Алдымызда жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу міндеті тұр
2022 ж. 29 шілде
1770
0
ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕР – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТӨЛ ЖЕМІСІ
Экономикалық өсім, әлеуметтік даму, саяси тұрақтылық. Мұның барлығы саналы, білімді ұлтпен байланысты. Ал озық ойлы ұрпақ тәрбиелеп, кемел келешекті қалыптастыру үшін ұлттық білім беру саласы қашанда жүйелі дамуды, мемлекет пен қоғамның қолдауын қажет етеді.
2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының қолдауымен құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» желісі еліміздің білім беру саласындағы айшықты жетістіктерінің бірі. Он жылдан бері отандық педагогикаға ұлттық және халықаралық деңгейде оқытудың озық үлгілерін енгізіп келе жатқан дербес білім беру ұйымы қазір әлемнің алпауыт елдерімен мойындалып отыр. Бұл сөзімізге дәлел ретінде халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жалынды жастардың мектеп қабырғасынан түлеп ұшып әлемнің үздік университеттерінде білім алуын айтуға болады. Ал 2013 жылдан бері мұнайлы өңірде талапты шәкірттерді тәрбиелеп келе жатқан Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі биыл жетінші мәрте алғаш рет 7 сыныпқа қадам басқан дарынды оқушыларды өз қанатына қабылдайды. Еліміздегі жиырма Назарбаев Зияткерлік мектептері секілді мұнайлы аймақтағы Елбасы мектебі академиялық білім беруде NIS-program жүйесін басшылыққа алады. NIS-program – қазақстандық және әлемдік үздік дәстүрлер мен озық білім жүйелерін қамтитын, халықаралық нарықта бәсекеге түсе алатын, белсенді азаматтық ұстанымы бар, жоғары білімді тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған инновациялық білім беру жүйесі. Бұл білім беру бағдарламасының мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сай пәндердің мазмұнын қамтиды, сонымен қатар GCE AS/A-level халықаралық бағдарламасының (Ұлыбритания) мазмұнымен сәйкес келеді. Тұңғыш президент атындағы мектептер желісінің құрамына кіретін Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқытудың 12 жылдық жүйесін іске асырады. Жоғары мектепте (11-12-сыныпта) білім берудің бұл үдерісі оқушыларды нақты ғылыми бағытта, яғни Қазақстандағы және шет елдегі жетекші университеттерге оқуға түсуге дайындауды басымдық санайды. Жоғары мектепте білім алатын оқушыларбірқатар пәндерден босатылып, есесіне болашақ мамандығына мектеп қабырғасынан ақ бейімделу үшін кей ғылымдарды ағылшын тілінде терең меңгереді. Бұл өз кезегінде зияткерлік мектептердегі оқушылардың SAT, IELTS, TOEFEL, APTISсынды маңызды халықаралық сынақ емтихандарын тапсырған соң білім алушының мектептен түлеп ұшқанда қалаған оқу орындарындағы білім грантының иесі атанып шығуына зор мүмкіндік беріп отыр. Облыстағы зияткерлік мектепте 12 жылдық білім беру жүйесін тәмамдап, халықаралық сертификаттарды иеленген түлектердің саны мыңға жуықтады. Қуантатыны сол, соңғы жылдары ел астанасындағы Назарбаев Университетіне түсушілердің де қатары артып келеді. Егер 2014 жылы атыраулық түлектердің арасында Назарбаев Университетіне қабылданғандардың саны 5-10 пайыздан аспаса, қазір бұл көрсеткіш 80-90 пайызға дейін жетіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей түлектер таңдаған мамандықтарына сәйкес Гонг-Конг, Корея, АҚШ, Канада секілді алпауыт мемлекеттердегі жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болуда. Сөзсіз, бұл мемлекеттің жас мамандарды дайындау бағытында жүзеге асырып жатқан мүмкіндіктері, Тәуелсіздік төл жемісі.
ТІЛДІҢ ҚОЛДАНЫС АЯСЫН КЕҢЕЙТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Жалпы, қай ортада болсын тіл білудің маңызы жоғары. Шет елге барсаңыз алдымен сол мемлекеттің жергілікті тілін жетік меңгерсеңіз, мәдениетімен таныс болсаңыз сол ортаға әлеуметтік бейімделу айтарлықтай жеңіл әрі жылдам жүзеге асатыны белгілі. Демек, болашақ мектеп түлектерінің тілдік құзыретін қалыптастыру және кедергісіз қатынас жасау үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінде үш тілділік саясаты нәтижелі көрініс табуда. Өйткені көп ұлтты елде өмір сүретін қазақстандық оқушы үш тілде еркін сөйлей білуі керек. Бұл барлық оқушылардың мектептегі оқыту жүйесінде тілдік құзыреттің кедергісіз дамуына және болашақта терең білім алуы үшін маңызды. Жасыратыны жоқ, қазір ағылшын тілін меңгерушілердің саны едәуір көп. Демек бұл тілді білудің өзі қазір аса жаңалықта емес. Көп тіл білу арқылы зияткерлік мектеп оқушысының ойлау кеңістігі, танымдық көкжиегі мен қарым-қатынас жасау дағдысы айтарлықтай жоғары болатыны анық. Сондықтан қазақстандық жастар кәріс, неміс, француз, қытай және испан тілдерінде жетік меңгеріп келеді. 2017 жылдан бастап Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде екінші шет тілі ретінде француз және кәріс тілін оқыту енгізілген. Екі жылға жуық уақытта әйгілі Виктор Гюго мен Теофиль Готьенің тілін едәуір меңгеріп шыққан елуге жуық жастар тілді қаншалықты меңгергендерін қалың көрерменге паш етті. 2019 жылдың наурызында зияткерлік мектептің бір топ оқушылары әйгілі «Notre dam de Paris»мюзиклін сахналады. Атыраулық оқушылардың тілді меңгере отырып өнердегі талабына тәнті болған француздықтар қойылымға жоғары баға берді. Өйткені мектеп басшылығының ұсынысымен аталған қойылымды тамашалаушылардың қатарында мұнайлы өңірде еңбек етіп жатқан француз ұлтының өкілдері арнайы шақырылған болатын. Қазақ балаларының мұндай бастамасы алыстағы Еуропаға дейін жетіп, француздықтардың мерейіүстем болды. Үштілділік саясатты айтқанда ең әуелі ана тілімізді бірінші орынға қоямыз. Облыстағы зияткерлік мектепте қазақ және орыс сыныптары үшін Қазақстан тарихы, құқықтану, география қазақ тілінде оқытылса, сәйкесінше тілдік айырмашылыққа қарамастан мектеп оқушылары әлем тарихы және информатика пәндерінорыс тілінде оқиды. Ал 11-12 сынып оқушылары экономика және жаһандық көзқарастар мен жобалық жұмыс пәнін ағылшын тілінде меңгереді. Сондай-ақ жаратылыстану-математикалық ғылымдар жоғары сыныпта ағылшын тілінде өткізілетінін атап өткен жөн. Мұндағы мақсат бейіндік пәндерді шет тілінде оқыту арқылы болашақ мектеп түлектеріжоғары оқу орынында шет тілінде кедергісіз білім алуы, тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылады.
ШӘКІРТТЕРДІҢ ШЫҒАР БИІГІ
Кез келген білім ордасы өзінің түлектерімен, қоғамның ілгері дамуына қосқан үлесімен мақтанатыны шындық.Елбасы атындағы оқу орны дарынды шәкірттердің инновациялық жобаларын мақтанышпен айта алады. Мектеп тарихында авторлық туындысына ресми патент алған 4 оқушы, 200-ге жуық түрлі пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен 60-тан астам ғылыми-зерттеу және шығармашылық конкурстарда топ жарған балалардың есімдері алтын әріппен жазылған. Атап айтсақ: Абай-Лоран Әлмұхамедтың «Дыбыс толқындары арқылы өртті сөндіру құрылғысы», Мадина Молюкованың «Жарық көздері арқылы баламалы энергия алу», Бибарыс Ғилаждың еріктілерге арналған «Шаңырақ» мобильді қосымшасымен Ермек Кеңесовтың «Пластик қалдықтарынан кірпіш шығару» еңбектері көптің көңілінен шыққан төл жобалары. Ал тәрбие ісіне келсек, мұнайлы шаһардағы зияткерлік мектеп өз тәрбиеленушілерін «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясындағы негізгі жеті құндылықты нұсқаулыққа ала отырып жүзеге асырады. Халқымыздың өн бойындағы салт-санасы, ұлттық құндылықтар жаһандық және мектеп дәстүрімен сабақтастық тапқан. Ұлы ойшыл Әл-Фарабише айтсақ «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың һас жауы». Білім және тәрбие егіз ұғым. Сондықтан әр баланың жүрегіне жол тауып, жекелей ізденісі мен қызығушылығын орындау мақсатында білім ордасында 20-дан астам қосымша білім беру үйірмелері жұмыс істейді. Оқушының шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған бұл үйірмелер негізгі академиялық сабақтармен бірге оқытылады. Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін өзге білім ордасынан ерекшелейтін тағы бір тұсы – алтын ұяның өзіндік төл жобалары. Атап айтсақ: оқушылардың әжелерінен құралған «Әжелер клубы», мектеп жанындағы жатақхана оқушыларының өз ауылдарын танытатын «Ауылдан базарлық», драма үйірмесінің «Көлеңкелер театры», кітапхана жанындағы «Қуыршақтар театры» мен «Жас сарбаздар» патриоттық клубы талай мәрте облыстық және республикалық деңгейдегі сайыстарда білім ордасының туын биік ұстап келеді. Білім ордасының директоры, тарих ғылымдарының магистрі Құралай Ахмадиева өз сұхбатында былай дейді: – Қазіргі білім беру саясаты түбегейлі өзгерді. Отандық педагогика мемлекет қойып отырған талаптардан бөлек, әлемдік деңгейдегі өзгерістерге тез бейімделуге, белгілі кедергілерді еңсеру арқылы жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік туғызып отыр. Демек, қазақстандық педагогтің алдында жаңа міндет тұр. Бұл міндетпен бірге бүтін бір ұлттың жас буынын дәуір талаптарынан кенде қылмай оқыту мен тоқыту жүгі бар. Сынақ пен шыдамдылық шайқасқа түскен мынадай кезеңде біздерге, яғни мұғалімдерге қоғамның қолдауынан басқа керегі жоқ. Иә, әлемді әбігерге салған пандемия елдегі білім беру саласын сынағалы тұр. Бұл емтиханнан сүрінбей өтіп, жас ұрпақтың бойында білім мен тәрбиені, сана мен сапаны қалыптастыру уақыт еншісінде.
Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,
Қазақ үні