Қоғамдық ұйымдар құзыретін кеңейту керек
2020 ж. 13 қыркүйек
5405
10
Адамзат атаулы қоғамдасып ғұмыр кешу арқылы ғана жоғары дәрежедегі өмір деңгейіне қол жеткізгені белгілі. Сондықтан, қоғамның әрбір мүшесінің сол ортада алар өз орны болуға тиісті. Оның әрбір мүшесі белгілі бір ұйымның, қоғамның, мемлекеттің, кең көлемде алғанда әлемдік қауымдастықтың дамуына әсер етері де даусыз. Содан да болар біздің Атазаңымызда мемлекеттің ең басты байлығы адам болып табылатыны туралы тайға таңба басқандай көрсетілген.
Жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" деген тақырыппен халыққа Жолдауы жарияланғаны белгілі. Бұл аталмыш Жолдауда мемлекетіміздің одан әрі дамуына қатысты экономика, білім беру, денсаулық сақтау, адам құқығын қорғау сияқты бірнеше басты салалар ерекше аталып, негізгі бағыт-бағдарлар көрсетіліп, алда атқарылар жобалар мен жоспарлар белгіленді. Ол туралы көпшілік тарапынан қызу талқылау жүріп, оның қатарында түрлі саланың белгілі мамандары, ғалымдар, қоғам белсенділері өз пікірлерін білдіріп те жатыр.
Әрине, Жолдауда көптеген мәселелер көтерілді. Біз бүгінгі әңгімемізде бір ғана қоғамдық ұйымдарға қатысты мәселені қарастырып көрелікші. Қоғамдық ұйым дегеніміз – ол біздің адамдарымыз, бүкіл бұқара қауым. Оның қатарында бәріміз де бармыз, өйткені, ешкім қоғамнан тыс қала алмайды. Біз өмір сүріп отырған қоғамның қозғаушы күші де сол ұйымдар болып табылады. Бір ғана үкімет, оның сапында жүздеген алтын басты адамдар болса да халықсыз жеке-дара мемлекет бола алмайды. Әлемдік тәжірибеге, дүниежүзі елдерінде қалыптасқан қағидаттарға сүйенсек үкімет дегеніміз – қоғам талабына орай іс-шараларды үйлестіруші, тек қана атқарушы билік қана болуы керек. Өкінішке орай, бізде бұл қағида үнемі іске асып жатқан жоқ. Билік пен қоғам арасындағы байланыс біржола үзілмесе де, өте төмен деңгейде. Сырттай қараған адамға біздің үкімет өз алдына, бұқара да бөлек елде өмір сүріп жатқандай. Содан барып әлеуметтік-тұрмыстық, саяси-экономикалық тағы басқа да салада қарапайым халық пен билік арасында түрлі түсініспеушіліктер пайда болады. Осы кемшіліктерді түзету үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды үкіметке тапсырған болатын. Жолдаудың «Азаматтарды мемлекетті басқару ісіне қатысуы» атты оныншы бөлімінде «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» деп атап көрсетті президент. Сол сияқты Жолдаудың «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» деп аталатын сегізінші бөлімінде «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет» делінген. Осы жолдарды оқи отырып бұдан артық не керек дерсіз. Ия, бір қарағанда солай. Бірақ айту бар да, оны іс жүзінде орындау деген бар емес пе? Біздің көп жылғы тәжірибемізге қарасақ орындау жағы тым олқы соғып жатыр, сөз бен істің арасы тым алшақ. Оған отыз жыл бойы жарияланып келген жүздеген бағдарламалардың біреуі де толық орындалмағаны, орындалса да істелген жұмыстардың сапасыздығы нақты дәлел.
Қоғамдық ұйымдар туралы түсінік нені білдіреді? Қоғамдық ұйымдарға халықтың белгілі бір тобының мүддесін ұстанатын және қорғайтын, алдына қойған әлеуметтік немесе басқа да мақсатқа жету үшін ерікті түрде мүшелікке кірген адамдардың бірлестігі жатады. Мұндай ұйымдар бірлесе әрекет ету үшін халықаралық, жалпымемлекеттік, аймақтық, ұлттық, жергілікті көлемде ресми және бейресми сипаттағы одақтарға, түрлі ұйымдарға бірігуі мүмкін. Қоғамдық ұйымдар әртүрлі болып келеді.Оған партиялар, кәсіподақтар, жастар ұйымдары, кооперативтік бірлестіктер, шығармашылық одақтар, әртүрлі ерікті қоғамдар, ғылыми, мәдени-ағарту, спорттық, қорғаныс, діни және тағы басқалары жатады. Оны бізде «үкіметтік емес ұйымдар» деп айдар тағып, өз ыңғайларына қарай атап жүргенін білеміз. Бұл біржақты сипаттама сияқты естіледі. Үкімет пен қоғамды ашықтан ашық екіге бөліп, бірін-біріне біріктірмеуге бағытталып тұрғандай сезіледі. Біздіңше «қоғамдық ұйымдар» деген құлаққа анағұрлым қонымды. Ал, арасында айырмашылық болса, бір-біріне кереғар ұғым дейтіндер табылса, оны өздері білсін. Қалай болғанда да екеуінің мағынасы алшақ емес.
Былтырғы жылдың қараша айында берілген ресми мәліметтерге қарасақ, бүгінгі күні біздің елімізде 22 мыңнан астам «үкіметтік емес ұйымдар» тіркелген екен. Бұл әрине, ресми түрде тіркелгендері ғана, ал тіркелмегендері қаншама. Ұсынылған деректер бойынша соның ішінде 12 мыңдайы белсенді түрде жұмыс істеп жатқан көрінеді. Олардың бір бөлігі мемлекеттік тапсырыстар арқылы, қалғаны отандық меценаттардың және өз ішіндегі мүмкіндігі бар мүшелерінің көмегімен қаржыландырылады екен. Тек қана соңғы 16 жылда «үкіметтік емес ұйымдарды» мемлекет есебінен қаржыландыру шамамен 11 милионнан 20 млрд. теңгеге дейін өсіпті. Бұл жерде қай партия немесе басқа да қоғамдық ұйым қаншалықты қаржыға қарық болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Айталық, «Нұр Отан» мен «Ауыл» партияларының немесе Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Журналистер одағының материалдық жағдайын тіпті салыстыруға келмейді, айырмашылығы жер мен көктей. «Нұр Отан» мен ҚХА ғимараттарына әкімдіктегілердің өздері қызыға қарайтын болар. Онда істейтін адамдар саны жергілікті әкімдік немесе министрліктерден сәл ғана аз болуы мүмкін. Былайша айтқанда, мемлекеттік мекеме деңгейіне жетеғабыл. Соншалықты, қаржыны олар өз күштерімен тапты деу тым қисынсыз болар. Сонда олардың бәрін кім қаржыландырып отыр? Ал, Журналистер одағы пәтерден соң пәтер ауыстырған баспанасыздың күйін кешуде. Басқа да көптеген қоғамдық ұйымдардың да жағдайы мүшкіл. Айтайын дегеніміз, қоғамдық ұйымдардың жемісті еңбек етуіне материалдық жағдайы да әсер ететіні, олардың тең мүмкіндікке ие бола алмай отырғаны. Бізде қаржыны қадағалау жағы өте нашар, миллиардтаған ақша шетелге де асырылып жатыр. Қоғамдық ұйымдардың ақшасын да санамай-ақ қоялық. Ең басты мәселе – осы ұйымдар еліміздің дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр, қандай нақты іспен айналысып, нендей жетістіктерге жетіп жатқанында емес пе?
«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дейді халық даналығы. Көптеген құнды пікірлер мен бағалы ұсыныстар үкіметтегі санаулы шенеуніктерден емес, әдетте көпшілік тарапынан айтылады. Бірақ соны ескеріп, жан-жақты саралап іске асыру жоқ. Айта-айта әбден жауыр болғанда ғана биліктегілер қимыл көрсеткендей болады. Бір екі ғана мысал келтіре кетейік. Бағы жанбаған білім саласындағы «Әліппенің» әлегі, шет тілін балабақшадан бастап оқытпау, баланы ана тілінде оқытып, ұлттық тәрбиеге баса назар аудару керектігі жөнінде жұртшылық неше жылдан бері айтып келеді. Осы маңызды мәселе қоғамдық ұйымдардың толассыз талабы бойынша енді ғана қолға алына бастады. Алдында болған жиырма шақты «реформатор» министрлердің біліксіздігінен болған былықтарды енді ғана түзей бастадық. Тіл мәселесін алайық, Конституциямыздағы жетінші баптың екінші тармағын алып тастап, Тіл туралы заң қабылдау керектігі жайында жұрт шулағалы да бірнеше жыл өтті. Жүз мыңдаған адам қол қойған көпшіліктің бұл талабы әлі де орындалған жоқ. Немесе біздің еліміздегі кәсіподақтардың жұмысына тоқталайық. Айта кетелік, дүниежүзі бойынша дәп осы кәсіподақтардың беделі біздегіден анағұрлым жоғары. Олар жұмысшылардың мүддесін қорғап үкіметке талап қойып, өз талаптарын орындата алады. Ал, бізде ше? Біздегі кәсіподақ ұйымдарын үкімет көзіне де ілмейді. Қарапайым адамдардың еңбегі дұрыс бағаланбай, тұрмысы төмендеп жатса да оларды қорғайтын заңды орындар дәрменсіз болып шығады. Содан барып жұмысшылардың құқықтары тапталып, кәсіпорынның иелері, былайша айтқанда олигархтар білгенін істейді. Ал, Миттал сияқтылар тіпті мемлекет басшысының айтқанына да пысқырып қарамайды. Осы сияқты мысалдарды кез келген сала бойынша келтіруге болады. Бұл нені көрсетеді? Біздің үкімет қоғамдық ұйымдардың, яғни, бұқараның талап-тілегіне немқұрайлы қарайды деген сөз.
Мемлекет басшысының соңғы Жолдауы халықтың келер күнге деген сенімін оятқандай болды. Оны бүгінгі күні осыған қатысты айтылып жатқан көпшіліктің пікірінен байқауға болады. Алайда, оның нақты қалай іске асары белгісіз, оны уақыт көрсете жатар. «Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді. "Nur Otan" партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады. Сонымен бірге, мен, мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін» , – деді өз Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көппартиялық демократиялық қоғамның басты белгісі десек те болады. Дамыған елдердің бәрінде көппартиялық жүйе берік қалыптасқан. Олардың арасында ашық және әділ бәсеке бар. Қай партия қоғамды дамытуға бағытталған өзінің ұтымды ұсыныстарымен бұқараны иландыра білсе, сол ұйым сайлауда көпшілік дауыс жинап, өз өкілін билік басына ұсына алады. Ашығын айтсақ біз әлі ондай дәрежеге жете алмай жатырмыз. Өйткені, бізде қоғамдық ұйымдар арасында ашық бәсеке жоқ. Бәріне бірдей мүмкіндіктер жасалмаған. Ондаған жылдар бойы бір ғана партия билік тармақтары мен Парламенттегі орындарға жеке-дара иелік етіп келеді. Мұндай жағдайда кез келген партия күндердің күнінде автократия «ауруына» шалдығатыны заңды құбылыс.
Енді осы мәселеге қатысты көпшіліктің ойы қандай, соны саралап көрелік.
Бірқатар белгілі саясаткерлер, қоғам белсенділері мен көптеген қарапайым тұрғындардың мынандай ұсыныстары мен пікірлерін байқауға болады.
- Парламенттік басқару жүйесіне көшу. Парламент бір ғана палатадан тұрсын.