Алаяқтық қашан ауыздықталады?
2020 ж. 04 қыркүйек
1398
0
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айында осы мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді.
Өйткені мемлекеттің қалыпты дамуына басты кедергілердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың белең алуы болып отырғаны жасырын емес. Мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік қызметтердің сапалы жүзеге асуына жең ұшынан жалғасып, сыбайластықпен бөлінген қаржыны талан-таражға салу, парақорлық арқылы жұмыстың сапалы орындалуына кедергі келтіру тиісті нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермеуде.
Мемлекет басшысы азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті. Кеңесте «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, – деді ол.
Сол кеңесте мегаполистегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берген Шымкентте қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен 28 тамызда өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы А.Жұмағали, қала прокурорының міндетін атқарушы Н.Сейдалиев, полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы С.Ергешов, әділет департаментінің басшысы Н.Маханбетов, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы мен мәслихат хатшылығының өкілдері қатысты. Келелі жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысы атап өткендей сыбайлас жемқорлықпен күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екендігін және күн тәртібінен түспегендігін айтты. Мегаполис әкімі келелі кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жүйесі қалыптасқанын назарға алды. Сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен күресті ширата түсу, бұл іске мемлекеттік тиісті мекемелер мен органдарға қоса қоғамды да тартудың нәтижеге қол жеткізуге кепіл болатынын айтқан мегаполис әкімі «Жемқорлықпен күрес әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Тек жүйелі жұмыс атқару арқылы ғана оның алдын алып, тұрғындардың сенімін арттыра аламыз» – дейді шаһар басшысы. Сондай-ақ, басқосуда қоғам мен мемлекет игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында күш біріктіру қажеттілігі, қала тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастырудың маңыздылығы да айтылды. Қоғамда белең алған мұндай кереғар құбылыспен күресте күш біріктіру ғана айтарлықтай жеміс беретіндігі белгілі.
Кеңеске қатысушылар мегаполистегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелі болуы үшін қандай іс-шараларға басымдық беру жөнінде, өздерінің салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қала әкімі аппаратының құқықтық қорғау жүйесі бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жамашов:
– Әр қылмыс дерегі бойынша құрылым басшысы мен сыбайлас жемқорлыққа қауіп төндіретін себептерді жою, алдын алу шаралары қабылдануы қажет. Қабылданған шаралардың толықтығы әкімдік жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мұрат Дүйсенбекұлы өзіңізге баяндалады, – деді.
Жиында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаментінің басшысы Асхат Жұмағали уәкілетті органмен жүзеге асырылатын алдын алу және қылмыстық-құқықтық шараларға тоқталды. Жыл басынан Департаментпен 73 қылмыс тіркелген, олардың ішінде парақорлық (43), алаяқтық және жымқыру фактілері (18) басым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департамент басшысы «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдаулардың қорытындысы бойынша 84 ұсыныс енгізілді. Оның 65-і орындалды. Жемқорлық тәуекелдерін талдау институты заңнамалық деңгейде бекітілген және мемлекеттік органдар оны өздері жүргізуі тиіс» деген департамент басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресте істелген жұмыстарды талдап отырудың маңыздылығын атап айтты. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері де өз пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов Елбасы мен Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты басымдықтар қойғанын, салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Қала әкімінің айтуынша мегаполисте 83 % мемлекеттік көрсетілетін қызметтер цифрландырылған, алайда мемлекеттік органдардың басшыларына жыл соңына дейін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыруды 100 %-ға жеткізуді тапсырды.
Аталған мәселе бойынша сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінің басшысы Асхат Жұмағали уәкілетті органмен жүзеге асырылатын алдын алу және қылмыстық-құқықтық шараларға тоқталды.
«Алдын алу жұмысының маңызды құрамдас бөлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг болып табылады. Тек ағымдағы жылдың өзінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 4 сыртқы талдау және 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік органдарға 100-ге жуық ұсыныс енгізіліп, олардың үштен бірі орындалды» – деді А.Жұмағали.
Сондай-ақ ол, жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы жер қатынастары басқармасының қызметкерлерімен халықтың тікелей байланысын болдырмауға қол жеткізілгендігін айтты. Кеңесте білім саласында жүргізілген талдау нәтижелері де баяндалып, білім басқармасының басшылығы мектеп ұжымдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне мониторинг жүргізіп, директорлар мен оқытушыларды тағайындау кезінде олардың моральдық қасиеттеріне ерекше назар аударуы қажеттігі ұсынылды. Мұндай мониторинг пен нақты жұмыстар бұл саладағы сыбайлас жемқорлықпен күресте нәтижеге жетуге көмектесері анық.
Сонымен қатар, Асхат Жұмағали бизнесті қорғау басты назарда екендігін жеткізіп, бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы (Protecting Business and Investments) аясында бүгінгі күні 72 млрд. теңгеге 35 инвестициялық жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен қамтылғандығын атап өтті. Бұл көрсеткіштер осыншама жоба бойынша жұмыстың сапла жүргізілуіне мүмкіндік ашып отыр.
«Бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 19 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 7 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды» – деді ол. Шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің құқықтарының қорғалуы мен олардың ісіне шенеуніктердің, басқа да органдар өкілдерінің орынсыз араласа алмауы кәсіпкерлердің сапалы жұмыс атқарып, талапқа сай қызмет көрсетіп, өнім өндіруіне жол ашады.
Кеңес барысында бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жеке жауапкершілігі, мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржылар, жол сапасына мониторинг жұмыстарының барысы да хабарланды. Мемлекет басшысының биылғы мамыр айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өткізген жиынында қарамағындағы қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық пен парақорлық фактілері орын алған жағдайда бірінші басшылардың отставкаға кету туралы өтініш жазуы тиістілігі мен оларды отставкаға жіберу не орнында қалдыруды одан жоғары тұрған басшылықтың шешуі тиістігі туралы айтқаны белгілі.
Кеңес барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жолын кесу, түбегейлі жою мақсатында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа алуда олардың сапасына көңіл бөлу және еліміздің заңдылықтарын жетік білуі мен жауапкершілікті сезінуіне мән берілуі тиіс. Ұжымдарда парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық құндылықтарын енгізуге баса назар аударылып жатқандығы жеткізілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар бойынша Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы С.Ергешов пен жер қатынастары басқармасының басшысы Б. Әшірбеков баяндама жасады. Басқосуда қоғам мен мемлекет игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында күш біріктіру қажеттілігі де айтылды. Мегаполисте бұл бағытта да жұмыс атқарылып, азаматтарды ортақ күреске тарту, белсенділік танытқандарын материалдық жағынан марапаттау да іске асырылуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзі өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесте деректер қорын одан әрі интеграциялау және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуге баса мән беруді тапсырған еді. Өйткені, барлық мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен ашықтықты қамтамасыз ету арқылы адамдардың сыбайласу мүмкіндігін азайтып, пара алу мен пара беру фактілерін болдырмауды қамтамасыз ету арқылы сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа тосқауыл қоюды жүзеге асыруға болады.
Президент өткізген кеңестің ертеңінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің тікелей эфиріне шықты. Ол барлық саланы цифрландыру сыбайлас жемқорлықпен күресте нәтиже беретінін айтты. Былығы көп білім мен құрылыс салаларын цифрландыру арқылы олардағы сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға мүмкіндік ашылады. Қаладағы білім саласына тоқтала келіп, енді бұл саланың басшылығына екінің бірі отырмайды және қызметкерлері де портал арқылы іріктеліп тағайындалады. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Мектеп бір мұғалімді алатын болса, ол тек ала салмайды. Ешкім директорға мені жұмысқа ал деп ақша әкеп берсе де оны ала алмайды. Себебі, кез-келген бос орын сол порталға орналастырылады. Қызметке тұрам дейтін үміткерлер порталға өтініштерін білдіреді» деді. Бұл саладағы сыбайластық пен парақорлықтың жолын кеседі.
Қала әкімінің орынбасары одан ары «Қазір жер қатынасы басқармасы мен сәулетті қосып жатыр. Себебі, жерге өтініш берген адамдар жерге мәселесін барып шешеді. Ол жақта 10-15 күн қаралады. Сосын сәулетке жібереді. Сөйтіп, бір-бірімен футбол ойнап жүргенде азамат мемлекеттік қызметті уақытында сапалы ала алмайды» дей келіп цифрландырудың тиімділігін атап өтті.
Міне, мегаполисте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Президент өткізген кеңестен кейін жаңа қарқын алып, жұмыс ширай түсуде.
Аманғали СЕЙДАХМЕТҰЛЫ.
Шымкент қаласы.
qazaquni.kz