Арсыз адамда жемқорлыққа қарсы иммунитет болмайды

Біз бұл кісімен кездейсоқ жағдайда ұшырастық. Шымкент қаласы «Самал» базары алдында Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың қатысуымен санитарлық нормалардың сақталуы бойынша баспасөз брифингі бастау алған болатын. Білікті маман және басшы ғана емес, бойында жан жылуы бар, ортаймас бедел мен парасат иесі, адамгершілігі мол азамат ретінде өз замандастарының ортасында шынайы құрмет пен беделге ие Бұхарбай Рысқұлұлын әңгімеге тартуды ұйғардық. 33 жылдан бері мемлекет пен халқымызға адал жұмыс жасап келе жатқан аудан әкімі де жұмыстарының тығыздығына қарамастан, ой-пікірлерімен бөлісуге қарсы болмады. Бір-жарым сағатқа созылған әңгімеміз елімізде дендеп бара жатқан сыбайлас жемқорлық тақырыбына қарай ойысты. – Құрметті Бұхарбай Рысқұлұлы! Сізді тәжірибелі экономист, ревизор-инспектор, салық комитеті мен қаржы полициясында абыройлы қызмет атқарған азамат ретінде жақсы танимыз. 2007 жылдан бері әкімдік жүйені меңгеріп келесіз. Сарыағаш, Төлеби сияқты аудандарды басқардыңыз. Енді, міне, қаламыздың күрделі аудандарының бірінде әкім ретінде маңдай теріңізді төгудесіз. Сыбайлас жемқорлық ұғымы сізге етене таныс болса керек. Өйткені, өз жұмысыңызда онымен қақтығыспай жүрді деп айта алмаймыз. Ендеше, сыбайлас жемқорлық дегеніміз не, оның негізгі ұғымдары мен белгілері қандай? Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қандай қылмыстар жатады? Осы жайында айтып берсеңіз. Бұл дерт қоғамымыздың түрлі салаларын билеп-төстегісі келіп, ол жердегі жұмыстардың басым көпшілігін ақсаңдатуға ұмтылыс жасап жүр. Онымен біз бұрын да күресіп келгенбіз, қазір де күресудеміз. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасаған қоғамға қауіпті қылмыстық іс-әрекеттері деп түсінемін. Жемқорлықтың белгілері: лауазымды адамның өзінің немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік түрінде пара алу, туыстық, жерлестік жақындығына байланысты қызметке ретсіз қабылдау және көтермелеу, мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді талан-таражға салу. – Яғни, бұл дертке ашкөздік пен тойымсыздыққа бой ұрған кез-келген лауазым иесі шалдығуы мүмкін ғой? – Иә, ар-намысы жоқ, абырой-беделін ойламайтын, «ұят» деген ұғымнан безіп кеткен адамдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеті болмайды. Олар ешкімге көрсетпеймін, ешкімге айтпаймын, ешкімге білдірмеймін деп жүріп-ақ масқарасы шығып жатады. Өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, біздің қоғамымызда бірдеңені жасырып қалу өте қиын. Және кімнің кім екенін қалың көпшілік өте жақсы біледі. Жақсы білген соң емес пе, парақорға пара дайындап, апарып беретіні. Білмесе, олай етпес еді. Өйткені, пара алған да, пара берген де – қылмыскер. – Ой-тұжырымыңызбен толық келісемін. Ендеше, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданды – не үшін деп ойлайсыз? – Сыбайлас жемқорлық – бұл әлеуметтік жауыздық! Біріншіден, мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді. Екіншіден, мемлекеттік биліктің беделіне де едәуір залалы бар. Үшіншіден, қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіліктерін моральдік түрде құлдилатады, құлатады. Елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсер тигізетіндіктен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Осы стратегия іске асып жатса, қоғамымыз бұл дерттен айығады деген сенім мол. –  Лайым солай болсын, Бұхарбай Рысқұлұлы!.. Енді мынаны айтыңызшы, өз қызметіңізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы          қандай іс-әрекеттерді жүзеге асырдыңыз? Сіз басқаратын ұжымда сыбайлас          жемқорлықпен күрес қалай жүріп жатыр? – «Шымкент қаласының Абай ауданы әкімі аппаратының 2020 жылға арналған мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау бойынша іс-шаралар жоспары» бекітіліп, оның орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Жоспарға сәйкес, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал ету мақсатында, 2020 жылы 2 рет арнайы жиналыс (15.03.2020 ж. бастап карантин енгізілуіне байланысты жиналыстар тоқтатылды) ұйымдастырылып, бұзушылықтардың алдын алуын қамтамасыз ету мақсатында кеңес беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық пен Әдеп кодексінің негізінде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен олардың алдын алу, мемлекеттік қызметкерлердің әдептілік нормаларын ұстануы мен моральдік-этикалық келбетіне қойылатын және мінез-құлық стандарттарының негізгі талаптары болатын қағидаларға, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желілерде қызметтік әдепті сақтауына қатысты жан-жақты түсіндірмелер беруге арналған құқықтық оқу семинарлары мен дөңгелек үстелдер өткізілген. Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және алдын алуға бағытталған және қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды ұтымды үйлестіру ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шешуші өзгеріске қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігін ескере келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыру мақсатында аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері Шымкент қаласы аумағындағы «Сауле» мөлтекауданында орналасқан ИЧ 167/11 Тергеу изоляторы түзеу мекемесіндегі жағдаймен арнайы таныстырылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге түбегейлі кіріскенін аңғарып жүрміз. Көптеген алқалы жиындарда осы мәселеге назар аударып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салып келеді. Президентіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы айтылған сөздеріне қосарыңыз бар ма? – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұсыныстары негізінде кешенді іс-шаралар түзіліп, осы бағытта көптеген жұмыстарды атқарып келеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 19 тамызында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес барысында берілген тапсырмаларын жүзеге асыруда заңнамалық және ұйымдастыру шараларын уақтылы қабылдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қызметтерінен босату институтын енгізу, нормативтік-құқықтық актілерді сараптамадан өткізуді қайта қалпына келтіру, мемлекеттік қызметшілердің кіріс-шығыс декларацияларын жариялау жауапкершілігі жөніндегі шаралардың маңыздылығын назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Президентіміз жемқорлыққа қарсы күрестегі басым бес бағытты атап, қазіргі қоғамдағы орын алып жатқан өзекті мәселелерді толық қамтыды. Президентіміздің тапсырмаларын орындау – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта тек жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту мақсатында сапалы жұмыстар жүргізетін боламыз. Мемлекет басшысының айтқандарына қосып алар ештеңем жоқ – қайта қоғам болып оларды орындауымыз қажет. – Көптен бері мені мазалап келе жатқан мына бір жұмбақтың шешімін айтып беріңізші? Қанша күш жұмылдырсақ та, біз неге сыбайлас жемқорлықты жеңе алмай келеміз? Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою үшін қандай шараларды қолға алып, іске асыру керек? Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін не істеуіміз керек, қандай жолдары бар? – Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез-келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді. Мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Бұл қылмыстың алдын алу үшін, жастармен кездесулер өткізіп, оларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру мақсатында студенттер арасында заңдылық пен жемқорлыққа қарсы тәртіп орнатып, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеуден бастауымыз қажет. Жастардың алған білімдері оларды өмірде туындаған кез-келген жемқорлық –атаулымен кездестірмейтіндігіне сенгіміз келеді. Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында. – Және соңғы сауалым. Егер қарамағыңыздағы қызметкер немесе тікелей басшыңыз сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болса, не істер едіңіз? – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы айтып кеткендей, қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда, тікелей басшысын жұмыстан босату көзделген. Өз қарамағымдағы мемлекеттік қызметшілер арасында заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды, бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету мақсатында кеңес жиындар мен түсіндіру жұмыстары қатаң жүргізілуде. Әсет Әссанди, Шымкент қаласы бойынша Арнайы мониторингтік топ жетекшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.  qazaquni.kz