Атазаңымыз Ата-баба арманын орындайтын басты заңға айналуы керек
2020 ж. 31 тамыз
2262
0
Бүгін 30 тамызда 1995 жылы қабылданған Конституцияға 25 жыл толды.
Ата заңымыздың ширек ғасырлық мерейлі датасынен ҚР Президенті Қ. Тоқаев құттықтады.
Уикипедияда Конституцияға ( латынның лат. constitutio — яғни «құрылым» сөзінен шыққан) — Мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы деп анықтама береді.
Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылатындықтан 1991 жылы Тәуелсіздігін алған Қазақстан үшін ерекше маңызы зор.
Әлемде барлық мемлекеттің Конституциясы бар. Тек абсолютті монархиялық елдерде Сауд Арабиясы мен Оманда ғана жоқ.
Қазіргі әлемдік тәжірибеде жаңа Конституция қабылдаудың түрлі тәсілдері қолданылады. Парламент қабылдайды немесе республикалық референдумда қабылданады.
Қазақ хандығы тарихында XVI ғасырда Қасым ханның кезінде "Қасым ханның қасқа жолы" атанған заңы шықты. Оған кейін біраз толықтыру енгізген "Есім ханның ескі жолы" да белгілі. Ал Тәуке хан тұсында қазақ билерінің қатысуымен "Жеті жарғы" қабылданды.
Ресей құрамындағы Қазақ елінде 1911 жылы көрнекті мемлекет қайраткері, заңгер Барлыбек Сырттанов "Қазақ елінің уставын" жазып шықты. Бірақ Тәуелсіз ел болуды мақсат еткендіктен бұл құжаттың қабылданбағаны белгілі.
1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламасы жарияланды. Осы заңды құжат құрылымы сол кездегі еуропалық мемлекеттердің конституцияларына сәйкес жасалды. “Алаш” партиясының басты бағдарламасында Ресей федерациялық құрылымы мен ұлттық автономиялардың құрылуы, олардың өзара қатынасы және мемлекет билігінің үш тармаққа, заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлінуі, сайлаудың жалпыхалықтық сипаты, т.б. ел үшін ерекше маңызды сипаттар толық қамтылды.
Кеңес одағы құрамындағы Қазақ Республикасы тарихында Конституция алғаш рет 1926 жылғы 18 ақпанда қабылданған Қазақ АКСР Конституциясы.
Одан кейін Одақтас республика болған кезде 1937 жылғы 26 наурызда Қазақ КСР Конституциясы.
Х бүкіл қазақтар құрылтай кеңесінде қабылданды. Қазақ ССР Конституциясы 11 бөлім және 124 баптан құрылды. Онда: "СССР Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ ССР-і өзінің тәуелсіз құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетімен жүзеге асырады" деп жазылған. Бірақ бұл "жүзеге аспайтын" арман болғаны анық.
Үшінші Конституция - 1978 жылғы 20 сәуірдегі Қазақ КСР Конституциясы.
1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, одан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға өзгертулер енгізген бірқатар заң қабылданған. "Мемлекеттік өкімет құрылымдарын жетілдіру туралы" 1990 жылғы 20 қарашадағы Заңға сәйкес Президент атқарушы және өкім етуші билік басшысы болғаны туралы ереже, министрлер кеңесі министрлер кабинетіне өзгертілді және жергілікті өзін өзі басқару, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту, ҚР азаматтығы туралы Заңдар және басқа да құжаттар қабылданды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды.
1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды. Бұл тұңғыш Ата заңымыз кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрады.
Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық норманы: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары - Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды толық қамтыды.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Мемлекеттің бұл басты құжатының бұрынғы Конституциядан 1100 өзгерісі болды.
Кейін Конституцияға Президент өкілеттігіне және билік тармақтарының рөлін арттыруға байланысты бірнеше рет өзгерістер енгізілді.
Енді кейінгі кезде елімізде көпшілік қауым мемлекеттік тілдің мәртебесін нақтылауға байланысты өзгерісті талап етіп келеді.
Өйткені, қандай заң болмасын, ол алдымен мемлекет пен ұлт мүддесін қорғап, халық тілегінен туындауы тиіс.
Сондықтан, Атазаңымыз Ата-баба мұратын орындайтын басты заңға айналуы тиіс!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні