МЕКТЕПТЕР БӨЛІНБЕУІ КЕРЕК - Смағұл Елубай
2020 ж. 01 қыркүйек
2205
5
Тәуелсіздік қазақ тілінің орыс тіліне деген тәуелділігін жоя алмады
ҚР Білім және ғылым министрі
Асхат Аймағанбетовтың назарына
Қазақстандағы тіл майданы Қазақстан республикасының негізі қаланған 1920 жылдан басталды деп білеміз. Кремль Қазақ республикасын құруға келіссе де оны қазаққа басқартуға келіспеді. Қазаққа сенбей жас республика басшысы етіп қазақтың тілін білмейтін Пестковскийді жіберді. Сөйтіп, Қазақстан билігі өмірге келген күннен бастап Пестковскийдің алдында орысша шүлдірлей бастады. Кремльге қазақ тілінің керегі жоқ еді. Кремльге күллі КСРО –ның орыс тілінде сөйлегені керек еді. Коммунистер қол астындағы Қазақстанда қазақтың сөзі ғана емес, өзі де жойылуға аз-ақ қалды. Осылайша, қазақтың тілін, дінін, тарихы жадын жою 70 жылға созылды. Нәтижесінде, Тәуелсіздікке қазақ санасы сансырап жетті. Тәуелсіздік тіл майданындағы қазақ тілінің орыс тіліне деген тәуелділігін жоя алмады. Сорақысы сол, егемен ел болғанымызға отыз жыл болып қалса да үлкен шенеуніктеріміз әлі күнге айдай әлем алдында Қазақстан төрінде отырып орысша сайрайды. Бұл жәйт қазақтың көкірегінде: «Оу, біз осы қайда отырмыз? Тәуелсіз Қазақстанда ма, әлде Ресейде ме?» деген сұрақ тудырады. Оның ары жағында: «Тілімізді қорғай алмаған бұл қандай Тәуелсіздік?» деген сұрақ тағы тұрады. Тіл майданында қалыптасқан осынау келеңсіздіктен қалай құтыламыз?! Сол жолды іздеу үстінде келген бір қорытындымызды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов назарына ұсынамыз.
Сіз жақында «Ағылшын тілін балабақшадан алып тастау керек!»- дедіңіз. Біз қол шапаттадық. Бірақ, біз ағылшын тілінің балабақшада жүріп жатқанынан бейхабар екенбіз. «Астапыралла!!!- дедік. - Балабақшаға шет тілін тықпалап жүрген қай басшы, қай мәңгүрт болды екен?! Кім де болса, бұл қазақ тіліне жау пиғылды жанның тірлігі! Мемлекеттік балабақшада тек мемлекеттік тілде тәрбие берілуі керек емес пе?! Бұл бұлжымас аксиюма емес пе?!»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілін, балабақша тұрмақ, мектептің жоғарғы сыныбына қарай ысыру керек деді емес пе?! Осы ұсыныс орынды емес пе?!
2025 жылдан бастап мектептер жаңа латын әліпбиіне көшеді деп отырмыз. Осы жерде бір үлкен сұрақ туындайды . Ол әлі басы ашылмаған мына сұрақ. Жаңа латын әліпбиіне қай мектептер көшеді? Тек, қазақ мектептері ме, әлде, Қазақстан мектептерінің бәрі түгел көше ме? Естуімізше, жаңа әліпбиге тек қазақтілді мектептер көшетін көрінеді. Орыстілді мектептер еш өзгеріссіз өзінің кириллицасында қала беретін көрінеді. Өйткені, орыстілді мектептерді кириллицадан ажырату Кремльдің көңіліне келуі мүмкін.Тек ғана, Кремльдің ғана емес, өз ішіміздегі миллиондаған орыстілділердің қарсылығын тудыры мүмкін. Оның алғы шебінде жүздеген мың орыстілді қазақтар жүруі мүмкін. Қазақстан өкіметіне, әрине, бұндай басауру қажет емес. Сондықтан, орыстілді мектептерді өзгеріссіз, өз кириллицасында қала беретін сияқты. Бұл ресми көзқарас көрінеді. Бұл рас болса, бұл сақтықтың соңы не болмақ? Көз жүгіртіп көрелік. Қазақстанда бұған дейін мектептер тілдік негізде екі үлкен топқа бөлініп келді. Қазақтілді, орыстілді болып. Соның салдарынан Қазақстанда екі тілде сөйлейтін параллел екі қоғам қалыптасты. Енді, латын әліппиі енгізілгеннен кейін, мектептер тілдік негізде ғана емес, әріптік негізде де екіге бөлінбей ме?! Бұл Қазақстан қоғамын әріптік негізде де, тілдік негізде де бір-бірінен алшақ әкетпей ме? Осылайша, тілдік және әріптік негізде бөлінген екі мектеп екі қоғам қалыптастырмай ма?! Бұлайша, бөліну түптің-түбінде мәдени, психологиялық текетіреске алып келмей ме, қазақтілділер мен орыстілділерді? Бұндай болашақты болжау үшін сәуегей болудың қажеті жоқ екені белгілі.
Ендеше, бұндай болашақтан сақтану үшін не істеу керек?! Осы сұрақты біз төтесінен Қазақстан саяси элитасына қойғымыз келеді. Өйткені, бүгінгі мектеп, ертеңгі – қоғам. Ал, қоғам негізі балабақша, мектепте қаланатыны белгілі. Олай болса, бірлік балабақшадан басталуға тиіс. Мемлекеттік балабақшада тәрбие мемлекеттік тілде берілуге тиіс. Бұндай балабақшадан мемлекеттік тілде сөйлеп шыққан балалар ұлтына қарамастан түгел бір мектепте, мемлекеттік мектепте оқуға дайын болады. Ендеше, мектептер қазақ, орыс болып бөлінбей, бірегей бағдарламамен оқитын бір мемлекттік мектеп болып бірігуі керек. Бұл мемлекеттік мектепте барлық ұлттың балалары білімнің 60 пайызын жаңа латын әліпбиімен қазақ тілінде оқуы керек. Барлық балалар білімнің 40 пайызын бұрынғы кириллицамен орыс тілінде оқуы керек. Сонда, бұл мемлекеттік мектепті бітірген балалар қазақ тілінде де, орыс тілінде де сайрап шығатын болмақ. Екі әліпбиді де пайдалана беретін болмақ. Кириллицаны білу осы әліпбиде қалыптасқан 70 жылдық жазба мәдениетімізден көз жазып қалмау үшін қажет. Ал, ағылшын тілін білгісі келетін балалар болса олар ол тілді сабақтан тыс үйірмелерде оқуы керек. Бұндай бірегей мемлекеттік бағдарлама арқылы білім беретін мемлекеттік мектептерді бітіріп шыққан түлектер үшін Қазақстанда тіл проблемасы болмақ емес. Олар ең алдымен мемлекеттік тілді ұлтаралық тіл ретінде пайдалана беретін болмақ. Содан кейін орыс тілінде де сауатты білім алып шықпақ. Егер, біз бүгін мемлекеттік балабақшаны түгел мемлекеттік тілге көшірсек, ондай балабақшадан шыққан балалар түгелімен енді бір 3-4 жыл ішінде мемлекеттік мектеп табалдырығын аттайды. Нәтижесінде, алдағы бір 15 ішінде тіл мәселесі Қазақстанда өзінен -өзі күн тәртібінен түсіп қалады. Өйткені, өмірге бір мектепті бітірген екі тілде де сайрап тұрған жаңа ұрпақ келеді. Ұлтына қарамастан мемлекеттік тілде сайрап тұрған жаңа ұрпақ Ұлы Даланың үлкен патриоттары болады. Ал, Ұлы Даланы тілін білмей сүю мүмкін емес. Тек, бірегей мемлекеттік мектеп негізінде ғана түгел мемлекеттік тілде сөйлейтін жас ұрпақ қалыптаспақ. Тілі бір Қазақстан қалыптаспақ. Ынтымағы жарасқан болашағымызды біз осылай елестетеміз. Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері