Жолдауда айтылмай қалғаны болса да, айтылғаны да аз емес - Абдолла Дастанов
2020 ж. 02 қыркүйек
1284
0
Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ Жолдау жариялады. Шыны керек, "Жолдауда не айтады екен?" деген қызығушылық зор болды. Телеарналардан тікелей эфирде берілетіні алдын ала хабарланған соң, көрсетілген уақытта көксандықтың алдынан табылдық.
Ең бірінші Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулиннің сессияны орысша қосарламай жүргізгені ұнады. Әрине, бұл бір сөз айтса болды соны орысшаға аудармалап тұратын көптеген шенеунік бауырларымызға жақсы сабақ, оң жол болуға тиісті. Бұл реті келіп қалғасын айтылып жатқан сөз ғой. Негізгі сөз Жолдау туралы.
Президент Жолдауы жөнінде бізден бұрын пікір айтушылардың арасында "Ештеңе де айтылмады", "Сол баяғы құрғақ сөз", "Елді ертегімен алдау" , т.т. деген тәрізді бағалаулар да жоқ емес. Әрине, әркімнің өзінің күткен сөзі болғаны даусыз. Сол сөз естілмесе болды, басқасының бәрін жоққа шығарып тастау - бізде бұрыннан қалыптасқан "дәстүр". Сондықтан, әлгіндей пікірлерге де еш таңқалуға болмайды.
Президент бір Жолдауында мемлекеттегі, қоғамдағы барлық қордаланған мәселелердің түйінін тарқататуы мүмкін бе? Ең алдымен осы сұрақты өзімізге қойып, сосын оған байыппен жауап іздеп көрсек қайтеді?
Ал, менің түсінігімде, Президент Жолдауында айтылмай қалғаны болса да, айтылғанының өзі аз болған жоқ. Мысалы, Президент биыл жыл соңына шейін мемлекеттік қызметкерлер саны 10%-ке, 2021 жылы 15%-ке қысқартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы қоғамда бұрын айтылмады ма? Айтылғанда қандай?! "Халқының саны бізден әлдеқайда көп анау елде, мынау елде шенеуніктер бізден әлдеқайда аз" деген салыстырмалы кестеге шейін жарияланып жүрді ғой. Президент мемлекеттік қызметкерлер санын қысқартуға бағыт ұстанса, тапсырма берсе, бұл ол кісінің қоғамдық пікірге құлақ түргені ме, жоқ па?
Президент тіпті, қоғам тарапынан нақты атап көрсетіле қоймаған, бірақ, ешқандай тиімділігі байқалмаған министрліктердегі "Жауапты хатшы" деген лауазымды қысқарту туралы да тапсырма берді. Бұл Президенттің сіз бен біз байқай бермейтінді де білетіндігін байқатпай ма? "ҚазАгро" мен "Бәйтеректің" біріктіріліп, бұлардағы қызметкерлердің 50%-ке қысқаруы туралы тапсырманы да осы тұрғыдан қарастырғанымыз дұрыс.
Немесе, қазір екінің бірі жалаулатып жүрген Жер мәселесіне келгенде де, Президент қоғам күткен сөзді нығарлап тұрып жеткізді. "Жер шетелдіктерге сатылмайды". "Бірақ, ауылшаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға түсірудің шараларын қарастыру" туралы Үкіметке берілген тапсырманы не өздері теріс түсініп қалып, немесе әдейі бұрмалау мақсатында болсын, "Президент Жерді шетелдіктерге жалға беруге болатындығын астарлап жеткізді, жалға берудің сатудан еш айырмасы жоқ" деп қараспанды қапылдырып жатқандар да баршылық.
Біріншіден, Президент Жер Кодексінің кейбір баптарына енгізілген мораторийдің 2021 жылы мерзімі бітетіндігін еске алды. Демек, сол баптар Парламентте қайта қаралатын болады. Сол кезде Үкіметтің қандай ұсыныс енгізетіні әлі белгісіз. Күтейік. Көрейік. Ауылшарушылығы жерлерін экономикалық айналымға түсірудің шараларын қарастыру туралы тапсырма жерді шетелдіктерге жалға беру арқылы ғана шешіле ме? Президент Үкіметке "жерді тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыру керек" деп отыр, ал, біз оны "бұл -жерді шетелдіктерге жалға беруге берілген тапсырма" деп түсінетініміз қалай? 2016 жылғы халық толқуына себеп болған баптарды қайтадан "тірілтетіндей" Үкіметтің басы екеу емес шығар?! Қазір жерді шетелдіктер түгілі өзімізге жалға берудің де жолдарын ширату туралы жиі айтыла бастады. Бос байбаламға салына бергенше, Жерді өз азаматтарымызға қалай жалға берудің тиімді болатыны жөніндегі ұсыныстарымызды ортаға салғанымыз абзал -ау.
Шағын және орта бизнеске қолдау, салық жүктемесін қайта қарау, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысын көтеру, т.б. мәселелер қоғамда бұрқ -сарқ қайнап жатқан тақырыптар емес пе еді? Ал, "Аңсаған сәби" бағдарламасы осы Жолдаудағы елді елең еткізер сөз болды деп ойлаймын. Президенттің сөзін сол қалпында келтірейін: "Прогнозы ООН в отношении роста населения Казахстана в сравнении с нашими соседями по Центральной Азии неутешительные. Поручаю Правительству запустить с 2021 года специальную программу «Аңсаған сәби». Надо увеличить количество квот по программам ЭКО до 7 тысяч, то есть в 7 раз". Дұрыс па? Дұрысты дұрыс дейік. Қаншама ата -ана квотаның аздығынан ЭКО мүмкіндігін пайдалана алмай жүргендігін Салтанат Байқошқарова ханым сұхбаттарында үнемі айтып жүруші еді. Бала - елдің ертеңгі өркені. Ұрпақ сүю - әркімнің арманы. Сондай мүмкіндікті молайту туралы айтылған Жолдауды қалайша "елге, халыққа түк берері жоқ" деп бір - ақ ауыз сөзбен жоққа шығаруға болады. Түсінбеймін.
Қасым -Жомарт Кемелұлы билік пен бұқараның байланысын нығайту бағытындағы өзінің негізгі ұстанымдарын халыққа былтырғы Жолдауында жеткізген болатын. Биылғы Жолдауда сол ойлардың одан әрі кеңейтіле көрініс тапқаны байқалады. Айталық, ел азаматтарына онлайн -петиция арқылы өзекті тақырыптарды көтеруге мүмкіндік берілуі, мәслихаттар отырыстарының онлайн көрсетілуін ұйымдастыру туралы менің білуімше, бұрын - соңды айтылған емес. Демек, кей ретте Президент өзінің қоғамнан да озық тұрғанын көрсетті. Жолдау Президенттің елдегі жағдайды, қоғамның көңіл -күйін өте терең білетіндігімен ерекшеленеді десе де болғандай. "Бір көшені жылда жаңалап жөндеу беруден" бастап "сыбайлас жемқорлыққа салынғандар мен педофилдерге жазаны қатайту" туралы сөздері тамырды тап басқандай болды ғой. "Оларға ешқандай рақымшылық, мерзімінен бұрын босату" дегендер болмасын" деді. Енді заңға сондай өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық пікір осыны талап ететін еді. Мұндайды қазақ "көктен тілегенің жерден табылды" дейтін болса керек. Сол сияқты қос азаматтық алып, екі елдің арасында сайрандап жүрген серкелер де енді не анда, не мұнда болатын шығар. Сондай -ақ, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, судьялардың шетелдегі қаржысы, дүние -мүлкі бақылауға алынатыны туралы сөздің өзі -ақ талай шиқанның аузын жарып жіберген жоқ па екен?
Бұл Жолдауда саяси реформалар жалғасын табатыны да айтылып, соның бір дәлелі ретінде, ауыл әкімдерін сайлауды жолға қою туралы берілген тапсырма көп ұзамай іске асатыны еш күмән тудырмайды. Баяғыда татар молдалары "қазір пушкасы килса, кейін Пушкині кила" дейді екен . Сол айтқандай, ауыл әкімдерінен соң кезек қала, аудан басшыларына келмейді дейсіз бе? Келеді. "Демократияның басты жауы білімсіздік пен популизм" деді Президент."Хайпократияға жол бермей елді сатылап реформалаймыз" дегенді де айтты. Дұрыс ұстаным.
Сөз басында айтқанымыздай, елдегі қордаланған мәселелердің бәрін бір Жолдауға сыйғызу мүмкін де емес, солай істеу міндет те емес. Президент Жолдауында бәрі айтылмаса да , айтылғанының өзі аз емес. Ал, біз өз сөзімізде соның тек кейбіріне ғана тоқталып, пікірімізді білдірдік.
Абдолла ДАСТАНОВ,
"Шындық" қоғамдық бірлестігінің төрағасы