Қазыбек Иса. ҰЛТШЫЛДЫҚПЕН МАҚТАНУЫМЫЗ КЕРЕК!

ЕЛ АЗАТТЫҚ АЛДЫ - ТІЛ АЗАТТЫҚ АЛҒАН ЖОҚ!

Ел біздікі. Жер біздікі. Неге әлі күнге дейін мемлекеттік тіл үшін күресіп келе жатырмыз? Осы сауалдарға Тіл туралы заңның 31 жыл толуына белгілі ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса жауап берді.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белгілі журналист Нартай Аралбайұлымен ютуб желісінде болған сұхбат барысында қоғам қайраткері мемлекеттік тіл, ұлтшылдық, митинг, сайлау секілді елдегі ең өзекті тақырыптарға тоқталып, көкейіндегі келелі ойларын ортаға салды.
– Бұл әлемнің ешбір елінде жоқ жағдай. Ал, бұл ең бірінші кімге тиеді десе, ең алдымен билікке тиеді. Себебі, бәрі биліктің қолында. Билік сол баяғы құл кезінде сөйлеген тілінен әлі арылған жоқ. Ел азаттық алды, Тіл азаттық алған жоқ. Құл ғана қожайын тілінде сөйлеуге құмар болады.
Биліктің қазақ тілінде сөйлеуге құлқы жоқ. Биліктегілердің өздері де, балалары да қазақ тілін білмейді. Қазақ тіліне қарсы шығып жүргендер өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің қазақтар. Әсіресе, билікте отырған қазақ тілін білмейтін қазақтар, – деді Қазыбек Иса өз сөзінде.
Сонымен қатар, ол қоғамның үлкен қолдауына ие болған «КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!» атты Ашық хаттың ары қарайғы тағдыры туралы да айтып өтті.

– Мен Ұлттық Кеңесте де осы мемлекеттік тіл мәселесін көтерген болатынмын. Сол кезде бір айдың ішінде Мәдениет министрлігі жиын өткізді. Қазанның 8-күні Ұлттық академиялық кітапханада министр Ақтоты Райымқұлованың жүргізуімен, барлық комитет төрағаларының қатысуымен жиын өтті. Сол кезде Тіл комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдеш тек менің осы мемлекеттік тіл туралы ұсынысым бойынша баяндама жасады. Төрт күннен кейін, сол кездегі вице-премьер Бердібек Сапарбаев бес министрді жинап алып, тағы жиын өткізді. Мен ол жерде де осы тақырыпты көтердім. Жақында, осы жазда Мәдениет министрлігінің Тіл комитетінде Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының Тұжырымдамасы жасалып, Үкіметке жіберілді. Енді ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің қолында, – деді Ұлттық кеңес мүшесі.

Сұхбаттың толық нұсқасын видеодан көре аласыздар: