Гаухар Алдамбергенова: Жолдауда ғылым саласын дамытуға маңыз берілді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауына қатысты пікір білдірді.

Оның пайымдауынша, білім және ғылым саласына жаңа нақты міндеттер қойды. Президент атап көрсеткен басым бағыттар ел экономикасының басты өзегі саналатын аталған салалардың заманға сай дамуына зор серпін береді.

«Мемлекет басшысы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Белгілі болғандай, еңбекақы мөлшері келешекте де арта бермек. Бұл мақсатта алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінбек. Соңғы жылдары елімізде ұстаз беделін, педагог мәртебесін көтеру жолында елеулі істерді атқарылып, нақты жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, бір ғана «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды. 21 баптан тұратын жаңа Заң жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты болды. Онда төрт бағыт қамтылған. Біріншіден, педагогтардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынтыландыру тетіктері және төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары. Президенттің бүгін жариялаған шешімі осы заң аясында қолға алынғанын атап өткен ләзім», – деді Гаухар Алдамбергенова.

Оның пайымдауынша, ұстаз беделінің артуы, еңбекақының жыл сайын көтерілуі – білікті де білімді, «ұстаз» деген атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына негіз болады.

«Бүгінде мұғалім беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызы айқындалуда. Еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті негізінен ауылдық елдімекендердегі білім ошақтары үшін маман даярлайды. Өзінің 75 жылдық төл тарихында оқу орны 60 мыңнан астам педагог дайындады. Қазіргі күнде оқу орнында болашақ педагогтардың кәсіби бейімделуі үшін педагогикалық кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған. Тәжірибеге бағытталуы – бірінші курстан төртінші курсқа дейін тәжірибеден өту арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде болашақ мамандардың теория мен тәжірибені ұтымды үйлестіріп, біліктілігін арттыруға зор серпін береді», – дейді Қыздар университетінің ректоры.

Гаухар Алдамбергенова Жолдауда атап көрсетілген ғылыми әлеуетті дамыту мен жас ғалымдарды ынталандыру – аталған саланың қарқынды дамуына оң ықпал ететіне сенімді.

«Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда ғылым саласына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, елеулі қолдау көрсетіліп келе жатыр. Қазақстанның бұл тараптағы мақсаты – ғылымның дамуына жаңа қарқын беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыттарды қабылдау және отандық бизнестің ғылыммен тығыз байланыста болуына ықпал ету. Бұл орайда елімізде бірқатар бастамалар қолға алынды. Бүгін соның бірқатарын Президент нақты атап көрсетті. Атап айтқанда, ғылыми жобаларды қаржыландыруға мемлекеттік қазынадан қомақты қаражат бөлініп, жас ғалымдардың ғылыми идеялары жан-жақты ынталандырылмақ. Қыздар университеті білікті педагог кадрларын даярлаумен қатар, қазақстандық ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келеді. Оқу орны зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру және оны халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында алыс-жақын шет елдердің ғалымдары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыстар атқаруда. Бүгінде университет ғалымдары 28 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде», – дейді оқу орнының басшысы.

Университет ректоры өз сөзінде Қазақстан жас ғалым-педагогтары Қауымдастығы туралы да атап өтті.

«Қауымдастық еліміздің педагог мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру мен ғылым саласындағы болып жатқан бірқатар бастамаларды іске асыруға атсалысты. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, білім мен ғылымды ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының білім беру саласына енуіне ықпал жасау. Аталған Қауымдастық алдағы уақытта Президент Жолдауында атап көрсетілген ғылым саласын дамытуға өз үлесін қосатын болады», – деді ол.

Қыздар университетінің ректоры жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болатындығын алға тартады. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр.

«Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында оның негізгі тетіктерін айқындады. Президенттің биылғы Жолдауы біз үшін осынысымен құнды, осынысымен маңызды», – деп сөзін түйіндеді Гаухар Төремұратқызы.