимпиадасында топ жарған ССРО баскетбол құрамасынан қазір төрт ойыншының көзі тірі екен: Әлжан Жармұхамедов, Иван Едешко, Модестас Паулаускас және Анатолий Поливода. Әлжан ағамыз қазанның 2-сі күні 76-ға толды.

Әлі есімде, 1989 жылдың тамыз айында, «Лениншіл жастың» тілшісі кезімде, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионын іздеп, автобуспен Ташкентке бардым. Екеуміз теелефон арқылы автовокзалдың тұсындағы метрода жолығамыз деп уәделескенбіз. Ерсілі-қарсылы ағылған қалың жолаушының ішінен газет оқып тұрған қарағайдай қазақ анадайдан көзіме оттай басылды. Қасына барып, сәлем бердім. Қолындағы басылым «Роман газета» екен. Бір метр жетпіс сантиметр бойыммен ағаның кеудесінен ғана келеді екенмін. Әлекең артық қырым етсіз, тепсініп тұрған бұлшық еті жоқ, аяқ-қолы сидам, қара шашын бір жағына қайыра тарапты. Осы қалпында кез келген шеберлер командасында еркін көсілетін тәрізді. Екеуміз жүре әңгімелестік. Сағынып барған менің шынайы көңілден өрілген сауалдарыма Әлжан аға сыпайы, байыпты қалыппен жауап қайырып отырды. Біраздан кейін ас іштік, оған қоса дәмі тіл үйіретін сары қауынды қақ жарып жеп алдық. Ол кезде Әлжан Жармұхамедов Ташкенттің «Университет» командасының аға жаттықтырушысы. Ыңғайын тауып, ағаның қызыл паспортын қолыма алдым. Паспорттағы «Жармұхамедов Әлжан Мүсірбекұлы, 1944 жылы 2 октябрьде Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданы, Табақсай ауылында өмірге келді. Ұлты – қазақ», деген жазу ұзақ жолдың бейнетін әп-сәтте ұмыттырып, көңілді көтеріп тастады.

Сол сапардан оралысымен «Лениншіл жастың» екі нөміріне «Баскетболдың бәйтерегі» атты көлдей очеркім жарияланды. Араға бір-екі жыл салып Мәскеуден Бішкекке жарысқа бара жатқан Әлжан ағаны Алматы әуежайыннан күтіп алып, үйде қонақ қылдым. Сол жолы бойы екі метрден еркін асатын Әлжан ағама «Жигули» машинасы тарлық қылып (отырғанда тізесі сыймайды), әуежайдан қалаға «Волгамен» жеткеніміз есте қалыпты. Ал, үйдің ауласына жеткенімізде бұрын мұндай ұзын адамды көрмеген кейбір көршілер екеумізге таңданыса, әрі сұраулы жүзбен қарап еді.

…«Аға, елді сағындыңыз ба?» дедім көкейдегі сұрақты көлденең тартып. Ағам ақырын күліп алды да: «Иә, – деді жайымен ғана, – биыл пандемияның кесірінен сыртқа шыға алмадым. Ташкент жаққа да жол түспеді…» «Ташкент жаққа» деп отырғаны туған ауылы Табақсайды меңзегені. Бұрындары бұл кісі жаз кезінде Табақсайға барып, әкесі Мүсірбек тұрғызған үйде біраз аунап-қунап қайтушы еді. Тоқсаныншы жылдың күзінде сол Табақсайға жолым түсті. Таң бозынан далаға шығып едім, ауылды айнала ұсақ шоқылар шөгіп жатыр. Көкжиектен бас көтерген күн шапағы сол шоқылардан шашырай, ұшқындап тұрды. Ауыл қоныс тепкен жер жазық сай. Атам қазақ жер атауына келгенде сондай тапқыр ғой. Уақыт шіркін пендесіне тізгін бере ме? Содан бері отыз жыл артта қалыпты.

Әлжан аға: «Елді сағындым», дейді. Ал, Әлжандай ерін сағынатын қазақ аз емес. Шіркін, сондай бір салтанатпен бой көтеріп келе жатқан Түркістаннның төрінен Жармұхамедовке саңғырлаған жаңа пәтер бұйырса, қандай ғажап! Себебі, Әлжан Мүсірбекұлы осы Түркістан өңірінің тумасы. Кезінде оның ғажап ойынына сүйсінген орыс жазушысы Василий Аксенов Жармұхамедовке «Түркістанның әбжыланы» деп айдар тақты. Ойлап қараңыз, алыстағы қазақ жұрты баскетболшы ұлын әлі жыға танымай жүрген тұста айдаладағы орыс жазушысы Әлжан туралы тартымды очерк жазды. Осы оқиғаны, Әлжан ағаның спорт саласындағы тамаша тарихын облыс әкімі Шөкеевке дұрыстап жеткізсе, Арыс пен Мақтаралдың атан түйенің белін үзер бейнетіне қайыспаған, қара нардай Өмірзақ Естайұлы қарап қалмас деген ойдамыз. Себебі, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионын, түбі Оңтүстіктің азаматын жат жерде қалдыруды Өмекеңдер өз бойына шақ көрмесі, намыс санары анық.

Ал, сондай шуақты күн туып, бойы екі метрден асатын Әлжан ақсақал күні ертең таяғына сүйеніп, Түркістанның даңғыл көшесінде алшаң басып бара жатса, бәрімізге абырой емес пе?!

Қыдырбек Рысбек,

Қазақ үні

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз