"Қазақстан" ұлттық телеарнасы үздік шықты

АСТАНА. 14 ақпан. Baq.kz - ТНС (TNS) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша 2013 жылдың 1 қаңтар мен 10 ақпан аралығында  «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендер, яғни шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары арасында 23,3% орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты.
Зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек қазақ тілді көреремендер саны бойынша, «Қазақстан» Ұлттық арнасы 30,6 пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орында келеді. Ең қуанарлығы жоғарыда атап өткеніміздей, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары қазақ және орыс тілді көреремендер арасында да 23,3 пайызбен биылғы жылдың басынан «Қазақстан» Ұлттық арнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші орынға тұрақтады.
Осылайша 6+ бағамы бойынша, (6 жастан жоғары қазақ және орыс тілді көрермендер арасында) Ұлттық арна қазақ тілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да отандық өзге телеарналардың алдына шығып, жетекші позицияны нық ұстап тұр.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша «Қазақстан» Ұлттық арнасы 2011 жылдың қыркүйегінен 100% қазақ тілінде хабар тарата бастады. Алғашқыда, ел тұрғындарының 95% қазақ тілінде сөйлеп кетуіне күмән келтіргендер, Ұлттық арнаның рейтинг жинап, үлкен сұранысқа ие болатынына сенімсіздікпен қараған еді. Бірақ, жоғарыдағы нақты деректер көрсеткендей, «Қазақстан» Ұлттық арнасы көрермен сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, халықтың көкейіндегісін таба білді.
Ұлттық арна ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік, танымдық хабарлары, қызықты мегажобалары мен тартымды телехикаялары арқылы көрермен көңілінен шықты.
Жоғарыда көрсетілген ТНС зерттеу компаниясының мәліметтері 100% мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін дәлелдейді.
Бұрын Қазақстан Республикасы сараптамалық зерттеулерді 100 мыңнан жоғары тұрғындары бар қалаларда ғана жүргізіп келді, ал 2012 жылдың 1 сәуірінен бастап 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендерді де зерттей бастады.