Бижомарт Қапалбек: Әліпбидің әлегі - ғалымдардың кінәсі
2020 ж. 21 тамыз
3198
2
V- X ғғ . қолданылған көне түркі жазуы бәрімізге ортақ болды. Бұл тарихи-мәдени ескерткіш бүгінге Орхон өзені бойындағы үлкен тастарда қашалған жазу күйінде жетті. Содан кейін қазақ қоғамына араб жазуы таралды. Араб жазуы «қадим», «жәдид» деп екіге бөлінеді. Зерттеушілердің көрсетуі бойынша, қадим жазу үлгісіне ХІ-XIXғ.ғ. аралығындағы тарихи негізі бар жылнамаларды, құжаттарды және түркі халқына ортақ еңбектерді, ал жәдид жазуына «Түркістан уалаяты» «Дала уалаяты» тәрізді алғашқы қазақ газеттерінде қолданылған жазу үлгілерін жатқызады. Жиырмасыншы ғасыр басында Ақаңның төте жазуымен нағыз төл жазуымызды таптық. 1929 жылы латын таңбасы кірді. 1940 жылы қазіргі кирилге ауыстық. Он бес ғасыр шамасында жазуымызға төрт түрлі таңба қолданыппыз (орхон, араб, латын, кирилл). Енді міне тәуелсіз ел болдық. Барлық түркі жұрты боп өзіміздің көне түркі руна жазуына қайта көшсек болар еді... Оған Туркия өткен ғасыр басында латынға ауып кетті. Бізге енді кириллді әрі қарай қолдана беріп, орыстың шылауында қала беруге болмас, рухани жаңғыруымыз керек. Уақыт болса өтіп барады. Содан апыл-ғұпыл латынға көшеміз дегелі қоғамға аз ғана уақыт ішінде (5 ай) үш әліпби ұсынылды:
2017 жылы 11 қыркүйек күні Парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің алғашқы варианттары таныстырылды. ( диграф).
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен бекітілді (апостоф).
III. 2018 жылдың 19 ақпанында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына өзгеріс енгізді (акут).
Бұлардың ешқайсысында ғылым жоқ, үшеуі де тез саяси шешім қабылдау үшін жасалды. «Мынаны бекітіп жіберіңіз, Ататүрік сияқты реформатор боп тарихта қаласыз деген болуы керек, пысақайлар Елбасын алдап, шикі әліпбиді бір емес екі рет бекіттірді. Бұл әліпбилерді ғылыми ұжым жасаған жоқ, бірақ кейбір табансыз жеке ғалымдар қолдап (кейін бұл ғалымдардың аты-жөндерін тарих түгендеп шығар), еш негізі жоқ теріс әліпбилерді осыншама уақыт кетіріп, ресурс шығарып, бүгінгі күнге шейін жетектеп келді. Егер осының жөнін біледі деген ғалымдар бірауызды болып, әліпби шыққан бойда бұл жарамайды деп тоқтатса, мұнша бос салпаң болмас еді.
Әліпби енген соң ұрыста тұрыс жоқ латынға көшу бойынша үкіметтің қасынан ұлттық комиссия жасақталды, жұмыс жоспары бекітілді, қаржы бөлінді.Үкімет басшысы басқаратын ұлттық комиссияның , астынан 4 жұмыс тобы құрылыды:
- Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық коммисия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы ( Мәдениет және спорт министрлігі)
- Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық коммисия жанындағы Әдістемелік жұмыс тобы (Білім және Ғылым министрлігі)
- Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық коммисия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобы (Білім және Ғылым министрлігі)
- Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобы (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі)
Латынға жауапты мекемелер мынадай жұмыстарды қатар һәм жедел бастап кетті.
- насихаттау жұмыстары
2 әліпбиді жетілдіру жұмыстары
- емле ережелерін жасау
- латын қарпін үйрету
- көше атауларын жазу
- маңдайшаларды жазу
- латын қарпімен газет шығару және т.б.
Алдыңғы үшеуі Латын қарпін әзірлеуге, ал соңғылары оны қоғамға
енгізуге қатысты жұмыстарға жатады. Логика бойынша, алдымен әзірлейді, содан кейін барып оны қолданысқа енгізеді. Ал бізде бәрі қатар жүріп кетті.
Бүгін міне, А.С. Пушкиннің «Алтын балық» ертегісіндей бәрі қайта таз қалпына келіп, әліпбиді жөндеуге қайта оралып отырмыз. Уақыт пен ресурс босқа шашылды. Жарайды, әліпбиге ғалымдарды жолатпады. Науқаншыл билік өздері шешті делік . Алайда емле ережелерін ғалымдар өздері жасады ғой. Сол ғалымдар бірауыздан бұндай әліпбимен орфографиялық ереже жасау мүмкін емес десе, ешкім оларды бұрынғыдай құртып жібермейтін еді ғой. Әліпбиге қатысты жұмыстар сол кезде-ақ тоқтап, көшті қайта түзеуге сол кезде-ақ кірісетін едік ғой.
Бұрыннан қайта-қайта орфографиялық сөздік шығарып, осының басы-қасында жүрген «білімдар» ғалымдар жоғарыда айтылған орфотопқа кіріп алып, белсене кірісіп жатқан соң, біз еңқұрмаса осы жұмыстың тиянақты болатындығына сендік. Бірақ, әліпби қотыр-қотыр болған соң емле де қыйсық- қисық болатындығы белгілі ғой. Жын қуғандай асығыс жасалған Емле ережелері Үкімет отырысында мақұлданып, 2019 жылы 18 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланды. Қарадық та, қапа болдық. Әр бабында бір қате. Емле ережелерінің мәтінінде жазуда қандай принцип ұстанатынымыз бұрыс көрсетілген. Кірме сөздерге қатысты фонетикалық, ал күрделі сөздер үшін морфологиялық принцип қолданылады деген шектеу қойылған. Бұл екеуі осы екі жағдайды ғана емес, бүкіл тіл жүйесін реттеп тұр. Орфотоптағы көсемдер мұны ескермеген. Тіпті Қазақ филологиясының негізін салған ірі реформатор Ақымет Байтұрсынұлының Қазақ Емлесінің 70-80 % - дайы дыбыс жүйелі дегенін де қыстырмай, тыңнан сүрен салған. Емлемізге қазіргі әліпбиіміздегі орыс тілінің әріптері туралы ереже беріліпті. Егер логикаға салар болсақ, әліпбиде жоқ әріпке ереже арналмауы керек. Ереже негізінен тіліміздегі бар дыбыстың жазылуының типтік сипатын, ішінара болып жатса, ерекшеліктерін көрсетіп беруі тиіс. Кезінде тіліміздің дыбыстық заңына томпақ келгеніне қарамастан зорлықпен алынып, төл дауыстылардың қатарына орналастырылған бұл жат дыбыстар ескі әліпбимен бірге кетті. Енді оны түсіндірудің қажеті жоқ еді. Емле түзушілер әлі кеңес дәуіріндегі суроөзектіліктен шыға алмай құлдық санада жүргендерін осы ережелерді түзу барысында анық байқатты.
Дауыссыз И мен У-дың алдындағы қысаң дауысты дыбыстар (і, ы, ү, ұ) әлгі ережеде түсіріліп жазылған. Бұл орфотоптағы бірді-екілі маманның шешетін шаруасы емес. Менбілемдер үнемдейміз деп мәселенің тек экономикалық жағын ғана басты өлшеушек ретінде ұстануға болмайтынын ескермеген. Бұндай қадамның сөздің морфем құрамын, буын жігін анықтауда, сөз тасымалдауда, ең бастысы, үндесім заңының бұзылуына, әсіресе кірме сөздердің қазақ тілінің дыбыстық заңына икемделуіне тигізер кері әсерін парықтап барып, көп болып, әбден ойланып шешуіміз керек екендігін сезінбей, тілдің заңын белден басқан. Сондай-ақ емледегі кірме сөздердің жазылуы және біріккен сөздердің жазылуы туралы да ойланып ақылдасып шешетін мәселе көп. Қысқасы, емле мәтіндерін қайта қарау керек. Дәл осы күйінде бекітіліп кетсе, оны жасаушылар абырой таппайды. Әсіресе, тілге тигізер кесірі орасан болары сөзсіз.
Сонымен әліпбиіміз анау болды, ережеміз мынау болды енді не істемек керек деп жүргенде Қ. Тоқаевтың жазбасы жариялана қалды. Бұл жолы Президент «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», ̶ деді. Сөйтіп ғалымдарға кеңесіп пішуге жағдай туды. Енді ғалымдар жұмылып жұдырық болуы тиіс қой. Бірақ осыған жауапты мекемелердің істеп жатқан жұмыстарын көріп, қарының ашады. Бұрынғысы аздай тағы да дөй далаға лағып барады.
Емле жөніндегі дұрыс жол Ақаңдікі ғой. Ақаңнан асып қайда бармақпыз. Соны Темірқазық етіп ұстасақ адаспаймыз. Біздің жазуымыз дыбыс жүйелі жазу болғандықтан балаларға қара танытуымыз да бүгінде өзге жұрттыкінен бөлек болуы керек. Ағылшын, қытай, тіпті орыстың өзінде де шарттылық көп, емлесінде, дыбыс жүйесінде. Ал біздің тіліміз күні кешеге шейін жазуға байланбай, еркін дамып, дыбыстық жүйесі әбден жетілген. Өз ішінде бірнеше темірдей қатаң заңдары бар. Әліпби, емле жөнінен қазір бізге өзге түркілер де үлгі емес. Латынға ерте өткенімен олардың тілі жазуға ерте байланып, тілінің ішіне өзге жат элементтер еніп, дыбыс жүйесі айтарлықтай бұзылған. Сондықтан тәжірибе көреміз деп босқа ақша шашып, ол елдерге топ-топ болып, шаба берудің түк те қажеті жоқ еді. Бірден Ақаң салған арнаға түскенде баяғыда қыр асып келер ек қой.
Кезінде саясаттың қысымымен зорлап алынған қазіргі кирилл әліпбиінде 42 әріп бар. Ал біздің тіл жүйемізде небәрі 28 дыбыс. Мына есепке қараңыз: 42 – 28 = 14. Яғни 14 дыбыс қазақ тілінің жүйесінде жоқ, артық. Жаңа ұсынылып жатқан әліпбиде орфотоп мүшелері дауысқа салып жіберіп, осылардың біресе анаусын, біресе мынаусын тұқымдыққа алып қалып жатыр. Бұлар тілдің иммунитетін құртатын вирустар. Бөтен таңбаны төл әліпбиімізге кіргізбеу керек есі бар адам. Өкінішке орай, бұрын бүлдіргендер жөн білетіндерге әлі жол бермей тұр. Саясатқа жағынып, «Бұл дыбыстар біздің тіл жүйемізде бар»-, деп жалған дәлелдер келтіргенсіп жүрген түлкібұлаң ғалымдарға дауа жоқ екен.
Басқа қоғамдық ғылымдар ( тарих, әдебиет) баяғыда күресінге тастаған Кеңес кезіндегі қаулы қарарларды ту ғып ұстап, бұқараны адастырып, латынға қатысты жұмыстарды тежеп, тіл жүйесіне жаулық істеп отырған орфотопты тарату керек. Қазақ тілінің көзі тек сол кезде ғана ашылады.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
Қазақ үні