"БОМБА" БОЛА ЖАЗДАҒАН "ҚАЗАҚ ҮНІ"...

Бекболат Қаленов деген ақын бауырым Арқалықта оқыды. Әр адамда студенттік дәуреннен ұмытылмас естелік, сағынышқа айналған достар болады емес пе?! Көбей деген досы туралы қызықты хикаялар айтқанда Көбекең көз алдыңа еріксіз көлбеңдеп тұра қалады. Сол Көбекең Астанада (сол кездегі атауы) жүргенде "Қазақ үні" газетін пойыздан күтіп алып, өзге аймақтарға таратуға шығады. Нән қапшық газетті арқалап келе жатады да шаршап кетіп, оның үстіне қысылып, вокзалдың ішіне қақ ортаға қапшықты қойып, өзі әжетханаға кетіп қалады. Сөйтсе, бәрін камерадан бақылап отырған полисайлар дереу келіп,  әлгі қапшықты қоршап алып, "бомба" қойылды" деп хабарлайды. Әжетханадан шаруасын тындырып жайбарақат келген Көбейді әй-шай жоқ, қолын қайырып, аяғын керіп, етбетінен еденге жатқызады. Содан бәрі улап-шулап "бомбаны" ашады. Ашып қалса,  қапшық толған "Қазақ үні" газетінің жаңа саны екен... Сөйтіп,  Қазыбек Иса ағамыздың газеті аяқ астынан "залалсыздана" жаздапты. Бауыржан ХАЛИОЛЛА