Асқап Жанқара: Қазақстандағы қазақ ұлты егемендік алған жоқ

5
1303

Қазақтың тілі жойылса мемелекет рәміздері, Астана, дербес мемлекет териториясы қатарлылардың көк тиындық құны болмайды

Күллі дүниеде қанша ұлт болса, оның сонша тілі бар. Тіл мен ұлт егіз ұғым. Тіл туралы сөз қозғағанда, бұрынғы оқымысты ғалымдар «Тіл дегеніміз адамдардың бір-бірімен қатынас жасайтын, пікір алысып, өзара түсінісетін маңызды құралы» – деп тілдің адамдар арасындағы, өмірдегі қолданысына қарай тілді сипаттап көрсеткен.

Тілдің қоғамдық өмірдегі қолданысына қарай айтқанда, адамдар бір-бірімен пікір алмасқанда, сондай ақ, түрлі еңбекте және қимыл-тіршілік барысында өзара тіл арқылы байланыс жасап, қимыл жүргізетіндігі бізге мәлім.

Ендеше, егер бір ұлттың тілі адамдар ара қатынастың маңызды құралы болудан қалып, бүкілдей жойылып кетсе не болмақ? Ұлт пен тілдің етенелік байланысы қандай? Біз осы мәселе жайлы көзғарас білдіреміз.

Асқап Жанқара

Айталық, біздің қазақ елінде өз тіліміз адам қатынасының яғни ұлтымыздың өзара қатынасындағы маңызды құралы болудан қалып, құрып, жойылып бара жатқандығы, сондай ақ, тілге байланысты ұлттық тегіміздің де құрып, жойылып кету алдында тұрғандығы анық.

Тіл мен ұлттың етене тектік байланысына ой жүгіртсек, тіл адамдар ара қатынас құрал болумен бірге, тіл – ұлттық текті білдіреді.

Бір ұлттың ұлттық тегі – тілі мен түр-тұлғасында бейнеленіп, басқа ұлттан парықталатын ұлттық дара тұлғалық тек қалыптастырады.

Ұлттық дара тұлғалық тек – ұлттың тілін, ділін, мінез-құлқын, қандастық тегін, өзара бауырмалдық байланысын, дүние танымын, ұлттық ғұрып-әдеттін, салт-дәстүрін бейнелейді.

Ұлттық дара тұлғалық тектің негізгі тірегі тіл. Егер, бір ұлттың тілі жойылса, онда, сол ұлттың ұлттық дара тұлғалық тегі де жойылады. Ал, ұлттық дара тұлғалық тегі жойылған ұлт бұл дүниеден мәңгілікке жойылатындығы ақиқат. Бұл туралы кешегі күні Қызыл Империяның қазақ тіліне шабуылын көзімен көріп, қасіреттенген ұлы бабамыз Ахмет

Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» – деп, қасірет жалынын төгіп кеткен болатын.

Өз дәуірінде, Кеңес Қызыл Империясы қазақтың тілін жою арқылы, қазақ даласынан қазақ ұлтын бүкілдей жойып жіберуді мақсат етті. Ендеше, Кеңес Қызыл Империясы мақсатына жетті ме?! Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қызыл Империя әлі де мақсатына жету жолында күресуде. Бұлай дейтініміз, Қазақ Елі егемендік алып, азаттығын жариялағанына отыз жыл болсада, Қазақстанда күні бүгінге дейін қазақ тілі адамдар ара қатынас құралы ретінде қолданыста жоқ. Оның үстіне қазақ еліне ағылшын тілі кіргізіліп, «Үш тұғырлы тіл» заңы орнап бала-бақшадағы үш-төрт жастағы бүлдіршіндерге дейін орыс тілі, ағылшын тілін үйрету жолға қойылып, адамадар санасындағы қазақ тілінің орыны жойылып, қазақ тілінің тамырына балта шабылып, қазақ тілінің түбеселі жойылуына еселеп күш қосылуда. Мінеки, осылайша билік тарапынан жиіркенішті қаралып, қоғамдық ортада еш құны қалмаған, тек бірнеше қазақ тілді каналдарда, теле-жүргізушілер мен тілшілердің хабарларында жәй тұрмыстық тіл деңгейінде ғана айтылып жүрген қазақша атаулардың орынын күн сайын шет тілдердің қоқсықтары иелеп, қазақша атаулар қолданыстан қалып, күресінге лақтырылуда. Сондай-ақ, тіл қолданыста болмағандығы себепті, қазақ тілін сөйлейтін қарттардың азаюына байланысты қазақ тілі атаулары адамдар жадынан өшіп жоғалуда. Мінеки, бұл әлде қашан қазақ тілінің жойылуын жоспарлап, қызмет істеген Қызыл Империяның соңғы жұмысы. Күні бүгін сол Қызыл Империя тәрбилеп жетістіріп кеткен, қазақ тілін сөйлей алмайтындығына байланысты ұлттық тегінен айрылған, Қазақтың орыс тілді шенеуліктерінің қолымен жалғасты жүріліп жатыр. Қызыл Империяның қазақ ұлтын жою идеясына ешқандай селкеу түскен жоқ. Қазақ ұлты егемендік алған отыз жыл бойы орыс тілі әуелгісіндей үстемдік орынында дәурендеді. Сондай-ақ, әлі де дәурендей бермек. Ал, қазіргі Қазақ ұлтының өз ана тіліне қөзқарас мәселесіне қарата айтқанда, Қазақ халқы өз тілінен күдер үзіп, орыс тіліне жалғасты бет алуда. Айталық, кеше ғана Қытайдан көшіп келген, орыс тілінен бір ауыз сөз білмейтін, ауылдағы жетпіске келген сауатсыз әже, бүгін «продукт» деп сөйлейтін болды. Мінекей, бұл Қазақ Елінде, орыс тілінің қаншалық дәрежеде дәурендеп тұрғанын, халықтың орыс тіліне қарай бет бұру дәрежесінің қандай деңгейге жеткенін көрсетпей ме?!

Қазақстан билігі, «Біз егемендік алдық» – деп қазақ халқын отыз жыл алдады. Рас, мемлекеттің шегарасы айқындалып, териториясы бекемделді. Мемлекеттік әнұранымыз, көк туымыз, мемлекет гербіміз бар. Әлемге әйгілі Астана қаласы салынды. Басқа да ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз көп. Осының барлығын Қазақ Ұлтының ана тілімен салыстыра айтқанда, егер, Қазақ даласынан Қазақ үні өшіп, Қазақтың тілі жойылып, осынау ұлы даладан Қазақ ұлты жойылатын болса, онда жоғардағы мемелекет рәміздері, Астана, дербес мемлекет териториясы қатарлылардың қазақ үшін көк тиындық құны болмайды. Өз басыңды сақтай алмаған қазақ, сен бүгін кім үшін еңбек етіп жатырсың?! Егер, адам өлсе оның үстіне киген асыл киімінің, бойындағы асыл құнды заттарының, оның басқа байлығының, оның басындағы зәулім сарай үйінің ол адам үшін не құны болмақ. Өлген адам үшін оның қажеті бола ма?! Біз осыны ойладық па?!

Қазахстандағы қазақ баласы, анадан қалған асыл тіліңді жойып, ұлт ретінде бұл дүниеден бүкілдей жойылып кету алдында, еңбектеніп жатқаныңды күллі дүние біліп отыр. Тілінің жойылуына байланысты жойылу үстіндегі ұлт екенің айдан анық.

Ендеше біздің, «Егемендік алдық!» – деп, айғайлауымыздың не құны бар?! Тіліміздің жойылып бара жатқанына қарата айтқанда, Қазақстандағы қазақ ұлты егемендік алған жоқ.

Біздің қазақтың ұраны – «Алаш!!», бірақ осы қазақтың «Алаш ұраны!!» мемлекет билігіндегі қазақ баласының аузынан, біз егемендік алдық деп отырған отыз жылда бір ретте айтылған жоқ. Мемлекеттің негізгі билік тұтқасын, акимиятты ұстаған қолында қорғаныс қаруы бар мемлекет әскері күні бүгінге дейін орыстың ұранын жаттап, сырттқа қарата ұлттық сес көрсеткенде, «Урра!» «Урра!!»… – деп ұран салады. Қазақ ұлтының ұраны «Алаш!» еш уақытта ауызға алынбайды. Қазақтың «Алаш» ұранын ауызға алып айтқанды қойып, жас офицер әскерлер қазақтың дербес ұлт болғанын, қазақ ұлтының ұраны «Алаш» екенін білеме екен?! Бұл туралы оларда сауат бар ма екен?!

Осыдан жүз жыл бұрын Кеңес Қызыл Империясының зорлықты күші қазақтың тіліне шабуыл жасай бастағанда, Алаш ардагері Міржақып Дулатұлы, «Қазақ тілінің мұңы» – деген қазақ тілінің шағын диалогы негізіндегі шағын мақаласында, («Ауыл тілі» «1926-жылы 27-мамыр басылым көрген) қазақ тілінің мұң-зарын халыққа баяндаған екен. Онда былай делінген, «Мен заманымда қандай едім? – мен ақын, шешен, тілмәр бабаларымның бұлбұлдай сайраған тілі едім, мөлдір судан таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен, нар кескендей өткір едім».

«Енді қандаймын?»

«Кірлеп барамын. Былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.»

«Мен не көрмедім», – деп қазақ тілінің тағдырын айта келіп, «….Қазір коммунист болып кетсең де, ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой, не жазығым бар, ая мені!» – дейді.

Ендеше, жүз жылдан кейінгі бүгінгі қазақ баласы біз, сол қазақ тілінің қасіретін жалғасты көтеріп, жалғасты зар төгудеміз. Қазақ тілінің тағдыры әлі шешілген жоқ. «Елу жылда ел жаңа, жүз жыл қазан» дегендей, орыстанып кеткен, орыс тілін өз ана тіліндей сөйлейтін қазақтың бүгінгі ұрпағы ана тілі туралы ойланар да емес. Бұл жүз жылдық қасірет.

Мінеки, осыдан жүз жыл бұрын Кеңес Қызыл Империясының зорлықты күшімен бұғауланған қазақ баласы, қазір Қызыл Империяның құлдық зардабында жалғасты шабуылға ұшырап жойылу үстінде. Шырқырап, шырылдаған ана тілі шала-жансар күйде өмір сүріп келеді. Атап атқанда, Қазақстандағы қазақ халқының тілін жоқтап, құрып – жойылып бара жатқан қазақ тілі үшін еңіреген жандардың қазіргі күй-жайының нақты болмысы – өлім алдындағы әлсіз тыпыр ғана.

Кез-келген ұлт тілінің қолданыстағы өміршеңдік күші, сол ұлт болашағының кепілі болмақ.

Тілі жойылған ұлт, бәрібір жойылады.

Асқап ЖАНҚАРА,

Педагог, Зейнеткер

Жамбыл облысы, Қордай ауданы

Қазақ үні

5 ПІКІРЛЕР

  1. Мен Қазбек Исаның сөздеріне жүз паиыз қосыламын. Өз ана тілі бола тұрып, басқа тілде сөилеген басшыларды тек Қазақ мемлекетінде көрдім. Уақыты жетті орысша жарбаңдауы басшылардың, қазақшаға өттетін кезі келді. Шындығында оңтүстік, батыс обылысының басшылары Ел төре ағасына, қазақша ға өту туралы ұсыныс жасаса, Ел басшысын үлкен сүиеу болар еді.

  2. Автормен келісуге болады. Толықтай егемендік алған жоқпыз. Тіліміз шолақ, ісіміз олақ. Қарапайым халық қайыршының күнін кешуде. Осыншама кеңбайтақ жері бар, байлығы мол елде халық бай болу керек – ті. Демек мемлекет, ұлт мүддесін ойлап жатқан билік жоқ деген сөз. Өз құлқынын ған ойлаған билік тұрғанда толықтай тәуелсіздік туралы айтудың өзі артық. Елдегі саяси жүйені жөндеу қажет. Билік бұқараға бет бұрмаса осылай кете береміз.

  3. Мемлекеттік тіл президент, премьер, министрлер, әкімдер, депутаттар еркін сөйлемей мемлекеттік тіл бола алмайды. Сондай-ақ, сот, прокуратура, банк жүйелері де бос сөзден іске көшіп іс қағаздарды қазақша сөйлетуі керек. Ал қазақша үйрену курстары деген бос сөз. Мемлекеттік тілді өз елінің азаматтарына үйрету үшін курстар ұйымдастыру деген ақылға симайтын іс.

  4. Қазыбек Иса үлкен мәселені көтерді, Ата Заңға өзгеріс енгізіп 7-баптың 2-тармағын алып тастауды ұсынды. Бірақ содан бері ешнәрсе өзгеріп жатқан жоқ. Биліктегілер әрине сескеніп отыр, мына солтүстік көршімізден. Осы кезде мынандай қадамдар керек сияқты. Қызылорда, Түркістан, Атырау, Ақтөбе аймақтарының әкімшілігі, қалалық мәслихаттар Қазыбек Исаның ұсынысын қолдаймыз деп, мәлімдеме жасау керек. Сонан соң басқа аймақтарда қолдай бастайды (е, осындай науқан болып жатыр екен ғой деп, белгілі нәрсе ғой). Президентке бұл үлкен қолдау болар еді. Сонда ғана Ата Заңға өзгеріс енгізуі мүмкін. Ата Заңда орыс тілі туралы бір-бір сөз болмау керек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз