Әскери патриоттық клубтар отансүйгіштікке баулиды

Шымкент қаласының «Жас қыран» және «Жас зымыраншы» әскери-патриоттық клубтары «Айбын» VI Республикалық жастар жиынының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараны Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев ашты. «Жас қыран» әскери-патриоттық клубының жұмысына Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жетекшілік етеді. Клуб қалалық жалпы білім беретін мектептердің оқушыларынан іріктелген құрама командадан тұрады. Оның құрамында әскери-патриоттық ұйымдардың барынша дайындалған тәрбиеленушілері кірген. Ал әскери бөлім базасында жұмыс істейтін «Жас зымыраншы» клубы ӘҚК Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің атынан қатысуда. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өз Жолдауларында айтқандай, Қазақстанның болашағы салауатты өмірді күнделікті дағдысына айналдырған отаншыл жастарымыздың қолында. Өйткені, жасөспірімдерді бүлдіршін шағынан патриоттыққа тәрбиелеу олардың өз елін сүйіп, соған қызмет етуіне үйретеді. Шымкент қаласындағы «Жас қыран» және «Жас зымыраншы» әскери-патриоттық клубтарына қатысушы мектеп оқушылары жастай әскери тәртіпке үйреніп, өздерінің уақытын дұрыс пайдаланып, өздерінің денесін ғана шынықтырмай, рухын да шынықтыру арқылы еліміздің болашақ мықты азаматтары болып қалыптасады. Мегаполисте сондықтан да жас ұрпақ тәрбиесіне үнемі көңіл бөлініп келеді. Қала мектептерінде ондаған үйірмелер мен клубтар бар. Олардың басты міндеті – әрбір оқушыны жастайынан салауаттылыққа бейімдеу, яғни жасөспірімнің бос уақытын тиімді пайдалануға, қоғам мен қоршаған ортасында белсенді болуға, жақсы оқу мен қатар шымыр болып шыңдалып өсуге дағдыландыру. «Айбын»  VI Республикалық жастар жиынына қатысушы, әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушісі Аяулым Мұрат: «Біздің қаламыздың мектептерін таныстыру-үлкен құрмет және жауапкершілік. Мен осындай мүмкіндік алғанымды мақтан тұтамын және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстарда үздік нәтиже көрсетуге тырысамын», –  деп жоспарымен бөлісті. Аяулым ғана емес, өзге де жарысқа қатысушылар әскери-қолданбалы спорт түрлерін меңгеру арқылы шынығып, шымыр, епті, ширақ болумен қатар өздерін жастайынан салауатты өмір сүруге бейімдейді. Еліміздің болашағы осындай жан-жақты дамып, жетіліп, еліне қызмет етуге қабілетті жастар болмақ. Биыл «Айбын»  VI Республикалық әскери-патриоттық жиынға 39 команда қатысуда. Олар «Жасұлан» мектебінің, облыстық әскери мектеп-интернаттарының, Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтарының, сондай-ақ облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері. Жиынға қатысушылардың жалпы саны – 585 адам. 2020 жылдың 30 қарашасына дейін жас патриоттар «Айбын дарыны» интеллектуалдық ойынына, әскери-қолданбалы спорт түрлері, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жарыстарға қатысады, «Біз біргеміз» челленджін қолдап, «Айбын жұлдызы» байқауында өз таланттарын, робот техникасында конструкторлық шеберліктерін көрсетеді. Жарыс «Брейн ринг» ойынымен аяқталады. Аманғали ӘБУОВ, журналист. Шымкент қаласы. qazaquni.kz