АЛЫСТАҒЫ БАУЫРЫМ УГО ЧАВЕСКЕ ХАТ

1
1477

Каракас, Венесуэла

                                             Президенті Уго Рафаэль Чавеске

Аса құрметті бауырым  Уго Чавес!

Сізге осындай қиын-қыстау кезде қолдау көрсетіп, рухани күш-қуат беруді азаматтық парызым деп есептедім.

Сізге шын жүректен деніңізге саулық тілеймін.

Президент мырза! Адамзат тарихында қарапайым жандар патшаға да, ханға да, президентке де жақсылық тілеп, ұсынысын жеткізуге тырысқан. Сондай адамдардың біреуі кең-байтақ қазақ жерінде өмір сүріп  65 жасқа жеткен – 5 бала, 6 немере өсіріп отырған осы мемлекеттің азаматы Ырысбай Оқуұлы деп білгейсіз. (Ақ бата, ақ тілек үшін ешкім айыпқа бұйырмас). Сол ұсыныстар көбінесе діттеген жеріне жете алмаған. Тіпті сәті түскен күнде де соңғылары, жасыратыны жоқ, немқұрайды қарап, менсінбей, елеусіз қалдырып, көңіл бөлмеген. Десек те, өзімнің ықыласым, ал, соңғы жылдары батам қабыл болып жүргенін сеземін (оның да себебі бар). Сізге деген ықыласым ерекше болғандықтан, ақ ниетімнің, адал тілегімнің, шынайы ұсынысымның дәл осы жолы ескерусіз қалмай­тынына сенімім мол. Сіздің сырқатыңыздан тез айығып, жауапты қызметіңізді жалғас­тырып, халқыңызға істеп жат­қан жақсылықтарыңызды ары қарай жалғастыруға Жаратқан Ием күш-қуат бергей!

Сонымен қатар Сіздің  тез арада қатарға қосылуыңызға титтей де болса көмегім тисін  деген ізгі оймен бұрынды-соңды еш жерде, еш мемлекетте ұшыраспаған суретті ұсынбақпын. Оны көрген адамдар әуелі Алланың құдыретіменен, сосын сол суреттің септігіменен денсаулықтары түзеліп, істері алға басып жатыр. Аллаға серік қосу – күнәның ең зоры! Картинадағы әулие Арыстан баб, Хазірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де қазақ халқы үшін, барлық мұсылмандар үшін, тіпті адам баласы үшін қасиетті орындар деп есептеледі. Сол екі керемет тарихи, мәдени, әулиелі орындарға бара жатқанда ұшырасқан (оның өзі тұтас бір хикая) жаңа туған көк қозыны – Алланың адамдарға қазақ халқына түсірген белгісі, мұғжизасы деп қабылдаған едік. Содан бері, міне, 14 жыл өтті. Қазақ жерінің Оңтүстігі мен Солтүстігін, Шығысы мен Батысын аралап елімізге, халқымызға, бүкіл адамзат баласына жақсылық, адамгершілік, имандылық тілеп аралап шықтық. Жақсы адамдармен кездестік.

Сол сапардың барлығында көңілімізге медеу, жолымызға серік болып «Еламан» атты көктен түскен көк қошқар жанымызда бірге жүрді. Шынында да, «Еламанды» Алланың аманаты, адам баласына жіберген жақсылықтың нышаны, белгісі деп қабылдағанбыз. Оған қоса ұзақ сапарларымызда қозымен кездесу тарихын бұлжытпай, айнытпай көрсете білген   сурет те бір сәт қасымыздан қалған емес. Қандай қадыр-қасиеті бар екені тек бір Аллаһ-Тағалаға аян! Тек оның әрбір адамға рухани күш-жігер беріп, ісінің алға басуына жәрдемі тиіп жатқанын көзіммен көріп жүрмін. Бар болғаны – кездескен, үйіне алып кеткен адамдардың Аллаһ-Тағаладан ықылас-ниет етіп, картинаның сыртына жазып қалдырған тілектері орындалатын тәрізді. Тілегі орындалғанын телефон шалып, айтып жүрген жан аз емес. Ондай кезде көңілім тасып, Аллаһ-Тағалаға шексіз ризашылығымды білдіруден талмаймын. Жі­берген мұғжизасына, берген мүмкіндігіне мың да бір шүкіршілік етуден шаршамаймын. «Біліп те, білмей де істеген күнәларымызды кешіре гөр! Адамдарды өтірік айтудан, зұлымдықтан, жемқорлықтан сақтай көр, Аллаһ-Тағала!» деп жалбарынам. Суреттің сондай керемет әсері болғандықтан,  Сізге оны ұсынуды азаматтық парызым, борышым деп отырмын.

Сіз алғаш сырқаттанғанда-ақ осы ұсынысты жазып жіберсем деп ұмтылған едім. Бірақ, менің ең үлкен кемшілігім –көп ойланам, көп толғанам. Бұл жолы да солай болды. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» дейді  біздің дана халық. 

Сіздің өмір жолыңызды ғаламтордан оқып, таныстым. Көрмеген қиындығыңыз жоқ екен! Соның бәрін жеңген екенсіз. Әлі де талай ұлы жеңіске жетесіз деп сенемін. Империализмге қарсы ойыңыз, іс-әрекетіңіз, батылдығыңыз көптеген адамдарды таң қалдырады. Сізді ерекше туған азамат деп есептеймін.

«Задында жақсылыққа, батырлыққа, адамгершілікке сүйсіне білу, оны өзінің мақтанышына айналдыра білу – адам бойындағы ең қасиетті, ең қастерлі сезім» деген екен бір данышпан. Бала кезімнен қалыптасқан әлсізге көмектесу, әділдікті қолдау, ауырған адамның көңілін сұрау, шындықты ашық айту, басқаның бақытына шын жүректен қуана білу қасиетін берген Жаппар Иеге алғысым шексіз.  

Құрметті Чавес мырза!

Осынау қастерлеп, қадыр тұтып жүрген суретті Сіз өз үйіңіздегі бөлменің біреуіне іліп қойсаңыз деген тілегім бар. Сізге күш-қайрат беріп, сырқатыңыздан тез жазылып кетуге себеп болады деп сенемін. Ісіңіз алға басып, дұшпандарыңыз тізе бүгіп, көптеген игі ойыңызды жүзеге асыруыңызға керемет әсер етеді деп есептеймін.

Бұл шопан, шофер, шахтер секілді аса ауыр да жауапты мамандықтарды меңгерген қарапайым қазақ баласының Сізге деген үлкен құрметінің шынайы белгісі деп білгейсіз. Сіз мақұлдасаңыз, кең-байтақ қазақ жерінің, теңдессіз кең пейіл халқымның атынан суретті алып, мұхит асып жеткізуге білек сыбанып, бел будым. Сіздің деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін, алыстағы бауырым! Кездесер сәт түссе, құшақтап көрісуге асығамын! Ылайым соған жеткізгей, Аллаһ-Тағала!

 

Мекен-жайым:

Қазақстан Республикасы, Талдықорған қаласы

Ғарышкер шағын ауданы

11-үй, 33 -пәтер.

Ырысбай Оқуұлы

Үй тел: 87282 25 08 31, Ұялы тел: 8701 775 26 72

«Бүгінгі күннің әулиесі» деуге тұрарлық, жанының адалдығы, пейілінің тазалығы, көңілінің көпшілдігі үшін Аллаһ-Тағала Еламан қошқар секілді керемет сый ұсынған Ырысбай ақсақал жөнінде газетіміздің бұрынғы сандарында жазған болатынбыз.

Енді Ырысбай ағамыз жер шарының арғы бетіндегі халқы үшін американ империализмімен арыстандай алысып, жолбарыс­тай жұлысып, ісінің дұрыстығы себепті Жаратушының қолдауына ие болып, жеңуі мүмкін емес айқаста жеңіске жетіп жүрген, біздің заманымыздың қас батыры Уго Чавеске Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым!» деп» деген өсиетімен,  бауырының жаман аурудан тезірек жазылып кетуіне көмегім тисе, деген ниетпен қасиетті суретті алып мұхит аспақшы екен. Ел болып, ақ жол тілейік! Сапарыңыздың сәтін берсін, Ырысбай аға!

 

 

1 Пікір

  1. Аса құрметті бауырым Уго Чавес!
    Сізге осындай қиын-қыстау кезде қолдау көрсетіп, рухани күш-қуат беруді азаматтық парызым деп есептедім.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз