Бисенбай Бисенғалиев. Тобанаяқ

Институттан соң тұрақты жұмыс жасауға мен тап болған бұрғылау бригадасының мүшелері ылғи «киікқұлақтардан» тұрады екен. Үстірттің үстінде жұмыс жасаймыз. Барлығымен де жақсы қарым қатынаста болдым, оларды мен сыйладым, олар мені сыйлады. Бұлардың кейбіреулерімен «ер шекіспей бекіспейді» дегендей «жақсылап әңгімелестік» те басында, артынан жақсы жолдас болдық. Енді осы адамдар жұмысқа бірде жақсы шықса, бірде шықпай қалады, шықса да демалыс кезінде үздіксіз ішілген «ащы судан» кейін ештеңеге әлі келмейтін «тірі өлік» күйінде бірнеше күн жүреді. Солардың кесірінен 7 адам жасайтын вахтада, 4-5 адам жасайтын кездеріміз жиі болатын. Сондай бір вахта кезінде, мен «верховой» болып жоғарыда жалғыз өзім арпалысып жүргенмін, астында, ротордың үстінде армиядан жаңадан келген жас жігіт пен ештеңеге әлі келмейтін манағыдай «тірі өлік» бұрғышы көмекшісі жұмыс жасап жатырған. Инструменттерді көтеріп болып қалдық, енді өте ауыр алты дюймдік УБТ-ларды көтере бастағанбыз. Алғашқы қырық метрге жақын бір УБТ свечаны палецке қоя алмай, күшім жетпей тырмысып жатырғанымда астыңғы жақтан қатты шыңғырған дауыс жетті құлағыма. Төмен қарасам бұрғышы мен тағы бір адам ротордың жанында құлап жатырған адамның үстіне еңкейіп бірдеңелер жасап жатыр екен. Бұрғышыға мен трубаларды соғып (өзіміздің келісілген белгіміз) белгі бердім, ол маған бәрін таста да төмен түс деген белгі берді.

Жұмыс жөніне қалды, тоқтады. Шауып төмен түссем, манағы жас жігіттің аяғына байқамай ауыр УБТ-ны(утяжеленные бурильные трубы) қойып қалыпты. Оның ниппель жағы өте өткір ғой, және өте үлкен салмағы да бар. Жігіттің үлкен башпайынан бастап бір аяғының барлық саусақтарын кирза етігінің тұмсығымен қосып қиып түсіпті, жігіттің есі жоқ талып жатыр. Вахта толық болса, вахта мүшелері дәрежелеріне сай өз орындарында жұмыс жасаса, бұндай келеңсіз ауыр, қайғылы оқиғалар болмас та еді ғой. Әттең, әттең ... Сөйтіп ешқандай тәжірибесі жоқ жас жергілікті қазақ жігіт «тобанаяқ» болып шыға келді. Бірінші вахтасы еді байғұстың. Еңбек тәртібі, қауіпсіздік ережелері сақталмаған жерде осындай келеңсіздіктер болып тұрады. Бұл да болса менің алдағы өндірістік өміріме бір сабақ болып еді. Бұл жазда болған оқиға болатын. Көретіндерімнің «көкесі» әлі алда екенін мен ол кезде болжай да алмаппын ғой.

Сол бригадада бұрғышының бірінші көмекшісі болып жүргенімде адам өлімін де көрдім. Алдында ғана өзім вахтамды тапсырып, ол күлімдеп жүріп қабылдап алған орыс азаматы, бірнеше сағаттан соң құбырларды көтеру кезінде УМК деген ауыр кілт соғып сол бойда жан тапсырды. Күндізгі вахта(мен күндізде едім), түнгі вахта болып өлген жанның мүрдесін брезентке салып вагонға алып келіп түні бойы күзеттік. Басқа бригадада жүргенімде жас моторшы жігіттің оң қолының алақанын саусақтарымен бірге, білегіне жалғасқан буынынан жұмыс жасап тұрған дизельдің венитялаторы қиып түсті. Мен сол маңайда жүргенмін сол кезде. Ұзақ жылдарға созылған барлаушылық өмірімде бұлардан да басқа да талай жайттар болды ғой, олардың барлығын тізбектеп жазып жатпаймын. Жазғандарым менің барлаушылықты бастаған шақтағы, алғашқы жылдардағы, өзіме қатты сабақ болған келеңсіздіктер ғой. Мен осы оқиғалардан «Техника қауіпсіздігі ережелерінің әр бабы адам қанымен жазылған» деген тәмсілдің бекер айтылмағанына көзімнің алдында болған жайттарды көру арқылы көз жеткіздім. Түсіндім. Алдағы өміріме үлкен ащы сабақ алдым.

Бисенбай Бисенғалиев, Қазақ үні