Құс тұмауы: Қарағанды облысындағы үш ауылда карантин жарияланды
2020 ж. 28 қыркүйек
1954
0
Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты 3 бірдей ауылда құс тұмауының өршуіне байланысты карантин жарияланды. Бұл туралы осы облыстың ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының жетекшісіне сілтеме жасап 24.kz хабарлады.
Осыған дейін тек екі ауылда карантин енгізу жоспарланған болатын. Қазір осы өңірдегі тілшіміз Дәуренбек Бақдәулетұлы телефонмен байланысқа шықты. Бұл облыста құс тұмауының өршігенін көрсетіп тұр ғой, жалпы тұмаудың таралу масштабы қандай?
Соңғы екі тәулікте қырылған үй құсының саны тағы 40-қа артып отыр. Осыған дейін бұл құбылыс тек екі ауылда байқалса, енді тағы бір елді мекен қосылды. Осылайша жалпы саны 144-ке жетті. Мамандар көл-тоғандардың маңын зерттеген, нәтижесінде жабайы құстың өлімі тіркелімепті. Бұл ветеринар мамандарға жағдайды әлі де болсын уыста ұстауға мүмкіндік береді. Атап өткендей қазір, Тассуат, Изенді және Жараспай ауылдарында карантин жарияланды.
Марат Мұхтаров, облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының жетекшісі:
- Осы өңірлерде ережеге сай жұмыстар жүріп жатыр. Комиссия өз жұмысын бастады. Құс иелерінен құстарды алып, өртеп жатыр. Сонымен қатар құстарға ақшалай өтемақы болады. Ол статистикалық баға бойынша.
Қазір облысқа 100 мың вакцина жеткізілген. Профилактикалық екпе тек Нұра ауданы емес, Абай, Бұқар жырау және Осакаров ауданының құстарына да салынып жатыр. Ал карантин жарияланған ауылдарға эпизоотикалық жасақтар келіп, құстарды жаппай қыру жұмыстарына кіріскен.
Ережеге сәйкес, үй құстарының өтемақысын арнайы комиссия есептеп шығаратын болады.