Сауытбек Әбдірахманов: БІРЛІК ТУЫ БЕРІК ҚОЛДА
2020 ж. 02 қыркүйек
1427
0
«Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз» – бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында осылай деді.
Президенттің екінші Жолдауы жасалатын кез де келіп қалыпты, тағы бір жыл зулап өте шығыпты деп баяғыдай байыппен баяндай беретін жағдайымыз болмай тұр. Өткен жылғы Жолдау мен биылғы Жолдаудың арасына бір жыл ғана түсіп тұрған жоқ. Бұл екі аралыққа тұтас бір дәуір сыйып кеткендей де көрінеді. Тұтас бір дәуір сыйып кеткендей демегенде не дейсіз, егер осы екі аралықта қазақы қаламға өзінен өзі оратыла беретін дүбірлеген дүние, зымыраған заман, ұйытқыған уақыт сияқты тұрақты тіркестеріңіздің өзі ескіріңкіреп қалған болса, егер жаһанданудың жанталаса жүйткіген желі бір елдің бір қаласындағы микроскоппен ғана көрінер микробты бас-аяғы үш-төрт айдың ішінде бүкіл әлемге толық жеткізіп, түгел жайып үлгерген болса, егер экономикасы қуатты дейтін, медицинасы мығым дейтін АҚШ-тың өзінде мына сұмдық індеттің вирусын алты миллионнан астам адам жұқтырып, оның 183 мыңының жаны жаһаннамға кетіп үлгерген болса, егер биылғы Құрбан айт күнінде қасиетті Қағбамыздың айналасы құрайыштар қайта құрғалы бергі бір жарым мың жылдың ішінде алғаш рет тәу етушілерсіз бос қалған болса... Осындай жағдай қалыптасты әлемде. Адамзат бұрын-соңды бастан кешіп көрмеген жағдай. Жаңа жағдай. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталды.
Алтыншы шақырылымдағы Парламенттің алтыншы сессиясы ашылған бірлескен отырыс залынан шығысымен пернетақтаға төнгенде, Президент Жолдауының мәтіні интернетке де салына қоймаған кезде, яғни жылдың басты құжатын көз алдымызда ұстап тұрмаған шақта, Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқандарын алдымыздағы қағазға тезис түрінде үлгергенше түсірген тұста ең алдымен нені бөле атауға болар еді? Ең алдымен бөле атарымыз – Президент әңгіменің әлқиссасында-ақ жаһанда жаңа жағдай қалыптасқанын, қазіргі кезеңнің күрделілігін, адамзаттың мылтықсыз майдандағы күресі әлі жалғасып жатқанын, сын сағатта жұдырықтай жұмылсақ қана көзге көрінбейтін жауды жеңетінімізді, Үкіметтің о бастағы қателіктерден сабақ ала білгенін, ахуал жақсарып қалды екен деп бойды босаңсытуға болмайтынын сығымдап айтып өтті де, Қазақстанның пандемияға байланысты қандайлық ғаламат қаржы бөлуге шамасы келгенін нақты деректермен дәйектеп, аз сөздің астарында-ақ мұның өзі мемлекет мығымдығының айқын айғағы екенін аңғартып кетті. Сондықтан да біз Тоқаевтың барлық республикалық деңгейдегі жолдарды 2025 жылға дейін қайта жөндеп шығуды, ұзындығы жиырма төрт мың шақырымдық жолдарды сервиспен қамтамасыз етіп бітуді тапсырғанына таңданған жоқпыз. Былайша қарағанда, таңдансақ таңданатындай. Жолдар бар ма – бар, көліктер жүріп жатыр ма – жүріп жатыр, жүк тасылып жатыр ма – тасылып жатыр, бұған дейін қанша жыл жөнделмеген жолдар тағы біраз жыл жөндеусіз тұра тұратынын жақсы білеміз. Мемлекет экономиканың күретамырына бес жыл бойы триллиондаған теңгелер таба алады екен, демек, қара аспанды суға алдыра сөйлейтін еш жөніміз жоқ. Бір өзінің ішкі жалпы өнімінің көлемі Орталық Азиядағы төрт көршінің ішкі жалпы өнімінің көлемін қосқандағыдан асып түсетін Қазақстанымыздың әлеуеті әлі де күшті. Ел іргесі берік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргідей дағдарысты дәуірде де сенімділік стратегиясындай салиқалы Жолдау жасауы жасампаздық жолының жалғаса беретініне кәміл сендіреді. Осыны баса айтқымыз келеді.
Ел басшысының мемлекеттік басқарудың жаңа моделін жасау, реформалар бойынша Президент кеңесін құру, мемлекеттік аппаратты 25 пайызға ықшамдау жөніндегі біраз жұрт жылдарға созылады деп шамалап жүрген, талайлар аяқсып кетер деп үміттеніп жүрген жұмысты шенеуніктер санын биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқарту арқылы бас-аяғы екі жылда бітіріп тастау туралы айтқандары әбден көкейге қонады. Солай етуге болатынын пандемия кезіндегі онлайн отырыстардың өзі-ақ көрсетіп берді. Қалыптасқан жаңа жағдайда экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін кірісті әділ бөлу, жеке кәсіпкерлікті қолдау, адал бәсекелестікті күшейту, еңбек өнімділігін арттыру, адам капиталын күшейту, жасыл экономиканы жолға қою, негізделген шешімдерді ғана қабылдау сияқты бағыттарды белгілеу де орынды. Ақша-кредит саясатына сенімділікті көтеру, жалпақ жұртқа түсінікті болатындай салық саясатын жүргізу жөнінде де жақсы айтылды. Өзімізге ерекше әсер еткен жай – әрбір алтыншы жас отбасының сан түрлі себептерге байланысты балалы бола алмай жүргеніне, балалы болудан саналы түрде бас тартуға мәжбүр күйде жүргеніне аса алаңдау! Бұл – нағыз мемлекеттік мәселе. Қиындықтар шығады, жойылады, дағдарыстар келеді, кетеді. Солармен жағаласып жүргенде адамға бір-ақ рет сыйланатын өмір өте береді, өте береді... Өмірдегі қызықтардың қызығын – перзент қызығын отандастарымыздың барынша көбірек көруі үшін барынша белсенді әлеуметтік саясат жүргізуді біздің әрқайсымыз қуана, қуана қолдайтынымыз анық. «Демократия бізде қилы-қилы қиындықтар туғызбай қоймауы да мүмкін, оларды шешуге де бізге демография көмекке келуі ғажап емес» дегенді кезінде жетіскеннен жазбағанымыз тағы анық. Айналамыздағы ағайындарға, шешілмеген мәселесі бізден артық болмаса кем түспейтін туысқандарымызға қарағанда халқымыздың табиғи өсімі сын көтермейтінін ашық айтатын кез келген еді.
Аттың жалындағы, түйенің қомындағы әңгіме ғой дегеннің өзінде, Жолдауда ертеңге қалдырмайтын, арнайы айтпай тұра алмайтын тағы бір тақырып бар. Ол – ұлттың жаңа болмысы. Тоқаев халықтың алдындағы қазіргі мәселенің мәселесін осылайша түйіндеді. Ерінбей еңбек етсек, темірдей тәртіпке бағынсақ, әділеттің ақ жолынан айнымасақ, адалдықты, адамдықты ту етіп ұстасақ, ұқыптылықты ұмытпасақ, тиянақтылықтан танбасақ, ысырапшылдық пен даңғазалықтан, боссөзділік пен мақтаншақтықтан арылсақ, біз алмайтын қамал да болмайды, біз таппайтын амал да болмайды. Президент осыны айтты. Президент жаңа жағдайда жаңаша ойлауға, жаңаша жұмыс істеуге шақырды халықты. Мемлекет басшысы еліміздің ең күрделі міндеттерді шеше алатынын айтып отыр. Ендігі сөз елдің өзінде. Ол сөздің елдік сөзі боларына сенеміз.
Сауытбек Әбдірахманов,
Парламент депутаты,
Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы
депутаттық тобының жетекшісі