Анар Салқынбай: Рухани жаңғыру басы – әліпбиден

0
617

«Тағы да әліпби …» деген ұғым қалыптасты қазақта… Өйткені аз уақытта латын әліпбиінің өзін үш рет өзгертіп, төртінші рет жаңарту үстіндеміз. Біздің әліпби өзгертуге қатысты жасаған әр қадамымыз тарихта жазылып жатыр. Өткенге салауат дейін десек те, бүгінгі қазақ тіл ғылымы үшін, ғалымдар үшін бұл біліктілікті танытпайтыны тағы да шындық. «Ай-Қап»!

10 наурыз күні А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты мен Алматы қалалық тіл басқармасы бірігіп ұйымдастырған мәжілісте Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және ІТ-сүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған «Жетілдірілген әліпби» үлгісін талқылауға біраз ғалымдар жиналды. Аталған отырыстан «қаралатын ұсыныстар» деп бірнеше сұрақтар түсіріліпті.

Қаралатын ұсыныстар деп берілген ақпар ұсыныстардан емес, сұрақтардан тұрады екен, әрі бұл сұрақтардың ғылыми негізі де, практикалық мәні де тым әлсіз, жарты беттен тұратын ұсыныстардағы стилдік кемшіліктер туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз.

С әріпін әліпбиге енгізу керек пе? Ц, Ч дыбысын – С, С әріпімен белгілеу дұрыс па, Ww, Xx, C таңбалары тек пернетақтада орналасуы керек пе т.б. сынды сұрақтардың қойылуы – қазақ әліпбиінің табиғатын нақтылау үшін қойылды деуге келмейді. Ұсыныстарды құрастырушылар әлі де болса, әріп пен дыбысты ажырата алмағаны байқалады. Ц –тс, Ч –тш дыбыстарының таңбасы екені оқушы балаға да түсінікті. Ww, Xx, C таңбалары тек пернетақтада орналасуы керек пе деуі де түсініксіздеу. Өйткені латын таңбалы пернетақтадан оны алып тастай алмайтынымыз бесенеден белгілі.

Қазіргі уақытта «латыннегізді қазақ әліпбиі» деп аталып жүрген тіркесте стильдік кемдік бар. «Латыннегізді» атауының қазақ жазуы, әліпби сөздерінің алдында келуі «қазақ жазуы», «қазақ әліпбиі» ұғымдарының анық түсінілуіне қиындық әкеледі. Қазақ жазуы немесе қазақ әліпбиі латын негізіне көшпейді, тек оның сыртқы формасын, таңбасын иемденеді. Сондықтан «негіз» сөзі негізсіз қосылған деп есептеп, «латын әліпбилі қазақ жазуы» немесе «латын әліпбиіндегі қазақ жазуы» деп атауды ұсынар едік. Мұның принципті маңызы бар. Кей кісілер латын әліпбиіне көшу – латыншаға көшу деп электрондық оқу құралын жазуды бастап кеткенін көріп жүрміз. Біздің латын әліпбиіне көшуіміз – латыншаға көшу немесе латын әліпбиін біліп алып, ағылшын тілінде сайрап кетуге жол ашады деген сөз емес екенін түсінетін уақыт келді.

Ең алдымен, Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және ІТ-сүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысы ұсынған ұсыныстың бірде-бірі қолдауға келмейді. Бұл сұрақтар Қазақ тілінің төл табиғатын ашуға ұмтылмайды, керісінше кешегі орыстық саясаттың ырқынан шыға алмай, Ц, Ч дыбыстарын қайта енгізуді аңсайтынын аңғартады.

Сондықтан, біз әлі де болса А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынып жүрген әліпбиді қолдауды ұсынамыз. Әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстары нақты әрі жүйелі таңбаланған.

1. Тілдік сингармониялық заңдылық бойынша, жуан, жіңішке дыбыстардың таңбалануында бірізділік сақталған. Мәселен, А-Ә, О-Ө, Ұ-Ү, Ы-І дыбыстарының бір таңбамен беріліп, екінші нұсқасының үстіне умлаут белгісінің қойылуы осы заңдылықтың сақталуын нақтылайды. Бұл тәсіл Ақымет Байтұрсынұлының төте жазуынан келе жатқан тілдің ішкі болмысынан туындайтын жүйелі әрекет екені ғылыми қауымға белгілі. Осы ретте институт нұсқасындағы І, і – таңбасымен –ы, і дыбысын белгілеуі тілдік жүйе заңдылығына сәйкес келеді.

2. А. Байтұрсынұлынан бастап, қазақ фонетистері қазақ тіліндегі У дыбысының дауыссыз дыбыс екенін толық дәлелдеген еді. Бұл басы ашық мәселе. Орыстық саясат меңдеген бұрынғы кирилл әріптерінде дауыссыз у-дың ішіне дауысты Ұ, Ү дыбыстары сіңіріліп, ол әрі дауысты, әрі дауыссыз ретінде жаңылыс танытылды. Сөйтіп дауысты Ұ,Ү дыбыстарының қызметі мен айтылуы тілімізде бірте-бірте өшіп бара жатты. Институт ұсынып отырған әліпбиде тілдегі заңдылық қайта орнына қондырылып, жаңғыртылған. Яғни дауыссыз У дыбысын W таңбасымен беру – дауыссыз у-дың ішкі дыбыстық табиғатымен толық сәйкес келеді. Ал «университет» сияқты сөздердің айтылу үлгісі ағылшын тіліндегі нұсқасында қазақтың Ү дыбысына сәйкес келетінін ескеру орынды.

3. Қазіргі Й дауыссыз дыбысы А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ұсынған әліпбиде У (уай) таңбасымен берілген. Бұл таңба қазіргі қолданысқа біршама еніп, жазылып жүр. Nazarbayev, Ayapova т.б. сөздердің жазылуы осылай қалыптасты.

4. Халықаралық практикада кез келген тілде шетелдік кірме сөздерді қабылдауда төл дыбыстармен таңбалап, ана тілінің қолданысына ыңғайлап, сәйкестендіріп, бейімдеп алатыны шындық. Осы тәжірибені бізге алуға бүгінгі рухани жаңғыру саясаты толық мүмкіндік беріп отыр. Орыс тілінің өзінде мұндай тәжірибе кең пайдаланады. Сондықтан і әрпімен төл сөздерде і дыбысы, кірме сөздерде й дыбысын таңбалау – ең оңтайлы ұсыныс деп пайымдаймыз. Міністір – министр, інтернет – интернет сөздері болашақта тілімізге осылайша оңай сіңісіп кетер деп болжауға болады.

5. Әліпбиде «Ғ» таңбасын алудың да қажеті аз деп есептейміз. Ф дыбысы қазақ тіліне тән емес.

Анар Салқынбай,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз