Ғабит Мәуленқұлов: "Жемқорларға жем болу - барлық елден кем болу"
2020 ж. 26 қыркүйек
1551
0
Үшінші мегаполистің бұл ауданы – көне Отырар қаласында туған ұлы ғалым, энциклопедист, әлемнің Аристотельден кейінгі ұстазы атанған ғұлама Әл-Фарабидің есімімен аталады. Ол – Шымкент қаласының орталық бөлігінде орналасқан және қаламыздағы ең негізгі мәдени ошақтар, ірі сауда нысандары, қонақүйлер, беделді жоғарғы оқу орындары мен әсем саябақтар, аллеялар мен гүлзарлар осында орын тепкен. Бұл жерде аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың бастамасымен көптеген игі істер атқарылуда. Жүрегі жалын атып жүрген жас басшының күш-қуаты мен ерік-жігері бірнеше басшыға жетерліктей – оларды қатар қойып, теңдей бөліп берсе де, сарқылмайтындай болып көрінеді. Қызметіндегі ұстанымдары кімге болса да, үлгі боларлықтай. Өзі оларды әзіл-шыны аралас «Жеті Ж» деп атайды: «Жемқорлықты жақтырмау, жемқорлыққа жуымау, жемқорлықты жойып жіберу». Осы ұстанымдары әкімнің әр ісінде, әр қадам басқанында белгі беріп тұратындай-ақ...
І. Жастар және жемқорлық
Аудан шеңберінде әкімнің шешетін мәселелері мен атқаратын тірліктері шаш-етектен. Қысқы маусымда көпқабатты үйлерге сапалы жылу беру, ауданның санитарлық тазалығын сақтау, ретсіз сауданы жүйелеу, азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізу аудан әкімінің жеке бақылауында ұстайтын жұмыстарының бір парасы ғана. Сондықтан болар, қала тұрғындары Ғ.Мәуленқұловты кабинетінен гөрі көшелерде жиірек кездестіреді.
Мәселен, жуырда ғана Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов Шымқаланың белсенді жастарымен кездесу өткізді. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен кездесу бейресми, еркін форматтағы пікір алмасу алаңы ретінде ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облысы, Шымкент қаласы «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар қанатының белсенділері, «Жас Отан» Жастар қанаты және жастар ресурстық орталығының Аутрич және NЕЕТ жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің қызметкерлері, студенттер, жастар мәслихатының депутаттары, ерікті жастар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
«Жастармен жиірек кездесіп, сұхбаттасып жүру керек, – дейді Ғабит Патшаханұлы: – Бұндай кездесулер оларды парасатты, әділ қоғам құруға үндеп, жемқорлық атаулыны жолатпауды үйретеді. Жалпы, жемқорлық – аса қауіпті жау. Ол әлі буыны қатпаған өскелең ұрпақтың санасын ерте бастан улауға бейім. Оның үстіне, ол көп жағдайда «жанашырлық» бейнесінде жолығады. Алданып қалу бір пәсте! Мысалы, үлгерімі нашар студенттердің 5-10 тиын беріп жіберсе, жақсы баға алып шығу мүмкіндігіне жолы ашылады. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетіне айналдырған кей жас буын өз-өзіне үлкен залал келтіріп отырғанын түсінбей де қалады. Өйткені, ертең диплом алғанымен, білімді сол күйі ала алмай, дүбара маман болып шығатынын түсінбейді. Ал, осыны түсіндіруге тиіс аға буынның жекелеген өкілдері жемқорлыққа салынып, он гүлінен әлі бір гүлі ашылмаған жастарымыздың болашағына балта шабатынын сезінбейді».
Аудан басшысының бұл айтқанымен келіспеу, әсте, мүмкін емес! Расында да: «Сынықтан басқаның бәрі жұғатынын» ескерсек, жастарымыз ересектерге еліктеп, жемқорлық дертіне шалдығатыны бар. Қарап отырсақ, сыбайлас жемқорлықпен құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жүрген жастарымыз соңғы жылдары көбейіп барады. Бүгінгі таңда жас мамандар мемлекеттік қызметке көптеп кірісуде. Әл-Фараби аудандық әкімдігінде де жұмыс істеп жүрген жас мамандар жеткілікті. Осылардың жемқорлық дертіне шалдықпай, өз жұмысын заң шеңберінде атқаруын жіті қадағалап жүрген әкім:
«Сыбайлас жемқорлық – параға сатып алу деген ұғымға сай. «Сorruptio» латын тілінде – «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген мағынаны білдіреді, құқыққа қарсы іс-әрекеттер. Жағымпаздықты да сыбайлас жемқорлықтың белгілері деп санаймын. Әл-Фарабише айтар болсақ: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы». Ал, тәрбие тал бесіктен басталады. Аудан әкімі аппаратының барлық қызметкерлеріне және аудан тұрғындарымен жеке қабылдауда, кездесулерде – әрдайым заңдағы өзгерістер мен толықтыруларды (пара беру мен алудың қазіргі таңда жауапкершілігі тең екендігін) жеткізе отырып, егер кім де кім пара сұрау фактілерімен кезіксе, жедел түрде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабар беруге шақырамын. «Ашық есік» күнін ұйымдастырып, тұрғындарды мазалаған сұрақтарына жауап беріп, мәселесін шешуге ықпал етемін. Сыбайлас жемқорлық, пара алу-беру деген не екені – мекемеміздің қабырғаларына ілініп қойылған, одан бөлек, ай сайын сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жауапкершіліктері ескертілген хабарлама таныстырылып қол қойылып отырады. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ең бірінші өзім таныстырамын. Осыдан кейін, «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі» іс-шара жоспарына сәйкес аппарат басшысы мен бас маман-заңгер жалғастырып, аптасына бір рет жиналыс ұйымдастырылып отырады», – деп, әрі қарай жалғастырды: «Дамыған елдердің ішінде өзім іс-сапармен барып келген елді мысалға алсақ, Сингапур – сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросын ашқан және оның өкілеттіліктерін кеңейткен. Барлық шенеуніктер – иммунитеттен, жеңілдіктен айырылған. Дания – елдегі барлық адамдардың кіріс-шығыс қаражаттары жасырын емес, жыл сайын жариялап отырады, жалған ақпарат беру жемқорлық болып саналады. Осы аталған елдердің тәжірибесін алып, іске асыру қажет».
ІІ. Әкіммен арада болған сұхбат
Ғабит Патшаханұлы бір жерде отырмайды, ол үнемі елдің, қалың жұрттың арасында. Аудан көлеміндегі кемшін тұстарын, тұрғындарды мазалаған мәселелерді өз көзімен көріп, елмен пікірлескенді жақсы көреді. Сондықтан болар, қала көшелерінен әкімді жиірек кездестіруге болады.
Аудан көлемінде 4 базар, 19 сауда орталығы және 10 дүкен бар. Олардағы бағалар бойынша азық-түлік тауарларының 33 түріне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл сауда орындарына, базарларға Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты мен басқармалардан жауапты қызметкерлер арнайы бекітілген. Азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг нәтижесі бойынша қалалық штабқа мәлімет беріледі. Қандай да бір бағаның өсуі байқалса, сол сауда нысандарына жұмысшы топ барып, анықтау-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. «Өйткені, тұрмыстық жемқорлық – сыбайлас жемқорлықпен арасы алшақ емес. Өкілеттілікті асыра пайдаланып, құқыққа қарсы іс-әрекеттер. Жай ғана мысал: төтенше жағдай және карантин кезінде, дәрі-дәрмектің бағасын екі немесе одан көп еселеп сатып, оны куәландыратын кассалық аппараттан шығарылып ұсынылуы тиіс түбіртектер ұсынылмағаны белгілі. Сол сияқты базарлар мен дүкендердегі негізсіз бағаларды аспандатып жіберу де – тұрмыстық жемқорлықтың бір көрінісі» – дейді аудан әкімі.
Осындай мониторинг тобын басқарып жүргізіп келе жатқан сәттердің бірінде әкіммен жолығып, пікірлесуге мүмкіндік туды.
Ғ.Мәуленқұловтан: «Өз қызметіңізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-әрекеттерді жүзеге асырдыңыз?» – деп сұрадық. Ғабит Патшаханұлы: «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғана міндеті емес, әрбір азаматтың міндеті. Отаным, Елім дейтін нағыз азаматтардың қатары азайып, тәрбиесі мен жауапкершілігі төмен адамдардың көбейіп кетуінен болуы мүмкін. Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы, мемлекеттік міндеттерді орындауға өкілеттілік берілген адамдарға және оларға теңестірілген адамдарға қатысты қылмыстар мен қасақана заңды бұзып-бұрмалап, өз пайдасы мен мүддесін көздеген кез-келген әрекеттер сыбайлас жемқорлық болып табылады.
Өмірімде ешкімге пара беріп немесе біреуден алып көрмедім. Себебі, «әке көрген оқ жонар» дейтін қазақпыз, әкем менің әрдайым адалдыққа, «атаңның емес, адамның баласы бол» деп тәрбиелеген. Сондықтан, өз өмірлік қағидам мен алған тәрбие-білімімнің арқасында менің ондай сатқындық пен арсыздыққа баруым мүмкін емес. Дамыған елдер қатарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес тәсілдерін атап өттім. Қай елдің тәжірибесі екенін білмеймін бірақ, коррупциялық әрекеті үшін – жұмыстан босап, барлық зейнетақы жинақтарынан айырылып, 4 буын (баласы, немересі, шөбересі, шөпшек) басшылық лауазымға орналасу құқығынан міндетті түрде айырылады екен.
Қазақтың діні мен ділін, салты мен дәстүрін ешкім жойған жоқ. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз бар, Менің айтпағым, 4 буын емес, 7 буынына дейін басшылық лауазымға орналасуына тыйым салу. Себебі, қазақта қанатты жақсы сөз бар: «Адам ақылыменен сымбатты, ұрпағыменен қымбатты» дейтін. Біз әрдайым бала-шағамыздың болашағын ойламыз. Ал, баласының болашағын ойлайтын азамат ешқашан сыбайлас жемқорлыққа бармайды», – деді.
- Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің, қаладағы аудан әкімдерінің жемқорлыққа жиіркене қарайтынын көріп, кәдімгідей қуанып қалады екенсің. Яғни, біз сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытында түбі жеңіске жететініміз айқын. Лайым солай болсын!..