ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫН СҰРАҒАНЫ ҮШІН "АҚ ЖОЛҒА" АЛҒЫС АЙТУ КЕРЕК!

Ал Асхат Аймағамбетовтың бұрынғы министр үшін күйіп кетпеуін қалаймыз...

Біріншіден, "Ақ жолдың" халық қаржысы қайда кеткенін сұрағаны үшін айыптап жатқандар депутаттық сауалды толық түсініп оқыды ма екен?!. Күмәнім бар?!. Онда 2016 жылы министрлікке бөлінген 33 млрд теңгенің және 67 миллион доллардың есебі сұралған. Ол кезде министр Сағадиев болатын! Сағадиев "сауда сақал сипағанша" кетіп қалды деп, халықтың, яғни, сіз бен біздің ақшамыз сұраусыз қалуы керек пе? Ал Білім министрлігіне бөлінген миллиардтардың жауабын кім беру керек? Сіз бен біз бе, жоқ Білім министрі ме? Ал қандай алапат ақша, қыруар қаржы екенін қарайық? Сіз бен біздің балаларымыздың оқуына деп, 2016 жылы республикалық бюджеттен 32,9 миллиард теңге: -6152 мектепке 26317 мултимедиалық жабдықтар сатып алуға -12 млрд теңге; -7160 мектепке жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге -16,5 млрд теңге; -7160 мектепке цифрлық білім беру ресурстарына қосу үшін -4,4 млрд теңге бөлінген ! Ал 2017 жылы Білім министрлігі бастамасымен Дүниежүзілік банктен "Орта білім беруді модернизациялау" жобасын қаржыландыру бойынша 67 млн АҚШ доллары несие алынған. Мақсаты - ауыл мен қала мектептерінің деңгейін бірдей ету үшін 5000 мектепке мультимедиялық жабдықтар алу. Ал осыншама миилиондардың қайда кеткенін айтпағанда, осы жоба, яғни 2017 жылы алынған несие мақсатына жұмсалмай, орындалмағаны үшін ғана Дүниежүзілік банкке жылына 160 мың доллардан - үш жылда 480 мың доллардай комиссия төлеуде министрлік. Яғни жарты миллиондай доллар халық ақшасы босқа кетуде тағы. Бюджеттің қаражатының қайда кеткенін сұраған депутаттарды талау - біздің ақшамыздың қайда кеткенін неге іздейсің деп ұрысқанмен бірдей жағдай! Министрлік сол 67 млн долларды Дүниежүзлік банкке қайтарамыз деді, ал кеше сол банк ондай шешім жоқ екенін әшкереледі. Екі айдай бұрын Білім министрлігі тағы да 74,2 млрд теңге сұрады. Тағы да мектептерді интернетпен және мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге керек деп. Депутаттық сауал сол кезде жасалды, "Ау, сонда 3-4 жыл бұрынғы миллиардтар қайда кетті?" деп. Ал не болды нәтижесі?!. Мектептердегі интернет пен мультимедиялық жабдықтар қайда? Жарты жылдан бері онлайн оқуға көшкен мектеп балалары ауылда интернет жоқ, компьютер жоқ, телефонын алып неге әр төбеге шығып, ауадан интернет аулап жүр сабақ оқи алмай?!. Екіншіден, партияның депутаттық сауалы осыдан екі айдай бұрын, шілде айында жасалған. Бірақ соған өз уақытында, бір айдың ішінде министрліктен жауап келмегесін, қайта сұрап отыр депутат Дәния Еспаева. "Осынша қыруар қаржы қайда кетті, ал мектептерде интернет жоқ, бұған кім кінәлі, министрлік неге жауап бермей отыр" дейді "Ақ жолдың" депутаты. Жоқ, сұрамау керек пе еді халық қаржысын?!. Мектептердің интернетпен қамтылмағанына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кінәсі де өз алдына жеке әңгіме болуы керек алда. Бағдат Мусин мырза,  қайдасыз? Сізге де бұрынғы министріңіз үшін жауап беруге тура келеді?!. Үшіншіден, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қарсы орнынан түсіп қалған ректор бастаған арнайы ұйымдастырылған шабуыл басталғанда ең алғаш министрді біз қорғағанбыз. "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары мен, Қазыбек Иса және "Қазақ үні" газеті қолдап шыққанбыз. Сол кезде бірден "Министріңді қорғап қал, халық! Министрді жауға бермеңіз, президент!" деген қос тақырыппен Аятжан Ахметжанұлының мақаласын сайтымызға басып, оны бірден 12 мыңнан астам адам оқыды! Менің Фейсбуктағы парақшамның өзінде бөліскендер мен пікір жазушылар саны мыңнан асып кетті. Бұл қолдауымызға министр Асхат Аймағамбетовтың өзі риза болып, рахмет айтып, уатсабымызға жазды сол кезде. Одан бұрын да, кейін де Асхат Аймағамбетовтың әліппені қайта әкелу, қазақ тілін оқытудың саны мен сапасын арттыру, шет тілін бастауыштан кейін оқытуға байланысты жақсы бастамаларын үнемі жүйелі түрде насихаттап, қолдап келе жатырмыз. "Біреу қыз алып қашады, біреу босқа қашады" дегендей, "Ойбай, "Ақ жол" министрге қарсы шығуда" деп, аттанға сүрен қосып, аяқ астынан алашапқын басталып кетті әйтеуір. Үндемей-ақ қояйық деп едік, басылар деп, әжептеуір аты бар  журналистерге шейін қалың шаңның арасына кіріп кетіпті шапқылап... Malim.kz сайтына, Алмас Нүсіп бауырыма рахмет, мәселеге обьективті қарай біліп, салмақты сараптама жасапты. "Ақ жол" бұрынғы министр Сағадиевтің кезінде қайда қалды?"-деп шыға келетіндерге алдын-ала айтарымыз, "Ақ жол" Сағадиевті де талай рет сынаған парламентте. Сағадиевті жауапқа тарту үшін Аймағамбетовтың айқын есебі керек. Ал "Ақ жол" жазған депутаттық сауалдарынан неге бір шешім шығармаған" деп шығатындарға айтарым, біздің елде Парламентте заң жазудан басқа, құзырлы орындарға депутаттық сауал жасаудан басқа артық шешім шығару, жазалау құзіреті жоқ! Мұны қазір кез келген саясаттан хабары бар адам біледі. Сонда қалай ойлайсыздар, қазір министр Аймағамбетов болғаны үшін бұрынғы министр Сағадиев ештеңе жауап бермеуі керек пе өзінің кезіндегі кеткен миллиардтарға? Білім министрі Аймағамбетов бола ма, басқа бола ма, кім болса да, халық қаржысы сұралуы тиіс! "Ақ жолдың" депутаты өзінің ақшасын сұрап жатқан жоқ, халықтың қаржысын сұрап жатыр. Шамамен 70 мектеп салынардай қаржы қайда кеткені туралы мәселе!  Ол үшін ұрсу керек емес, алғыс айту керек қайта. Ал Асқат Аймағамбетовке бұл сауалға жауап беріп, министрлік миллиардтары қайда кеткені туралы есеп беруге тура келеді. Министр болғаны үшін. Сағадиевтің кезінде кеткен миллиардтарға Аймағамбетов кінәлі болып, күйіп кетпейтін шығар деп үміттенемін... Біз, өз басым Аймағамбетовтың жұмысын жақсы жалғастыра бергенін қалаймын. Өйткені, қазақы қанды, ұлтшылдығы бар, мектептен шыққан мен білетін Білім министрлерінің бірі осы Асхат Аймағамбетов! Мектеп үшін жұмсалуы тиіс миллиардтар мәселесінің мәнісін мектеп баласы да түсінетіндей етіп жауап бердім ғой деп ойлаймын. Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары "Қазақ үні" газеті Malim.kz коллажы