Абзал ӘЛІҚҰЛОВ, Шымкент қаласы, Қаратау ауданының әкімі: «Жемқорлық дегеніміз – лауазымды тұлғалардың өз қызметіне сатқындық жасауы»
2020 ж. 02 қазан
2456
0
– Құрметті Абзал Шымкентбайұлы! Біраз уақыт бұрын біз осы тақырыпта Еңбекші ауданындағы әріптесіңіз Ғалымжан Молдабайұлымен кеңінен әңгімелескен болатынбыз. Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі ретінде сіздің пікірлеріңізді де білсек деген ойымыз бар. Ендеше, сыбайлас жемқорлық дегеніміз не, оның негізгі ұғымдары мен белгілері қандай?
– Кез-келген әлеуметтік құбылыс секілді сыбайлас жемқорлыққа да нақты анықтама беру мүмкін емес секілді. Алайда, Сіз бен бізге жақсы таныс «сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына тікелей тоқталсақ, алдымен ойымызға «параға сатып алу», «пара» сөздері арқылы анықтауға болатын ықтимал мүмкіндіктерді көреміз. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі – лауазымды тұлғалар, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы. Осы орайда, біз оған берілетін анықтаманың негізінен құқықтық саламен байланысты екенін аңғарамыз. Жалпы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің қоғамда әртүрлі салада орын алып жүргендігінен хабардармыз.
Ал, нақтырақ қолданыстағы Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық дегеніміз – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы болып табылады.
– Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері мен залалдары туралы ойларыңызбен бөліссеңіз?
– Сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы – бұл алдымен кез-келген мемлекетке қаржылық нұқсан келтіреді әрі мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіріп, қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік тұрғыдан құлдыратуға алып келетіндігі анық. Жемқорлықтың пайда болуының себептері қатарын әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдастырылған, құқықтық себептер және мәдени-этикалық сипаттағы факторлар жіктелімі құрап отыр. Сондықтан да аталған себептердің әрқайсысымен алдын ала күрес жүргізу әрбір азаматтың басты міндетіне айналуы тиіс деп ойлаймын.
– Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданған – не үшін деп ойлайсыз?
– Елімізде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жою бойынша халықаралық стандарттарға сай күрес шаралары ұйымдастырылып келеді. Ол еліміздің көптеген бағдарламалық құжаттарында негізге алынатын басымдықтар ретінде айқындалған.
Бұл жұмыстағы жүйелілік 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлықққа қарсы стратегияны қамтамасыз етуге бағдарланған. Аталған стратегия мемлекеттік саясаттың жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттердің негізгі бағыттарын айқындайтын және оған қарсы іс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік шаралар жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
Стратегияның қабылданудағы басты мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа кез-келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құру жолын қолдану арқылы барлық қоғамды тарту, сондай-ақ, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.
Бүгінде елімізде стратегияның қабылдануымен көптеген сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау және қарсы күресу шараларын ұйымдастырудың тиімділігі қалыптаса білді. Дегенмен, түрлі салаларда жемқорлықтың жойылмауы бізге әлі де стратегия аясында жұмыстарды жеделдетуді меңзеп отыр.
– Өз қызметіңізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-әрекеттерді жүзеге асырдыңыз?
– Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратында «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі» іс-шара жоспарына сәйкес, құзырлы мекемелермен бірлесіп тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Оның ішінде: семинарлар, құқықтық сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, қызметкерлерге арнайы бейнероликтер мен ақпараттық парақшалар таратылды.
Қазіргі таңда елдегі төтенше жағдайға байланысты аудан әкімі аппаратында қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау мақсатында заң аясында түсіндіру жұмыстары жиі ұйымдастырылуда.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы айтылған сөздеріне тағы не қосарыңыз бар?
– Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 19 тамызында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес барысында берілген тапсырмаларын жүзеге асыруда заңнамалық және ұйымдастыру шараларын уақтылы қабылдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қызметтерінен босату институтын енгізу, нормативтік-құқықтық актілерді сараптамадан өткізуді қайта қалпына келтіру, мемлекеттік қызметшілердің кіріс-шығыс декларацияларын жариялау жауапкершілігі жөніндегі шаралардың маңыздылығын назар аудару қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта тек жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту мақсатында сапалы жұмыстар жүргізетін боламыз.
– Қанша күш жұмылдырсақ та, біз неге сыбайлас жемқорлықты жеңе алмай келеміз?
– Бiз жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – жемқорлық. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, өкінішке орай бұл мәселе әлi толық шешiмiн таппай келеді. Жемқорлық әрекеттерінің бұлай белең алуы – бұл біздің қоғамдағы жауапкершіліктің төменгі деңгейде қалыптасуы деп ойлаймын.
– Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою үшін қандай шараларды қолға алып, іске асыру керек?
– Меніңше, жемқорлық әрекеттерін жоюда азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру керек секілді. Әр адам өзінің азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, өз саласында адал қызмет атқаруы қажет. Қоғамда азаматтарымыздың адалдығы мен жауаптылығын арттыру арқылы біз қуатты әрі жемқорлыққа жол бермейтін мемлекетті қалыптастыра аламыз.
– Қазақ елінде сыбайлас жемқорлыққа қандай қылмыстар жатады?
– Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Атап айтсақ, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін не істеуіміз керек, қандай жолдары бар?
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мемлекет тарапынан ең тиімді деген әдістер қолданылып, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар мен озық жобалар жүргізілді. Дегенмен, жемқорлық әрекеттерін түбегейлі жойылмай келе жатқаны бәрімізге мәлім.
Меніңше, бізге көбірек өз ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық тәрбие мектебіміздің әдістерін енгізіп, оның насихатталуын жүзеге асырсақ, қоғамымызда мұндай қылмыспен егіз жемқорлық дерті туындамас еді.
Жалпы қоғамда парасаттылық жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруды жүйелі қолға алу қажет. Себебі, парасатты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік әрбір адамның ішкі нанымына, ойлауы мен мінез-құлқының негізіне айналады.
Ал, мәдениет пен парасаттылық – бұл біздің халқымыздың отбасы тәрбиесіндегі басты қаруы екенін ұмытпауға тиіспіз.
– Олай болса, өзіңіз басқаратын ұжымда сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүріп жатыр?
– Жоғарыда баяндап өткендей, ұжымда үнемі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Қаратау ауданы әкімдігі қызметкерлерінің басым бөлігін орта буын мен жастар құрайды. Әрбір қызметкеріміз: орта буын өз тәжірибесін, жас мамандарымыз жігерлерін елге үздіксіз қызмет етуге арнап жүр. Сондықтан, еңбек жолында барынша парасатты әрі адал қызмет ету – біздің ұжым қызметкерлерінің ұраны деп айта аламын.
– Керемет! Ал, егер қарамағыңыздағы қызметкер сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болса, сіздің әрекетіңіз қандай болмақ?
– Бүгінге дейін Қаратау ауданы әкімі аппаратында мен басшылық еткен кезден және маған дейін басшылық еткен әкім кезеңінде де сыбайлас жемқорлық әрекеттері орын алмаған. Себебі, алдын алу шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Егер Сіздің сауалыңызда меңзегендей жемқорлық әрекеттері орын алған жағдайда, мен жемқорлық әрекетінің алдымен пайда болу себебін анықтап, заңсыз әрекетке жол берген қызметкер жайлы құзырлы мекемелерге хабарлаймын.
– Ал, егер тікелей басшыңыз сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылса, не істер едіңіз?
– Жалпы қызмет барысында кез-келген сыбайлас жемқорлыққа менің тарапымнан әрекеттің барлығы тек заң шеңберінде ғана болмақ.
– «Қызметке орналасу үшін бірдеңе беру керек» дегенді қалай түсіндіресіз?
– Меніңше, бұл өзіне сенімсіз тұлғалардың әрекеті. Әрі сондай тұлғалар қалыптастырған стереотип деп ойлаймын. Тікелей маған қатысты жағдайды алсақ, жалпы еңбек жолымда ешқашан мұндай әдістің қолданылатынын білмегенмін әрі ешқашан қолданбағанмын деп толық сеніммен айта аламын.
– Өз өміріңізде біреуге пара беріп, біреуден пара алып көрмедім деп отырсыз – неге?
– Мен өз еңбек жолымды мемлекеттік қызметпен байланыстырғандықтан, менің басты мақсатым – адал қызмет ету, адамдық құндылықтарымды берік ұстану, азаматтық жауаптылығымды биік ұстау. Мен үшін «пара беру, пара алу» түсініктері сатқындықпен бірдей ұғым және пара беру де, пара алу да – пайдалы болмайтын үлкен қылмыс.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес сәтті жүзеге асу үшін біздің заңнамамызда көзделген жауапкершілік жеткілікті ме?
– Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді, әлемдік стандарттарға сай институттары мен тетіктерін құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңімен жүріп келеді.
Елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылуда. Оның негізі – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдар болып табылады. Бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды атқаратын уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес сәтті болу үшін біздің заңнамамызда көзделген жауапкершілік жеткіліктілігінен бұрын, азаматтарымыздың жауапкершілігін алдымен нығайтуымыз керек. Себебі, кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүруі үшін, жемқорлық індетімен белсене күресуде жауапкершілігімізді арттыру аса маңызды.
Сұхбат жүрізген
Әсет Әссанди,
Шымкент қаласы бойынша
Арнайы мониторингтік топ жетекшісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
qazaquni.kz