ҚАЗАҚ ТІЛІН ТЕК ЗАҢ ЖОЛЫМЕН ҚҰТҚАРА АЛАМЫЗ - Аман Абасилов

Тіл туралы мәселенің көтеріліп келе жтқанына 30 жылдан астам уақыт болды. Бүгінге  дейін тіл туралы заңды екі мәрте қабылдадық. Бірақ олар туған тіліміздің аясын кеңейте алмады. Ана тіліміздің абройын асқақтатудың әлеуметтік те, лингвистикалық та, саяси да  мүмкіндіктері жүзеге аспады. Дегенмен жыл сайын аталып өтетін тіл мерекесін ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырғанымыз бір жеңіс болды.  «Ұзағынан сүйіндірсін» дей отырып, мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі туралы көкейде жүрген ойымызбен  бөліссек деп санадық.

Осы күнге дейін қазақтілді азаматтардың құқығы толық сақталып келді ме деген сауал туындайды. Қалыптасқан әдет пе, құлдық сана ма, әйтеуір арасында отырған бес-алты басқа этнос өкілдеріне бола ресми жиналыс та,  бейресми басқосу да орыс тілінде жүргізіліп келді емес пе? Ол әлі де солай өтуде. Осыны біле отырып не ортасында жүріп бұл неге бұлай деп жұмған аузымызды ашпаймыз, өзіміздің құқығымызды қорғағымыз келмейді. Конституциямызға не Тіл туралы заңға  назар аудармаймыз.

Халықаралық құқық тұрғысынан алып қарағанда бұл былайша түсіндіріледі: халықаралық құжаттар адамдардың ана тілінде сөйлегеніне тыйым салуды адам құқығының бұзылуы деп есептейді. Ал белгілі бір қызметті атқару үшін белгілі тілді меңгеру, оны білу жөнінде қойылған талап кемітушілік болып табылмайды. Бұл – мамандыққа, қызметке қойылатын талап. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында белгілі бір қызметке шақыра отырып, ағылшын тілін білу міндетті деген жолдарды оқимыз, бірақ өзге этнос өкілдері, орыстілділер оған қарсы дау айтпайды, керісінше қазақ тіліне қарсы дау шығарады. Оны бастайтын – орыстілді қазақтардың өзі.

Қазақ тіліне республикамызда басқа тілдерге қарағанда «айрықша құқық» берілді. Бұл жалпы құқық тұрғысынан қарағанда өзге тілдермен салыстыра қарағанда теңсіздік болып көрінуі мүмкін, алайда ол –теңсіздік емес, әділеттілік болып табылады. Өйткені Кеңес одағының кертартпа тіл саясатының нәтижесінде тым шаттеліп келген қазақ тілінің жағдайын түзеп, орыс тілі деңгейіне жеткізу бағытында жүргізілген жұмыстар басқа этнос өкілдерінің тілін кемісту немесе олардың құқығын бұзу деген ой туғызбауы керек.

Әлемдік тәжірибеде тілге мемлекеттік мәртебе екі жағдайда беріледі: бірі – тілдің қоғамдық қызметі шектеулі болғанда, оның мәселесін шешіп, дамыту үшін мемлекеттік қамқорлыққа алу мақсатында, ал екіншісі – басым тілдің артықшылығын сақтау үшін беріледі.

Қазақ тіліне келетін болсақ, оған мемлекеттік мәртебе дағдарыстан шығу үшін берілді. Алайда өзге этнос өкідері, әсіресе орыстар мен орыстілділер қазақ тіліне берілген осындай мәртебені дұрыс түсінгілері келмейді. Әдейі түсінбегендіктен республикада азшылық этностардың құқығы бұзылуда деп қарайды, оны үйренгісі келмейді. Бұл өзге этностардың құқығы бұзылуы немесе теңсіздік емес,  тарихи әділеттілік болып табылады. Өйткені, біріншіден, қазақ тілі өз дамуының гүлдену мүмкіндігіне тек оның тарихи Отаны – Қазақстандада ғана жетеді, екіншіден, Кеңес одағының кертарпа тіл саясатының нәтижесінде тым шектеліп келген жағдайын түзеп, орыс тілінің деңгейіне жету оған айрықша құқықты қажет етеді.

Тіл саясаты дегеніміз – мемлекет, қоғамдық ұйымдар тарапынан жүзеге асырылатын қоғамдағы тілдік ахуалды өзгертуге немесе тұрақтандыруға бағытталған саяси, әлеуметтік және лингвистикалық шаралар жүйесі.

Ал тілдік ахуал дегеніміз - бұл белгілі бір этникалық бірлестіктегі немесе әкімшілік аумақтағы күллі өмір салаларындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін (жекелеген тілдер мен олардың өмір сүру формалары: әдеби тіл, ауызекі сөйлеу тілі, диалектілер, жаргондар т.б.) тілдер жийынтығы, оларға әсер ететін әлеуметтік факторлар жүйесі.

Қазақстан – қазақ ұлтынан басқа көптеген этнос өкілдерінен тұратын мемлекет. Бұл күндері оның өзіне тән қалыптасқан әлеуметтік-коммуникативтік жүйесін әр алуан қызметтегі 128 тіл құрайды. Егер осы тілдерді қоғамдық өмір салаларындағы қызметі мен орнына қарай топтар болсақ, онда еліміздегі тілдік ахуал (языковая ситуация) мынадай тілдер тобымен сипатталады. Олар: мемлекеттік тіл – қазақ тілі; КСРО тұсында ұлтаралық қатынас құралы тілі деген беделге ие болған, бұл күнде көптеген маңызды өмір салаларында мемлекеттік тілден де жиі қолданылатын орыс тілі; жекелеген облыс, аудан т.б. төңірегінде тығыз қоныстанған қоғамдық қызметі алғашқы екеуінен тар кейбір этностар тілдері және тұрмыстық-отбасылық қатынастарда ғана қолданылатын қоғамдық қызметі нашар дамыған тілдер.

Мұндай көптілді елде тіл саясаты екі жақты мақсатты ұстанады. Біріншісі әрбір жекелеген тілдердің ана тілі ретінде өмір сүру мен дамуын қамтамасыз ету болса,  екіншісі, қандайда бір тілдің бүкіл ел аумағында этносаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметтік мәртебесін бекіту болып табылады. Өйткені көптілділік жағдайында барлық тілдерді тең сақтау немесе бірдей дамыту мүмкін емес. Тілдердің заң жүзіндегі теңдігі мен қызмет ету аясындағы теңдігі екеуі екі бөлек түсінік. Конституция тілдер теңдігін жариялайды. Бірақ ол тілдер қызмет ету аясы жағынан ешқашан тең болмайды. Көптілділік ортада ылғи да бір тіл этносаралық қарым-қатынас құралы болып бөлектеніп отырады. Сондықтан мемлекет сол тілге мемлекеттік мәртебе беріп, оған қамқорлық жасайды. Ал ол тіл сол мемлекеттің жұмысын жүргізуге көмектеседі.

Еліміздегі қазіргі тілдік ахуал мен жүргізіліп жатқан тіл саясатының осындай жалпы сипаттамасының негізіне сүйенсек, оның тілдік өміріндегі проблемаларына күллі тілдердің ана тілі ретінде сақталуы мен дамуын қамтамасыз ету және ең бастысы – қақақ тілін мемлекеттік мәртебесінде қолдану аясын кеңейте отырып, қоғам өміріне толығынан кезең-кезеңімен енгізу жатады. Өйткені қазақ тілінің жағдайын жақсартып, дағдарыстан шығару – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күресінде, егемен ел болғандағы алдымен қамқорлыққа алған мәселесі. Сондықтан оны жүзеге асыру үшін жаңа Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз қажет.

Заң – іске қосылса ғана заң. Демек жаңа Мемлекеттік тіл туралы заңды қолданысқа енгізу мәселесінің пайда болуы да заңды. Тіл заңы үшін, әрине, мемлекеттік тіл мәселесінің ұсақ-түйегі болмайды, бәрін ескеру қажет. Бірақ олардың басын біріктіріп, ірі-ірі топқа бөле отырып, оларды шешудің негізгі жолдарын белгілемесек, негізгі мақсат орындалмауы мүмкін. Сондықтан да Мемлекеттік тіл туралы заңының өмірге енгізу және жүзеге асырудың нақтылы тетігі (механизмі) жасалуы қажет.

1.Ең алдымен заңды жүзеге асырушы – мемлекет. Мемлекеттік тіл – мемлекет қамқорлығына алынған тіл. Сондықтан да оны қорғау тиісті құқықтық база құрылу арқылы, яғни мемлекеттік тілдің мәртебесінің бұзылуына немесе Мемлекеттік тіл туралы заңның орындалмауына кінәлі жандарды жауапқа тарту жолымен жүзеге асырылады. Дүниежүзілік тәжірибе солай. Мысалы, Литвада лауазымды адамдарға «Әкімшілік құқық бұзу жөніндегі» заңы бойынша кәсіптік міндеттерін атқаруда мемлекеттік тілді белгіленген дәрежеде қолданбағаны  үшін  айып салынады. Мемлекеттік тілді белгілі дәрежеде білетін мамандр, лауазымды адамдар тізімі жасалып, нақты талап қоймаса, бізде де қазақ тілін білудің қажеттілігі болмайтындығына, ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге әрекеті нәтиже бермейтіндігіне көзіміз әбден жетіп отыр. Сондықтан мемлекеттік тіл туралы заңда жоғарыдағыдай лауазымды адамдардың, мамандардың мемлекеттік тілді білуі туралы талап қоятын бап керек.  Бұл адам құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді. Өйткені байырғы халықтың құқығын қорғаған, оның тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуіне мүмкіндік беретін де осы бап деп айтсақ, артық айтпағандық болар. Өзге этнос өкілдерінің, туған тілін білмейтін қандастарымыздың бұл баптан қорқатын орны жоқ. Себебі Конституциямыздың 98-бабында Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажет барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдай жасалады делінген.

2.Қазіргі қолданыстағы тіл туралы заңда: «Мемлекеттік органдардың мөрлері мен мөртаңбаларының мәтінінде оларды атаулары, бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері басқа да көрнекті ақпарат мемлекеттік тілде жазылады», - деп көрсетілген (10-тарау, 21-бап). Демек болашақтағы Мемлекеттік тіл туралы заңда осының орындалу, бақылау тетіктерін енгізген жөн. Өйткені қандай жақсы заң болмасын оның орындалуын бақылап, үнемі сұрау салып отырмаса, қағаз жүзінде ғана, із-түссіз қала беретін болады (мұндай жағдай тәжірибемізде бар). Осы орайда өзге де елдердегі тәжірибелерді қарастырған дұрыс. Айталық, Вильнюс қаласының әкімшілік шешімі бойынша жарнамалар, маңдайшадағы жазулар тек литва тілінде жазылу тиіс, оны орындамағандарға айып салынады. Индонезия астанасы Джакарта қаласының әкімшілігі іс жүргізу мемкемелері мен сауда дүкендерінен, басқа да маңдайша жазуларынан және алуан түрлі жарнамалардан шетелдік сөздерді аластату науқанын жариялаған. Мұндай тәжірибе көрші Ресейде де бар. Волгоград облыстық думасы шетел сөздеріне қарсы күрес жариялаған: егер комерсант өз фирмасының атын орыс тілінде атамаса, ең төменгі жалақы мөлшерінде айып төлейді. Сонымен қоса мекеме аты орыс алфавитімен жазылмай басқа шрифтімен орындалса, онда айып көлемі екі есе артады.

3.Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғаумен қатар, оның тазалығын сақтау да сөз жоқ, ең маңызды міндет. Біздегі қазіргі қолданыстағы тіл заңында бұл: «Қазақстан Республикасының Үкіметі терминология, ономастика жөніндегі тиісті мемлекеттік комиссияларды және қажет болған жағдайда басқа да құрылымдарды құрайды (5-тарау, 23- бап)», - деп белгілеген. Бұл баптың өз дәрежесінде орындалуы – мемлекеттік тілдің қолданылу аясы мен іштей түлеуіне жағдай жасалатын бірден-бір қажеттілік. Мәселен, Францияда тіл тазалығын сақтауда 19 минстрлік өкілдерінен біріккен комиссия құрылып, олар қандай терминдерді енгізуге болатындығын, ал қайсысын француз сөзімен алмастыруға болатындығына шешім шығарады. Егер қоғамдық өмірде баламасы бар француз сөздерінің орнына ағылшын сөздерін қоланса, 1000-2000 франк деңгейінде айып салынады. Бұл заңды Француз парламентінің жоғары палатасы – Сенат қабылдаған. Аталған заңға тіркелген қосымша сөздікте әртүрлі құжаттарда, келісөздерде, жарнамаларда, маңдайшадағы жазуларда, т.б. қолдануға болмайтын 3500 ағылшын терминдері мен ұғымдары қоса берілген. Ал бізде мұның әлі де бірде бірі жоқ.

4.Кез келген тілдің тағдыры оны жаратқан халықтың қолында десек те көптілділік жағдайында бұл мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатына тәуелді болмақ. Сондықтан мұндайда халықтың соңғы сенері – заң, соңғы сүйенері – заңның күші. Қазақ тілін барлық ауырпалықтан тек қана заң жолымен құтқара аламыз. Сондықтан Мемлекеттік тіл туралы заңның орындалуына тікелей жауап беретін, заң бұзушылықты үнемі бақылап отыратын арнайы заңдастырылған орган болмаса, ол заң қағаз жүзінде жай декларацияға айналуы мүмкін. Біздіңше онда мына мәселелер ескерілгені жөн:

1.Тіл қорғау комиссиясы құрылып, тіл саясатымен айналысатын ғалымдармен бірге тілдік дамуды жоспарлауды үйлестіруі керек.

2.Елдегі тілдік ахуалға әлеуметтік лингвистикалық зерттеу және оның нәтижелері бойынша үкіметке қажетті бағытта ұсыныстар жасау керек.

3.Тіл туралы заңның орындалу барысына бақылаулар мен талдаулар жасау және оны жетілдіру бойынша жаңа талаптар дайындауы тиіс.

4.Терминологияны дамытуда мен оған бақылау жүргізуде термин жасаушыларды, оларды тіркеушлерді, герольдикалар мен символдарды, тідік безендірулерді қадағалайтын комиссия, орталықтар  құруы керек.

5.Тіл үйрену және оқыту орталықтарын құру, тіл меңгерудің әдіс-тәсілдерін жетілдіру керек.

6.Ісқағаздарын жүргізу бойынша қажетті анықтамалық құралдар мен сөздіктер шығаруға бақылау жасап, тапсырыстар беруі керек, т.б..

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, лингвистикалық, социолингвистикалық белгілеріне қарағанда, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі әбден орынды және бұл қызметін ол аброймен атқара алады. Ең бастысы жасанды түрде ұйымдастырылған көпұлттылық жағдайы жергілікті ұлт тілінің өз этникалық отанында, өзін туғызған халықтың қажеттілігін өтеуіне кеселділік келтірмеуі тиіс. Сол үшін де оны мемлекеттік мәртебесінде дамыту – болашақта қабылдануы тиіс Мемлекеттік тіл туралы заңының негізгі қағидасы болуы керек.

Аман АБАСИЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры