Жебірлердің жолы қашан жабылады?
2020 ж. 02 қыркүйек
1330
7
Бала кезімізде ата-әжелерімізден қазақтың таңғажайып ертегілерін естіп өстік. Соның ішінде зәремізді зәр түбіне жіберетін жеті басты айдаһар туралы аса қорқынышты ертегі ұмытылмастай жадымызда жатталып қалыпты. Елден салық алып тұратын дүлей күш иесі, тойымсыз жалмауыз борандатып, дауылдатып келіп, алдын ала адамдардың дайындап қойған малын, кісісін тірідей жұтады. Әсіресе, қыздарды жалмайды екен. Тіпті патшаның қызын да жеймін деп, жұрттың үрейін ұшырады. Айдаһар өзімен айқасқан ержүрек аңшыны да жұтып қояды. Батыр қырық құлаш семсерімен тажалдың ішін жарып шығып, жұртты азат етеді. Айдаһарды өлтіргенінің белгісі ретінде жалмауыздың жонынан таспа тіліп алады...
Келмеске кеткен бейқам балалық шақта естіген ертегіні несіне еске алып отыр дейтін боларсыздар. Ол ертегідегі оқиғаның шын мәнініде өмірде болған-болмағаны, әрине белгісіз. Ал, бүгінгі күні жемқорлық деген жалмауыздың елімізді есінен тандырып, халықты қанап, қинап жатқаны – өзіміз басымыздан өткеріп отырған ащы шындық. Барлық саланы, бүкіл елді жайлаған жемқорлықтың қасында жеті басты айдаһарыңыздың өзі ойыншық болып қалды. Тәуелсіздік алған жылдардан, капиталистік қоғам құрып, нарықтық қатынастарды қалыптастырумен қатар кірген сыбайлас жемқорлық жыл емес, күн санап күшейіп барады, оның басының санынан жаңылысып қалдық. Осы уақыт аралағында қаншама тойымсыз жемқорлар ұсталып түрмеге қамалды. Солардың барлығы қолында билігі бар лауазымдылар – министрлер, облыс, қала, әкімдері, түрлі саладағы басшылар мен олардың орынбасарлары. Бәрін айтпай-ақ, премьер-министр болған Серік Ахметов, министр Қуандық Бишімбаев, облыс әкімдері болған Болат Бақауов, Бергей Рысқалиев, Ерлан Арын, тағы басқалар сияқты жоғары лауазымдыларын атасақ та жетіп жатыр. Біздегі ұсталған жемқорлардың тізімін толық түгендеп шығудың өзі мүмкін емес. Ал ұсталмай, ұстауға мүлдем болмайтын, шексіз билікті иемденіп түйені түгімен жұтып жатқандары қаншама. Ұрлаған байлықтарын шетелге жасырып, халық есебінен жалғанды жалпағынан басып жүргендерге от та жоқ, сот та жоқ. Сыбайлас жемқорлық біздің қазақ қоғамының созылмалы сырқатына, айықпас дертіне айналды. Бұл туралы осы жақында ғана өткен сыбайлас жемқорлыққа қатысты кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқанын білесіздер. «Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған лауазымды адамдардың саны 11 пайызға артқан. Оның ішінде екі бірдей облыс әкімінің іске шалынуы өте алаңдатарлық қауіпті жағдай. Жемқорлық бүкіл мемлекеттік аппаратты жайлай бастады. 2020 жылдың тек қана соңғы жеті айында 912 лауазымдылар жауапқа тартылған. Бұл өткен жылға осы кезеңмен салыстырған 11 пайыз жоғары» - дегені сыбайлас жемқорлықтың әбден ушығып, бақылаудан шығып кеткенін көрсетеді.
– Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен айқасу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің сөзінше, медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексеру және әшкерелеу жұмыстары пандемия шарықтау шегіне жетіп, дәрі жетпей жатқаннан кейін ғана басталған. Цифрландыру жүйесіндегі заң бұзушылықтар ондаған миллиард ақша шығындалғаннан кейін барып қозғалған. Бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандарға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Оны ұрлау да сәйкесінше өсіп келеді. «Миллиардтаған қаржы қолды болып кеткеннен кейін, халыққа кінәлі адамдардың ұсталғаны туралы әдемі есеп бергеннің түкке де керегі жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты түбірімен қайта құру керек деп санаймын» – деді мемлекет басшысы.
Соңғы ширек ғасырда елімізде жемқорлыққа қарсы күресеміз деп қаншама бағдарламалар мен жоспарлар жарияланды. Қырып-жойып жатырмыз дегенімізбен нақты нәтиже жоқ. Неге? Оның себептері көп. Бұл туралы қоғам белсенділері, белгілі сарапшылар мен білікті мамандардың пікірлері телеарналар мен мерзімді басылымдарда, әсіресе әлеуметтік желілерде тұрақты айтылып та, жазылып та жүр. Одан жойылып кеткен жемқорлықты көрмедік. Сонда не болды? Біріншіден, айтылған ұсыныстар мен пікірлерді құлағына қыстырып жатқан атқарушы билік, яғни үкімет жоқ бізде. Олар халыққа қызмет көрсететін атқарушы емес, билеуші үкіметке айналып алған. Осы өткен жылдарда қоғам тарапынан қаншама ұтымды ұсыныстар мен құнды пікірлер айтылды. Солардың тым болмағанда жартысын ескеріп, іске асырғанда жемқорлық дәп мынандай деңгейде болмас еді. Енді ғана, мемлекет басшысы ауысқан соң халықтың пікіріне құлақ асатын үкімет құрмақпыз. Ал, ол туралы қоғамда айтқалы қай заман, қаншама уақыт босқа кетті. Сонда бұған дейінгі мемлекет басшысы халықтың үніне мүлдем назар аудармағаны ғой. Басты кемшіліктердің бірі, біздің үкімет халықтың ұсынысын тыңдауға мүлдем құлықсыз, барлық мәселені өз білгенінше шешіп, заң жобаларын дайындағанда өз ыңғайына қарай бұрмалап тұрады. Заңды талқылап мақұлдайтын депутаттарымыз да үкіметтің жетегінде кеткен, солардың айтқанынан шыға алмайды. Осыған қарап билікке иеленген топ халықтан бөлініп, өз алдына жеке мемлекет болып алған ба деп қаласыз. Демек, қалың бұқара мүддесі үнемі ескерусіз қалып келеді деген сөз.
Еліміздің экономикасын күйретіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын құлдырату үшін сырттан әкеліп, қастандық пиғылмен мәжбүрлі түрде, еркімізден тыс сыбайлас жемқорлықты бізге таңып жатқан ешкім жоқ. Ашығын айтсақ, жемқорлықты өз қолымызбен өзіміз жасап отырмыз. Өйткені ол біреулерге пайда көру үшін ыңғайлы. Біреулер деп бүкпей-ақ қоялық, турасын айтсақ – билік басындағыларға. Оны біз айтпасақ та бүкіл халық біліп, көріп отыр және айтып та жатыр.
Былтыр қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парамен ұсталған қызметкерлердің басшыларын да жауапқа тартатын заңға қол қойды. Заңда көрсетілгендей министр, әкім секілді жоғары лауазымды басшылардың орынбасарлары жемқорлықпен, парамен ұсталса, кем дегенде отставкаға кетуге арыз жазуы тиіс болатын. Содан бері бір жылға жақын уақыт өтті, жемқор орынбасары үшін қызметтен өз еркімен кетуге арыз жазған басшыны көрдіңіз бе? Жоқ. Бар болса да ондайлар саусақпен санауға да келмейді. «Отставканы қабылдау немесе қабылдамау–бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті» - деген заңдағы «қыстырманы» қалай түсінуге болады? Егер қылмыс жасаған қызметкер жоғарыдағы басшының туысқаны болса, оның отставкасын қабылдамай, керісінше қызметін өсіріп жіберуге мүкіндік жасап тұрған жоқ па? Түрмеге қамалып, Елбасынан кешірім сұраса жемқорды басынан сипап бостандыққа шығара салатын біздегі үрдіс те заңға қарағанда жоғары луазымды жеке адамның құзіреті әлдеқайда мықты екенін көрсетеді. Осындай заңмен біз жемқорлыққа қарсы қалай күреспекшіміз?
Енді ең негізгі «Жемқорлықпен күрес неге нәтиже бермей жатыр?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біз бүкіл дүниежүзі жұртшылығы алдында демократиялық қоғам құрып жатырмыз деп айдай әлемге айқайлап жатырмыз. Ашығын айтсақ, бұл қып-қызыл өтірік. Бұл тек өзге демократиялық мемлекеттер, халықаралық қауымдастықтар алдында көзбояушылық жасау ғана. Сөзіміз жалаң болмас үшін ол жағын да айта кетелік. Басқасын былай қойғанда демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі – көппартиялық екені баршаға белгілі. Бұл бір жағынан алғанда дұрыс ұстаным. Өйткені жалғыздың үні шықпасы белгілі. Сондықтан адамдар ұжымдасып, партия құрып өз талап-тілектерін жоғары билікке жеткізе алады. Екіншіден, партия көп болса бір-бірінің кемшіліктерін көрсетіп, ортақ мүдде жолында өздерінің қоғамды дамытуға бағытталған ұтымды ұсыныстарын білдіре алады. Яғни, кез келген партияға оппозиция болғаны жөн. Қай партияның бағдарламасы халық көңілінен шықса сол партия сайлауда басым дауысқа ие болады деген сөз. Ал бізде ше? Ашығын айтайық, бізде бәрі керісінше. Елімізде оппозициялық партиялар жоқ. Бүгінгі Әділет министрлігі арқылы тіркелген ұжымдарды «Нұр Отан» партиясының филиалы деуге болады. Олардың біреуі де билік басында отыз жыл бойы тапжылмай отырған «Нұр Отан» партиясына сын айта алмайды. Сын айтса ертең өздерін тарқатып жіберетінін жақсы біледі. Ал, шынайы оппозициялық партияларды нұротандық министрлік тіркемейді, өйткені оларға қарсыластың түкке қажеті жоқ. Тым қатты кетіп бара жатса оларды сот арқылы эстремистік бағыттағы саяси ұйым деп ел аумағынан аластайды.
Билік басына келген партия өз бағдарламасында көрсеткендей халыққа адал қызмет етуге, өздеріне ғана емес, көпшілікке жайлы қоғамдық жүйені қалыптастыруға міндетті. Біз езуімізден сілекейіміз ағып еліктейтін Батыста және әлемдік тәжірибеде дәп солай. Өкінішке орай бізде олай емес, әп-әдемі бағдарламасы бар болғанмен керісінше жұмыс істейді.Бүгінгі әңгімемізге арқау болған тек қана жемқорлық жайын ғана алайықшы. Президент әкімшілігінен бастап, үкімет, әкімдік тағы басқа басты салаларда түгеліне жуығы отыз жыл бойы «Нұр Отан» партиясының өкілдері отырып келеді. Парламент құрамы да дәп солай. Олай болса олар неге жемқорлықты жоймайды. Жоймақ түгіл ұсталып жатқан жемқорлар дәп сол партияның мүшелері емес пе? Сотталардың алдында ғана партияларынан шығарып тастайтыны болмаса сол ұрылардың бәрі осы партиядан екені жасырын емес. Сонда олар сыбайлас жемқорлықпен қалай күресіп жатыр? Жұрт алдында жалған ұранмен шығу жемқорлықпен күресу емес, адамдардың назарын аударып алдау ғана. Бір кезде «Нұр Отан» партиясының «Сыбайлас жемқорлыққа он мәрте күйрете соққы» атты арнаулы бағдарламасы жарияланғанын білесіздер. Нәтиже қайда? Жоқ! Тіпті адамның күлкісін келтіретін ұран ғой. Өздері ұры болса олар жемқорларға қалай соққы бермекші? Өз қолыңды өзің кесе алмайсың, бұл жемқорлықпен күрестің кейпін көрсету ғана. Халық арасында «Нұр Отанды» – «Ұры Отан» деп атауы да сондықтан болар. Сенбесеңіздер әлеуметтік желіні ашып қараңыздар. Әрине, билік әлеуметтік желіні түгелдей бақылап отыратыны анық. Демек, халықтың билікке деген көңіл-күйін, бүгінгі көзқарасын жақсы біледі деген сөз. Олай болса «Бұл пікірлерің дұрыс емес!» -деп осыған қарсы өз уәждерін неге айтпайды халыққа? Жалаң ұранмен айқайлағанша бір нақты іспен айналыссаңыздар партияның беделі анағұрлым жоғары болар еді. Ал, халық үшін қай партия басқарғаны маңызды емес, ең бастысы олар сенім артқан партия мен оның басшыларының бұқара мүддесі үшін жұмыс істегені керек. Басқа ештеңе емес!
Жылдар бойы жыры бітпеген жемқорлық әлі де талай жылғы әңгімеге арқау болатын түрі бар. Өйткені онымен күрес тым нәтижесіз жүргізілуде. Мемлекет басына жаңа басшының келуі жағдайды өзгерте ме деген үлкен сенім артқан халықтың да шыдамы шексіз емес. Қолдарынан келмеген соң билік сол халықтың өзіне сенім артқаны дұрыс болар еді. Мемлекеттің негізгі иесі халық екенін мойындайтын уақыт жетті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Талап қатаң болады» - деген Тоқаев жемқорлықпен шындап күресуге ниеті бар екенін көрсеткендей болды. Соңғы жемқорлыққа қарсы өткізілген кеңесте сенімді түрде айтылған мына бір сөзі көпшіліктің көңіліндегі күдік атты күлдің астында қалған үміт отын қайта тұтатқандай болды. Осындайда Тоқаевты сол бала кезде естіген ертегідегі өзін жұтып жіберген айдаһардың ішін жарып шығатын, жалмауыздың жонынан таспа тілетін ержүрек аңшыға ұқсатқымыз келеді. Сөйтіп қарапайым халықтың қанын сорып жатқан мына мыңдаған басы бар жемқорлық атты жалмауыздан құтқаратын батырды көргіміз келеді одан. Бұл бүкіл қазақтың араманы мен тілегі екенінде күмән жоқ. Бірақ жемқорлыққа жол беретін жүйені тас-талқан етіп қайта құратындай батырлық бүгінгі мемлекет басшысының қолынан келе қояр ма екен?..
З.АБАЖАН
qazaquni.kz