Назира Байырбек: "Болашақ" түлектерінің ел дамуына қосар үлесі зор...
2020 ж. 06 қыркүйек
3053
0
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының аясында дәл қазіргі таңда еліміз бойынша 1199 стипендиат шетелде білімін жетілдіріп жүр. Солардың бірі – «Дарын» сыйлығының иегері, бірнеше кітаптың авторы, көпбалалы ана Назира Байырбек. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тіл білімі курсынан өтіп жүрген белгілі журналиспен тілдесудің сәті түскен еді.
– «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алу үшін сынақ тапсырған сәтте әлдебір қобалжу сезімі болған жоқ па?
– «Болашақ» бағдарламасы бойынша сынақтан өтерде мемлекеттік комияссия «Бес баласымен барып, қалай оқиды?» деп қабылдамай қоя ма деген қорқыныш болғаны рас. Өйткені, біздің замандастарымыздың дені бес бала тұрмақ, бір-екі бала сүйгеннен кейін, арманынан қол үзіп, үмітсіздікке бой алдырып, өз-өздеріне «балаларымды жетілдірсем болды» деген шектеу қойып тастайды. Бірақ осы күнге дейін бірнеше кітап жазып, қазақ журналистикасындағы қызметімді абыроймен алып жүруге кедергі келтірмеген балаларым, оқуыма қолбайлау болмайтын шығар деп ойладым. Аллаға шүкір, сол үмітім ақталды.
– Сыннан сүрінбей өту үшін ағылшын тілін жетік білу қажет екені белгілі. Осы тілді игеру барысында қиындық кездесті ме?
– Ағылшын тілін меңгеру аса қиындық туғызды дей алмаймын. Меніңше, кез-келген істі бастағанда алдымызға қысқа мерзімді нақты мақсат қоюымыз керек. Мәселен, «мен екі-үш айда ағылшын тілін игеріп, оқуға түсемін» немесе «ағылшын тілін меңгеріп, жұмысқа тұрамын» деген сияқты. Себебі, мұндай мақсат адамға күш беріп, ынталандырып отырады. Ең бастысы – ағылшын тілінің қажеттігін түсіну және оны жақсы көріп оқу. Сонда ғана ол сіздің бойыңызға тезірек сіңеді. Кез-келген нәрсені игеру – сіздің іске қаншалықты ықыласпен қарағаныңызға байланысты. Кез келген істі игеруге ересен ынтамен кіріссеңіз, оның өз құпия сырлары ашыла бастайды. Менің шет тілін қысқа мерзімде үйренуіме осындай дүниелер ықпал етті.
– Ағылшын тілінің өзге тілдерден ерекшелігі бар шығар?
– Ағылшын тілі – басқа тілдерге қарағанда өте оңай тіл. Өйткені, мұнда жұрнақ, жалғау дегендер мүлде аз. Етістіктің бір ғана формасы барлық жерде қолданыла береді. Аса қатты өзгеріске ұшырамайды. Ағылшын тілінде белгілі қағидаларға бағынбайтын бірнеше «қисық» етістіктер бар. Мұнда сөзжасам өзгеше. Бір сөздің түбірін жетік білсеңіз, оны ары қарай құбылтып, әртүрлі жағдайда қолдана бересіз. Осыдан да болар, ағылшын тілін меңгеру аса қатты қиындық туғызбайды. Сонымен қатар, бүгінгідей ғаламтордың дамыған дәуірінде түрлі әлеуметтік желілердің де тіл үйренуге ықпалы зор.
– Өзіңіз, білім алған Нью-Йорктегі Тіл үйрету орталығында қазақстандықтар көп болды ма? Жалпы шетелдіктердің біздің қандастарымыз туралы ой-пікірі қандай?
– Тіл оқыту орталығында жарты жылдай білім алдым. Дәл мен оқыған орталықта біздің елдің екі азаматы оқыды. Біреуі бітіріп кетті, екіншісі менімен бірге оқыды. Сонда бізге сабақ берген кәріс мұғалім: «Араларыңызда кім IELTS тапсырады?» деп сұрайтын. Өйткені, тіл оқуға келгендердің барлығы бірдей IELTS тапсырмайды. Ал біз Америка Құрама Штаттарының жоғары оқу орындарында магистратурада оқу үшін, IELTS тапсыратынымызды жеткіздім. Әлгі ұстазымыз шамамен қанша балл алуды көздеп отырғанымызды да білгісі келетінін айтты. Мен 7,5 балл қажет дедім. Салыстырмалы түрде бұл жоғары баллдардың бірі. «Не үшін?» деп мұғаліміміз біздің өзімізге жоғары талап қоюымыздың сырына үңіле түсті. Сонда мен де тосылмастан: «Мен Американың ең мықты оқу орындарының біріне түскім келеді. Өйткені, еліміздің бізге артқан зор үмітін ақтауға тиіспін» – дедім.
Бізді зер салып, тыңдап отырған мұғаліміміз: «Біздің орталыққа білім алуға қазақ жастары көп келе бермейді. Бірақ арагідік келіп дәріс алатын қазақ студенттерінің дені жоғары балл алуға ұмтылады. Ең қызығы –солардың барлығы дерлік сол айтқан баллына қол жеткізіп жатады» – деді таңданысын жасырмай.
Бұл сөзді естіп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Қазақ жастарының бойынан намысшылдық, талапшылдық сынды қасиеттерді шетелдік ұстаздардың байқап, оны өзгелерге үлгі етіп айтуы – мерейімді өсіріп тастады.
– Шетелде білім алу сізге не ұқтырды?
– «Біздің қазақтың бойында сыртқа шыға алмай, буырқанып жатқан қабілет бар. Біз соны шығара алсақ, бұдан да мықты ел боламыз» – деп IT маманы Тимур Бектұровтың айтқаны бар еді. Сол айтпақшы, көпшілігіміз бойымыздағы ұлттық тәрбиеміздің әсерінен, отаршылдық сана орныққан елде өскендігіміздің салдарынан, айналамызға жалтақтап, қоғам көзқарасын аңдап сөйлейміз. Шындығында, біз көп жағынан өзімізге шектеу қойып тастаған сияқтымыз.
Иә, біз өзімізді егемен елдің еркін ойлы азаматтарымыз деп ауыз толтырып айтамыз. Бірақ біздің еркіндігіміз шектеулі. Бұл өз кезегінде біздің, жігерімізді танытып, серпіліп дамуымызға кедергісін келтіріп келе жатыр. Мен мұны шетелге шыққаннан кейін, өз елімізді өзгелермен салыстыру арқылы ғана түсіндім. Біздің елімізге, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, әлде де көп дамуға болады. Өкінішке орай, біз өзімізді тар шекараның аясына қамап қойып, алға жылжи алмай келе жатқан сияқтымыз. Бұл тұрғыда шетелде білімін жетілдіріп келген болашақтықтар елімізге ықпал етеді деп есептеймін.
– Сөзіңіз аузыңызда, болашақтықтар Қазақ елі қоғамына тың серпін беруі үшін бұл бағыттағы жұмыстарды әлде де жандандыра түсу қажет шығар...
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа «Болашақ» бағдарламасын қолға алып, көптеген қазақ жастарының шетелде оқуына мүмкіндік туғызғаны үшін алғысым шексіз. Меніңше «Болашақ» бағдарламасын ел ішінде әлде де кеңірек насихаттау қажет. Өйткені бұған дейін «Болашақ» туралы ел толық мағлұмат алған болса, шетелде білім алушылар саны бүгінгі күндегіден әлдеқайда көп болған болар еді... Сондықтан менің елдегі әріптестерім әлде де «Болашақ» туралы көбірек жазып, көбірек айтуы керек. Шындығын айтқанда, бұған дейін мен де шетелде тек қалталылардың балалары оқиды деп ойлап келіппін. Көп адамда мұндай көзқарас әлі күнге дейін бар. Сондықтан, шетелде оқудың мүмкіндіктері жайлы көбірек жазып, ағарту жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Шетелде оқу дегеніміз – мамандығыңыз бойынша біліктілігіңізді арттыру ғана емес, танымыңызды, көкжиегіңізді кеңейту. Өзге ортада пісіп жетілу – сізге көп мүмкіндік береді. Сондықтан жастарға, замандастарыма мүмкіндігінше, оқып, ізденіп, «Болашақтың» беріп отырған мүмкіндігін пайдаланыңыздар дегім келеді.
– Сіздің көп балалы ана екеніңізді білеміз. Балаларыңызға өзге ортаға үйренісу, шет тілінде білім алу оңайға соқпаған болар...
– «Болашақ» бағдарламасының маған берген үлкен мүмкіндігі – өзіммен бірге балаларымның да Америка Құрама Штаттарында ағылшын тілінде білім алуға қол жеткізгені. Осы тұста Америкада балаларыммен бірге оқу маған қиындық емес, стимул беріп отырғанын айтқым келеді. Мұнда оқушылардың оқу-құралы, сабақтан тыс қатысатын түрлі үйірмелері барлығы да тегін. Жалпы айтқанда, барлық оқушыларға қолайлы жағдай жасалған.
Балаларымның өзге ортаға үйренуі де аса қатты қиындық туғызды дей алмаймын. Өйткені біз елде жүргенде ғаламтор желісі арқылы АҚШ туралы көптеген мәліметтерге қанық болдық. Бұл жақтағы жағдайдың қандай екендігін алдын ала біліп келдік.
Сондай-ақ, Қазақстанда тұрғанда баспанамыз болмағандықтан, көшіп қонып көп жүрдік. Алматыда да, Нұр-Сұлтанда да тұрдық. Қаншама мектептер ауыстырдық. Сондықтан балаларымыздың әртүрлі ортаға бейімделу қабілеті жетілген.
– Болашақтықтар туралы қандай пікірді жиі естисіз?
– Дәл қазіргі таңда Америкадағы өзімнің көрген-білген дүниелерімнен түйген ойымды, ондағы қазақ қоғамына керек-ау деген ақпараттарды әлеуметтік желілерде жариялап жүрмін. Кейде Америкадағы жағдайды жазған кезде Қазақстанмен салыстырып жазылғандай әсер қалдыратыны рас. Біреуден бірдеңе үйрену үшін алдымен ол өзіңде бар ма, жоқ па екшелеп қарайсың... «Менің қай жерім кем боп тұр?» деп салыстыруға тура келетін жағдайлар болады. Осыны кейбір оқырмандарым, өкінішке орай, теріс түсініп жатады. «Болашақпен» шетелде еліңіздің ақшасына оқып жүріп, өз еліңізді неге сынап жатырсыз?» деген сарындағы реніштерді де байқап қаламын. Осы тұста «Болашақтың» талабында: «Сен шетелге оқуға түскеннен кейін, еліңдегі кемшіліктердің бәріне көз жұмып қара, биліктің тек ғана жақсы жақтарын айтып, оған құлдық ұрып жүр» деген талап жоқ. Егер ондай шарт қойылған болса, оқуға мүлде түспейтін едім. Менің мақсатым – шетелге келіп, үйреніп жатқан дүниелерімді, өз отандастарыма жеткізу. Өйткені, мұнда біздің көзқарасымыздың кеңеюіне, дамуымызға ықпал ететін жәйттер өте көп. Сондықтан, көпшілік қауым «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге қапастағы адамдар сияқты қарамаса екен. Керісінше қайта сыртта оқыған адамдар, ерік-жігері мен күш қайратын мүмкіндігінше еліміздің дамуына жұмсап, пайдалы нәрселерді сырттан таси беру керек. Ақпарат, көзқарас, идея сынды елге пайдасы тиетін дүние ала келсе, оның өзі еліміздің өркендеуіне қосылған тамшыдай болса да үлес.
– Әңгімеңізге рахмет! Туған елге аман есен оралып, халқыңызға қалтқысыз қызмет ете беріңіз!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz