Өскеменде тағы бір көшенің атауы қазақшаланды

Өскемен депутаттары Менделеев көшесін Бағдат Шаяхметовке ауыстыруды қолдады. Бұл туралы altaynews.kz хабарлайды.

«Өскемен титан-магний комбинаты» ААҚ президенті болған Бағдат Шаяхметов өзінің еңбек жолын 5-ші қатардағы жұмысшыдан бастап бригадир, цех бастығы, директордың орынбасары, бас инженер болып, өзі 23 жыл басқарған зауыттың директоры лауазымына дейін өсті.

Бағдат Шаяхметов өмірден озғаннан кейін Сограның бас көшесі – Менделеевті Шаяхметовтың атына беру ұсынылды.

2014 жылы қалалық мәслихаттың депутаттары бұл идеяны бірауыздан қабылдаған болатын, алайда көше атауы сол беті өзгертілмеді.

Бұл мәселе осы жазда тағы да көтеріліп, маусым айында қоғамдық тыңдау жоспарланған, бірақ жиын бір себептермен болмай қалған.

Осылайша қоғамдық тыңдау 8 қыркүйекте өтіп, тұрғындар Бағдат Мұхаметұлының Согра ауылының дамуына қосқан орасан зор үлесін айта келе, депутаттардан көше атауын өзгерту идеясын мақұлдауын сұрады.

Қалалық мәслихаттың 13 өкілі бірауыздан дауыс берді.