ЖЕРІМІЗДІ АЛЫП, ЕЛІМІЗДІ ҚҰРЫП БЕРГЕН АЛАШ АРЫСТАРЫ

Мемлекетіміздің басты бағыты Алаш ұстанымы болуы керек

Бүгін 26 тамызда Қазақ автономиялы социалистік кеңес республикасының құрылғанына 100 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай кеше «Ақ жол» Демократиялық партиясы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесіп, «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми бейнеконференция өткізді. Конференцияға партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, «Алаш» мәдениет және рухани жаңғыру институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, Мәжіліс депутаттары, шетелдік және отандық алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда құнды баяндамалар көп болды. Мемлекеттік тарих институтының директоры, профессор Еркін Әбіл, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов, ресейлік тарихшы, профессор Виктор Козодой, белгілі ғалым-профессорлар Дәметкен Сүлейменова, Ғарифолла Әнес, Аққали Ахмет, Жәмбек Сәбит, Думанғазы Арғынғазин және басқа да алаштанушылар баяндама жасады. Конференцияда ғалым Еркін Әбіл айтқандай, Қазақ Республикасының құрылуы – Кеңес үкіметінің қазаққа жасай салған «сыйы» емес. Алаш арыстарының ұлттық мүддені қорғаудағы алапат қайраты мен ұлттық рухы, ерен ерік-жігері мен қайтпас қайсарлығы большевиктер билігін Қазақ автономиясын мойындатуына тура келді. Ресей профессоры Виктор Козодой: "Алаш идеясының мықты болғаны сондай – большевиктер оларды елеусіз қалдыра алмады және ымыраға келуге тура келді. Алаш зиялылары Қазақстанның шекарасын бекітуде зор рөл атқарды. «Азаматтық соғыста алаштықтар сол кезде жеңілгенмен, тарихи шешімге келген кезде Әлихан Бөкейханов пен Алаш Орданың өзге де көшбасшылары жеңіске жетті», - дейді. Иә, Қазақтың байтақ жерін түгендеп, алып шекарасын шегендеп берген де осыдан 100 жыл бұрын Алаш қайраткерлері болды. Ұлттық кадрларды да жасақтай білді. Білім саласының да негізін қалады. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің кеңсе тіліне айналуын мықтап қолға алды. Бұл туралы белгілі ғалым Зиябек Қабылдинов жеріне жеткізе айтты. Танымал  алаштанушы Сұлтан Хан Жүсіптің атап айтқанындай, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құрылған Қазақ автономиялы республикасына тіреледі. 1917 жылы құрылған "Алаш” автономиясы мен 1920 жылы құрылған Қазақ КАСР еліміздің Тәуелсіздігіне жол салды деуге толық негіз бар деп, шешті конференцияға қатысушылар. Сондықтан да, Азат Перуашев ұсынғандай, біздің мемлекетіміздің қазіргі басты бағыты Алаш ұстанымы болуы керек! Иә, Қазақ автономиясы бастауын Алаш ұлттық автономиясынан алады. Бұл жерде басын ашып алатын басты нәрсе - 1920 жылы 26 тамызда Кеңес үкіметі Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет қабылдады. Бұл жерде бұл қаулының негізі қазақ шекарасының белгіленуіне сүйеніп тұр. Ал негізі қазіргі Тәуелсіз Қазақ Республикасы 1917 жылғы Алаш автономиясынан басталады емес пе? Қазақ Республикасына 100 жыл десек, бастауымызда тұрған Алаш автономиясының Тәуелсіз Қазақ Республикасына қатысын есептемеуіміз болады. Онда Қазақ үкіметі тек Кеңес үкіметі кезеңінде ғана құрылды деген сыңаржақ тұжырымға келісу болып шығады. Біз Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасының құрылуына 1917 жылы құрылған Алаш автономиясының үлесі үлкен екенін атап айтып, қадап көрсетіп отыруымыз керек. «1920 жылы 3 миллиондай халық автономия құрамында болса, 1925 жылы 6,5 миллионға дейін шарықтады. Қазақ халқының үлесі 50%-дан асар-аспас қана болды. Қазақтың саны 1%-дан аспаған Орынборда қанша қиындық болса да, кадрлар жетіспесе де автономияның басында отырған жігіттер көп жұмыс істеді. Оның ішінде кадр мәселесі, жер мәселесі, әкімшілік территория, мемлекет мәселесі, білім, денсаулық мәселесі, 1920-1921 жылдары басталған ашаршылықпен керемет, тиімді күрескеніне аң-таң боламыз», – дейді Зиябек Қабылдинов. «Осыған қарамай кадр жетіспеушілігі мәселесін шешкен. Алаш зиялыларының мықтыларын жұмысқа тартып, Ресей федерациясының мықты жоғары оқу орындарына жіберген. Тіпті 1924-1925 жылдары «Алаш» зиялылары қазақтың территориясына қазақтың түпкі жерлерін жинап алды. Тек Омбы қаласы мен Омбы уезіне қатысты мәселе болды. Тек 1928-1929 жылдары Алаштың мықты азаматтары қудаланып, басқару жұмыстарынан шығарылғасын ғана Омбы қаласы мен Омбы уезінің бір бөлігін (солтүстік-шығыс жағы) РКФСР құрамына енгізу туралы шешім қабылданды», – дейді ол. Иә, Алаш дегенде ең алдымен ұлттық рухтың мықтылығын айтамыз. Өткен мақаламызда да айттық, 1922 жылы Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы елуге толғанда сол кезде Үкімет басқарып отырған Сәкен Сейфуллиннің өзі Ахаңның сегіз қырлы қасиетін әбден мақтап келіп, «Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» деп, бағалаған болатын. Алаш қайраткерлері 1917 жылы Орта Азияда тұңғыш заманауи саяси партия - «Алаш» партиясын құрып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған Алаш автономиясын құрды. Кейін 1920 жылы Қазақ АСКР құрылып, оның шекарасын белгілеуді абыройлы атқарып шығуда алаштықтардың осындай зор ұлтшылдығы үлкен рөл атқарды. Негізі бұл шегара белгілеудің бастауы 1917 жылы Алаштықтардың бүкілқазақтық құрылтай шақырғанда сол территория шеңберіндегі мекендер бойынша шақырылғаны белгілі. 1920 жылғы 26 тамыздағы Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет осы Алаштықтар еңбегі арқасында белгіленген территорияны Кеңес үкіметінің мойындап, қағазға түсіріп, келісімге келіп, қол қойған тарихи құжат болатын. Шекараны айқындауда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан басшылық жасаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермекұлы  ерекше еңбек сіңірді.
Дау созылып бара жатқанда Ахмет Байтұрсынұлының атып тұрып, "Ленинің өзі айтты ғой, сол нұсқауды орындайсыңдар ма, жоқ па?!"-деп, айқай салып, мәселені пролетариат көсемінің нұсқауына тіреуі, 29 жасар Әлімхан Ермекұлының Ленин мен Сталин басқарған комиссия алдында ел тағдырын шешкен ерекше баяндама жасап, бүкіл қазақ жерін түгендеп, нақты дәлелдеп қорғап шығуы нағыз ел үшін жасалған тарихи ерлік болды. 
Әлімхан Ермекұлының осы ел шекарасын айқындаудағы шешуші тұжырымы: «Қазақстан шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер қазақтардың осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, онда бұл облыстардың өзара тығыз байланысы көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады. Бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени, экономикалық және аралас облыстық орталықтарда талап етіп отырған территорияның құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық, мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып, Қазақ автономиясының шекарасын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қарастырылуы керек»-дейді. Көрнекті ғалым, алаштанушы, профессор Тұрсын Жұртбай осы ерлік туралы тереңінен толғайды: "Ермековтің айтқаны шындық еді.  Егер де  Сібірревкомының ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Ресейдің территориясында қалуы керек болды.Егер сол астраханьдық делегацияның сөзіне сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресейдің құрамына кету керек болатын.Тұрар Рысқұловтың өтініші өтіп кетіп, Түркістан мемлекеті құрыла қалған жағдайда, онда қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Түркістан мемлекетінің, яғни қазіргі Өзбекстанның құрамында қалып қоятын еді. Міне, осы мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау, Әлихан Бөкейханның кеңесі мен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар  сенімді  ақтады.  Мәжілісте  Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті.Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмысы ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын.Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын.Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті». Сонымен жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Осыны ақпарат құралдары неге айтпайды? Біздің ұлттық мерекеміз ғой. Ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі ғой. Неге үндемейміз? Біз тарихымызды, тарихтағы оқиғаларды ұлықтай білуіміз керек. Мен үшін 1920 жылдың 26 тамызы – Алла жазса, мәңгілік азат Қазақстан территориясының мәңгілікке бекіген күні, мәңгілік салтанаты".   Яғни, Қазақ автономиясы Алаштықтар айқындаған территория негізінде құрылғанына қарасақ, жерімізді алып, елімізді құрып берген Алаш арыстары. Ал бізді кешеге дейін "бәрін қатырған большевиктер" деп оқытып келді. Коммунистер бүгінде де, түлкі алған қыран бүркітке тасадан шыға келген қарғаның "сіз боп, біз боп, түлкіні алдық па?"-дегеніндей, шындықты бұрмалауын қоймай келеді. Ұлттық мүддені қорғауда ұлттық рух зор рөл атқарады. 1920 жылы мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлұлы Түркістан Үкіметін басқарып тұрғанда Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезі мен Адай болысының Қазақ Республикасына берілуін қолдаған қарарға қол қойып, оған өзгелерді де көндіре білген. Яғни, Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің №№ 4,5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түркменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай ендігі кезде Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасына беру туралы №341 декретімен бекітіп, осылайша қазақ жұртының ресми территориялық картасына қабылдатқызған. Мұндай тарихи маңызы орасан зор құжаттың бастамасында 1920 жылдың 16 қазанында Түркістан Республикасы Кеңесі ОАК төрағасы Нәзір Төреқұлов тұрған еді. Осылайша, ел болашағын айқындаған құжатқа қол қойған Алаштың біртуар ұлының ерен еңбегінің арқасында, еліміздің үштен бір байлығын иеленіп отырған кең байтақ қасиетті Маңғыстау жері қазақтың бағына айналып отыр. Солтүстік облыстарды сақтап қалған Қазақстан Үкіметі басшысы Жұмабек Тәшеновтың да, Атырау-Маңғыстау өңірін Түркменстанның мұнайлы аймағына біріктірмек болғанда қарсы болып, алып қалған Атырау облысы басшысы Нұртас Оңдасыновтың да көзсіз ерлік жасауларының негізі олардың ұлтшылдығында жатыр еді... Ұлттық рухы бойын кернеген қазақ жастары 1986 жылы желтоқсанда Азаттық алаңына шығып, Кеңес империясының тасқамалының қирауына алғашқы қадамды жасады. Биыл құрылғанына 100 жыл толатын Қазақ автономиялық социалистік кеңес республикасы 1920-1925 жылдар аралығында Ресейдің құрамында болса да, автономиямыздың орталығы Орынборда болса да, барлық елді мекендерде кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуді енгізе білді. Тіпті орыстар көп шоғырланған солтүстік өңірлерде де кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуге арнайы қаулы қабылдаған. Дұрыс жолға қойылып келе жатқан бұл ұлттық һәм мемлекеттік мүддені қорғаудан туындаған қасиеті іс мемлекет басына қанішер Голощекин келіп толастап қалды. Сонда біз, әлемдегі 30 елдің қатарына ұмтылған Тәуелсіз Қазақстан 30 жылда осыдан 100 жыл бұрынғы Ресей құрамындағы, астанасы Орынбор болған Қазақ автономиялы республикасының ашаршылықта, атыс-шабыс, қиын-қыстауда өткізген алғашқы 5 жылында жеткен жетістігіне жете алмау нағыз масқара қорлық, құлақкесті құлдық сана емес пе? Тәуелсізбіз деп қалай аузымыз қисайып қалмай айта аламыз? Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің дамуы Ресейдің құрамындағы Татарстан Автономиясындағы татар тілінің дамуымен бірдей деңгейде деген нақты дәлелдемені оқығанда бойында намысы қалғандар намыстан өліп кете жаздап едік.. Бұдан бір ғасыр бұрын Қазақ автономиясында дамып келе жатқан қазақ тіліне өзі қазақша білмейтін жауыз Голощекин қарсы болған екен. Ал Тәуелсіз Қазақ Республикасында Мемлекеттік тілдің дамуына 30 жыл бойы кім қарсы болып келді! Әрине, қазақша білмейтін қазақтар басқарған құлсаналы билік! Бізде Ұлттық мүддемізге қарсы Голощекиндер әлі көп! Оларды алда атымен атай бастаймыз! Мемлекеттік тіл туралы заңымыз қабылдануына кімдер қарсы болғаны, қазір кімдер қарсы жұмыс істеп отырғандарын жақсы білеміз. Бізде нақты деректер мен мәліметтер жетеді. Алаш автономиясынан бастау алған Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республиканың құрылғанына 100 жыл толса да, содан бері толық шешілмей келе жатқан Мемлекеттік тіл мәселесіне де 100 жыл! Біріншісіне қуанасың! Екіншісіне қуарасың... Осы 100 жылдық аясында 100 жылдан бері айтылып келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауымыз керек. Осы 100 жылдық аясында 1991 жылы бұрмаланып кеткен "Қазақстан Республикасы" атауын тарихи өз аты - "Қазақ Республикасы" атауын қайтаруымыз керек. Бұл туралы Елбасымыздың өзі де 2013 жылы Атырау сапарында айтқан болатын. Мемлекет атауын "Қазақ Республикасы" деп атау туралы 2007 жылы "Ақ жол" партиясының Ұлттық тұжырымдамасында да жазылды. Парламентте Азат Перуашев та бұл мәселені көтерді. Мақалаларымызда да талайдан бері жазып та, айтып та келеміз. Қалай болғанда да, Қазақ АСКР құрылуының 100 жылдығы, яғни мемлекет шекарасының заңды құжатпен айқындалған күні - мемлекеттік мереке,  еліміз үшін ерекше тарихи дата, жалпы халық болып, Алашқа сауын айтып,  атап өтетін күн болуы керек. Қазыбек ИСА, "Қазақ үні"