Ертеңгі ел серкелері жанымызда жүр
2020 ж. 28 тамыз
1215
0
Мөлдір Бекеева – есімі елге мәшһүр Шымкент жастарының белсенді бір өкілі. Он жылдан бері тележурналистика саласында еңбек етіп келеді. Өзіндік ойы, айтар сөзі бар жан. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін жігерлі жас ретінде оны әңгімеге тартып, қазіргі қала жастары туралы ой бөлісуін өтіндік.
– Болашақтың кілті жастарымыздың қолында. Бүгінгі бозбалалар мен бойжеткендер ертеңгі қоғамымыздың негізін қалайды. Сондықтан тәрбиелі, текті жастардың көбейгеніне қуанамыз. Осы тұрғыда қала жастары туралы не айта аласыз?
– Мойындау керек, қазіргі қазақ жастары зерек, көшбасшы әрі жаңа жүйеге жатсынбай қарайды. Қоғамда тың өзгерісті қалап, оның орындалуы жолында тынбай еңбектеніп жүрген жас толқын қатары көп. Олардың беталысын көріп, марқайып отырамыз. Иә, замандастардың өмірлік ұстанымдары қуантады. Түйсік-түсініктері де мол. Бірақ, бойларында үрей мен еліктеушілік басым екені де байқалады. Жаһандану дәуірінде бұл құбылыс орынды да болар. Дей тұрғанмен, кей кездері ұлттық болмыс-бітім мен діл, яғни халқымыздың тектілігін танытуы тиіс шешуші сәттерде біз күткен нәтижені көре алмай қынжыламыз. Рас қой?! Оның несін жасырамыз?! Иә, жаңарамыз деп – жалаңаштанып немесе үш тұғырлы тіл деп – ана тілін мезет ұмыта қалатын «менсінбеушілік» қасиеттер бойларынан белгі беріп қалады. Бәрінен емес, әрине. Бірақ, баршылық. Сондықтан, дамуды – дандайсу деп түсінетін толқынды дер кезінде тәрбиелеу қажет дер едім. Иә, заман түзелуі үшін – алдымен адам түзелуі шарт. Аға буын жол көрсетуден жалықпаса игі. Ұлттық кодты ұмытпай, оны осы ғасырда – осы кезеңде ұлықтау маңызды. Сондықтан, төрткүл дүниеге қарап, өзімізге жаңа жүйе енгізерде, оны қолданысқа қоярда міндетті түрде жүз рет елеп, ақылға салуды, бәрінен бұрын өзіміздің қазақы қоғаммен санасуды ұмытпаған жөн. Айтпақшы, бүгінгі замандастарымның сынды дұрыс қабылдай алу қасиетін ерекше атап өткім келеді. Әдетте олар әлеуметтік желіге өздеріне қатысты сын жазылғанда, оны ешбір көтере алмайтыны байқалатын. Иә, кінәні өзгеден іздеп, бұл кімнің тапсырмасы екен деп, өз-өздерімен күйіп-пісіп, азар да безер, шыр-пыр болатын кездерін талай көргем. Ал қазір сын-пікірлерді сабырлы қабылдап, сол мінді түзеу жолында жұмыс істеп жүргендері де олардың рухани өскенінің дәлелі болса керек-ті. Әрине, ақыл айту – оңай, сондықтан бәрін өзімізден бастауды ұмытпайық дер едім...
– Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын жастарымыз баршылық. Оны күнделікті тыныс-тіршілігімізден көре бастадық. Жастарымыз флеш-моб деңгейінен өсіп, нақты істерге көшкеніне жаппай куә боп жүрміз. Осы туралы не айта аласыз?
– Жас толқын арасында оқ бойы озық тұратын, көшбасшы жастар жеткілікті. Олар үнемі жақсы істің басы-қасынан, қайнаған қазанынан табылып жүр. Қаланың тазалық шараларын қоспағанда, тіпті ел басына күн туған ауыр кезеңдерде ол жастар жалқаулыққа бой алдырмады. Тиісінше, білегін сыбанып қоғамдық жұмыстарға жұмылды. Күнді – күн, түнді – түн деген жоқ. Көз көріп, құлақ естіп жүр ғой. Иә, куәгерміз. Олардың бастамаларына қарап марқайып, қоғамдағы қайбір шараларға бей-жай қарамайтын жауапкершіліктеріне сүйсініп жүрміз. Сөз орайы келгенде, көңілді күпті ететін жағымсыз бір жайтты да айтқым келеді. Әлеуметтік желіде «диван батыр» ретінде танымалдылыққа ие тілі мен жағына сүйенген жастар да жоқ емес. Желіде «датын» көл-көсір көсіле жазады, ақылды да айтады, ал жеме-жемге келгенде – іс жүзінде өзінің атқарған ешбір еңбегі жоқ. Тіпті алға талпынбайды да. Отырғаны – отырған. Бірақ, ақыл айтқыш, талап қойғыш! Егер, ақылы асып-тасып жатса, көп сөйлегенше неге нақты іске көшпеске?! Мәселенің шешілу жолын, жоба-жоспарын өзі ұсынсын! Қазір мүмкіндік деген көп қой. Тіпті, ел Президентінің өзіне ашық хат жазып, жолдауға болады. Немесе баспасөз хатшысын не болмаса кеңесшісін желідегі жазбаңызға тэгтей салыңыз. Бітті! Ал біздегі бірқатар әлгі «диван-батырлар» парасат пен мәдениетті сырып тастап, адамның жеке басын қорлайтын қауесеттерді жазбасына арқау ете салады. Оның соңын ойламайды, байыбына бармайды. Ақиқатын айтпайды, тіпті төркінін түсінбейді де. Білесіз бе? Кейде соларға жаным ашиды. Жас қой, одан да көпке бір пайдалы іс атқарып, қоғамдық жұмыстарға қатысып, игі жобаларға аз-кем болсын үлесін қосса деген ұсынысым бар. Оны қабылдау-қабылдамау, еріктерінде, әрине...
– «Сын түзелмей, мін түзелмейтіні» белгілі. Бір қуантатыны, жалқау, жалақор жастарымыз біртіндеп азайып келе жатқандай. Қайта керісінше, Шымкент қаласында үлгі тұтатын жастарымыз көбейді. Сондай қыз-жігіттердің арасынан кімді бөле жарып атар едіңіз? Шымкенттің болашақта жастар қаласына айналатын түрі бар ма?
– Расында да, Шымкент – үлкен мегаполис, ал тұрғындар санының 239 443-ін – жастар құрайды екен. Осынау жүздеген жастың ішінен оқ бойы озық әрі өзге де замандастарына үлгі болатын жастар бізде жетерлік. Мәселен, жастардың жанашыры әрі көшбасшысы – Жандос Қалтаев, әлеуметтік желіде ғана емес, кәнігі өмірде де белсенді жігіт – Тимур Казьмин, сондай-ақ жас та болса бас болып, ақпарат саласында бірегей медиахолдингті басқарып отырған – Әйгерім Жұмағұлова, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде қоғамды парақорлықпен күреске үгіттеуші – Жани Қамбар, әлеуметтік-кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруда жергілікті жұртқа қолғабыс болып жүрген Ерлан Каттабеков, тағы да басқа замандастарымыздың есімі мен еңбегін марқая айтуға болады. Спорт саласы бойынша 4 дүркін Қазақстан чемпионы және Азия чемпионы Мадина Нұршаеваны ерекше атап өткім келеді. Кейінгі толқын осы жастарға қарап бой түзеуі қажет деп ойлаймын. Жоғарыда атын атап, түсін түстеген қайбір жасты алсақ та, әрқайсысы өз саласының кәсіби маманы ғана емес, Шымкенттің және бүкіл Қазақ елінің патриоты!
– Сонымен қатар, салауатты өмір салтын жастар арасында насихаттап қана қоймай, өздері үлгі болуда ғой? Ал, дәл осы жастарымызға керек пе? Не үшін?
– Әрине керек! Салауатты өмір салты – жарқын болашағымыздың кепілі! Әрбір адам жас кезінен бастап салауатты өмір салтын ұстануға, оны қоғамға дәріптеуге міндетті болса екен деймін. Бұл бастама, жалпы қағида қазіргі уақытта қоғамға, жастар қауымына ауадай қажет. Себебі, еліміз үшін адам өмірі – басты байлық екені анық. Ол үшін әрқайсысымыз денсаулығымызға атүсті қарамай, тиісінше дұрыс тамақтану жүйесі мен спортқа ден қоюымыз маңызды. Ағзаңызды зиянды заттардан: шылым шегу мен спирттік ішімдіктерге әуестенуден, есірткі құмарлық пен улы заттарға бейімделуден сақтағаныңыз абзал. Ал егер, Сіз бен біз салауатты өмір салтын ұстансақ, сонда өмір жасымыз ұзақ болып, денсаулығымыз нығаяды. Әсіресе, бүкіл әлемді жаулаған covid-19 індетіне төтеп беру және иммунитетімізді жоғарылату үшін бұл аса маңызды мәселеге айналды. Денсаулық дегеннің өзі – ол тәннің саулығы ғана емес қой, ол – психикалық және әлеуметтік тұрғыдан ойдағыдай толық күй. Мінез-құлық, адамның бар болмысы осы бір ұғыммен ұштасатынын ұмытпайық. Сондықтан, баршаңызды бірінші байлық – денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, жиі шынығып, рухымызды көтеріп, салауатты өмір салтын мұрат тұтуға шақырамын.
– Ол үшін не істеуіміз қажет? Шымкент жастарына салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қандай кеңес бересіз?
– Мені бірқатар оқырман «жап-жас болып бізге ақыл айтты» деп сөгуі де мүмкін. Бірақ, ойланыңызшы... Өлім-жітім мен түрлі аты жаман аурулар көбіне осы бір салауатты өмір салтына салғырт қарағаннан туындамай ма? Бір ғана мысал, егер күн сайын таңертең 15-20 минут жүгіріп, жаттығу жасасаңыз, күні бойы сергек жүресіз. Бұл талай дерттің алдын алатыны тағы бар. Спортты серік етуге асығыңыз. Сондай-ақ, жыл сайынғы еңбек демалысыңызды бөліп-жармай, тиісінше толық алып, тынығуды ұмытпаңыз. Адам ағзасы мен ой-санасы, тұла бойы кемінде 24 күндік арнайы демалыс пен тыныштықты талап етеді. Ал бұл тынығудың энергиясы, қуаты қалған 11 ай бойы сізге қызмет етеді. Айтпақшы, толыққанды дұрыс ұйқыны да ұмытпаңыз. Уақтылы ұйықтап, уақтылы ояныңыз. 8 сағаттық ұйқы – жүйке жүйесінің сыр беруінен сақтайды, қартаюдың алдын алады. Газды сусын мен жылдам әзірленетін тамақты тұтынбауға тырысыңыз, шылым мен спирттік ішімдіктен бас тартып, есірткі дегеннен аулақ болыңыз деймін. Өзіңізді, жаныңыз бен тәніңізді шын құрметтеңіз! Сонда ғана салауатты өмір салты қалыптасты дей беріңіз. Ал мамандардың көмегі арқылы өзім үшін түзген осынау кесте-кеңесім Сіздердің де кәделеріңізге жарайды деген үміттемін.
– Әрине! Естір құлақ есті болса, айтудай-ақ айтып жүрсіздер ғой! Ол үшін сіздерге көп рахмет! Ендеше Шымкент жастарын басқа өңір жастарымен салыстырып көрдіңіз бе? Ерекшеліктері қандай екен?
– Өзім шымкенттік болған соң, бұл сауалға жауап берудің өзі – үлкен жауапкершілікті қажет етеді екен. Біздің Оңтүстік – қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған өлке ғой. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар?! Менің ойымша, Шымкент жастары көбіне қазақи құндылықтарға жақын. Дәлірек айтсам, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жіті меңгерген. Кішіпейіл. Көбіне жайдары жүреді. Сосын, әзілді көп айтып, өзара шүйіркелескенді жақсы көреді (күлді). Рас қой?! Ұмытып барамын, ел арасында «не шықса да, осы Шымкенттен шығады» деген таңданысқа толы сөз бар. Сол сияқты шымкенттік жастар жаңалыққа жаны құмар дер едім. Иә, назарға ілігуді, ерекшеленуді жандары сүйеді ғой. Сондай-ақ, барға мақтана алатын, жоққа қанағат тұтатын қасиеттері тағы бар.
– Толық келісемін. Тағы бір сауалым бар. Шымкентте Жастар мәслихаты жұмыс істейді. Бұл құрылым туралы, жас депутаттар туралы не айта аласыз?
– Енді барды – бар, жоқты – жоқ деп айтатын, айта алатын журналиспіз ғой. Бұл сұхбаттан соң, сынды дұрыс қабылдап, мінді түзейді деген үміттеміз. Әу-баста әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінен «Шымкентте Жастар мәслихаты құрылды» дегенді естідік, ондағы жастар жасағын да арнайы таныстырды. Кеуделеріне «көк белгі» тағып түскен суреттері желіге жүктелді де. Бірақ, араға аз-кем уақыт салып, жастар жайын жақсартамыз деген құрылым ізім-ғайым жоғалды. Бүгінге дейін «Жастар мәслихаты депутатының немесе депутаттарының араласуымен мынадай мәселе қаралып жатыр не болмаса шешімін тапты», деген мазмұнда ешқандай ақпарат естімедім. Олар тіпті «жастармен кездесу ұйымдастырып, онда жиі кездесетін мәселелерді талдап, сараптап, оны жоғары жаққа ұсынды», делінбеді. Әлеуметтік желіде өзекті мәселелерді жіті, жіпке тізіп көтерген де жоқ. Баяндамаларын оқытпады. Талдау мен талқылауға толы Жастар мәслихатының сессиясы өтті дегенді де көрмедім. Бәлкім, бұл олардың қателігі емес шығар. Себебі, оларға бағыт-бағдар беруші болмады ма, кім білсін?! Әлде олардың уәжіне құлақ асатын адам жоқ па?! Ол жағы тек өздеріне мәлім. Дей тұрғанмен, Жастар мәслихаты делінген соң, қандай да бір жауапкершіліктің жүгі болып, ондағылар оны сезінсе екен дейміз.
– Көп рахмет, Мөлдір қарындасым! Жастарға қатысты бірқатар мәселені көтеріп, арасында сын ескертпелер де айтылды. Бабаларымыздан қалған «Көш жүре түзеледі» деген қағида бар. Жастарымыздың әрекетіне сенім артайық. Себебі, әрекетсіздік – олардың ең үлкен дұшпаны деп білемін. Енді жастарымызға, құрбыларыңызға айтатын тілегіңіз болса?
– Мен «Отырар» телеарнасында жұмыс істеймін. Өзімнің көптеген репортаждарым мен бейнесюжеттерімде салауатты өмір салтын дәріптеп, насихаттаймын. Жастарымыз сол түсірілімдерде айтылған ақыл-кеңестерге құлақ асса, ол, сөз жоқ, денсаулық пен жастық жігердің кепілі болар еді. Қайран Мағжан атамыздың сөзімен айтқанда:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!».
Өйткені, бұлар – күні ертең ел тізгінін қолға алатын болашақ көшбасшылар.
***
Шымкентіміздің инабатты, әсем, қарапайым қызы өзіне тән қайсарлығымен тағы бір іске бел шеше кірісті. Алда келе жатқан сайлауда мәслихат депутаттығынан үмітті екенін білдік. Қазақ журналистикасында өзіндің қолтаңбасы бар Мөлдірге іштей сәттілік тіледік.
Әңгімелескен Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
qazaquni.kz